Әкімдер сайлауы жершілдік пен рушылдықты күшейтетіні рас па?

2182

Әкімдер сайлауы жершілдік пен рушылдықты күшейтетіні, этникалық анклавтар тек өз ұлтының өкілдерін ғана сайлап алатыны туралы көптеген болжамдар айтылды. Олар шындыққа айналды ма? 

Әкімдер сайлауы жершілдік пен рушылдықты күшейтетіні рас па? Фото: Серікжан Қобыланбаев

Ұлттық экономика министрлігі "Сайлау туралы" конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа конституциялық заңының жобасын әзірледі. Президент Қ. Тоқаев биылғы жолдауында "2024 жылы азаматтар пилоттық режимде аудан әкімдерін сайлау мүмкіндігіне ие болады" деп уәде еткен болатын.

Жаңа конституциялық заң жобасы аудандар мен облыстық маңызы бар қала әкімдерінің тікелей сайлауын енгізуді қарастырады және қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.

Айта кету керек, заң жобасының тұжырымдамасында оны әзірлеуге тартылған сарапшылар бұл қадамның теріс салдары болуы мүмкін екенін ескертеді. Олардың сөзінше, "әкімдер ұлттық және отбасылық тиесілігіне қарай сайлануы мүмкін".

Егер тиісті бақылау болмаса, бәрін бассыз, бетімен жіберсе, солай болуы мүмкін. Мұны Еуропа, Азия, тіпті посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттердің тәжірибесі дәлелдеп отыр.

Бірақ Қазақстан билігі әзірге бұл бағыттағы проблемаларды еңсере алатынын паш етуде. Мысалы, Мемлекет басшысының саяси реформалары аясында биылғы 25 шілдеде аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдардың, кенттердің, сондай-ақ ауылдық округтердің әкімдерін – жалпы саны 730 әкімді тікелей сайлау ұйымдастырылды. Одан кейін әртүрлі себептермен босап қалған әкімдердің орындарына сайлау өтті. Яғни қазіргі кезде елімізде 800-ге жуық ауылдың сайланған әкімі бар.

Сайланған әкімдердің ұлттық құрамы қандай?

Қорытындысында, тіпті өзге ұлт өкілдері шоғырлана орналасқан облыстардың өзінде негізінен қазақтар жеңіске жеткен. Мысалы, облыстық сайлау комиссиясының дерегінше, Шығыс Қазақстан облысының Баршатас ауылдық округінің әкімі болып – Кенжебай Төлегенов, Қосағаш ауылдық округінде – Нұржан Сегізбаев, Ақсу ауылдық округінде – Қуаныш Оралұлы, Аққала ауылдық округінде – Нұрлан Назарханов, Көкжыра ауылдық округінде – Мақсат Сүйесінов, Қасым Қайсенов кентінің әкімі болып Рамазанов Адылбек сайланды.

14 қарашада өткен сайлауда Глубокое кентінің әкімі болып Асанов Руслан, Секисовка ауылдық округінде – Қуаныш Рақышев, 28 қарашадағы сайлау нәтижесінде Малеевск ауылдық округінің әкімі болып Владимир Молотков, Первомайский кентінде –Жанат Тастенова сайланды.

26 қыркүйекте Ұйғыр ауданының Үлкен Ақсу ауылдық округінде әкімдер сайлауы өтті. Онда арнайы органдарда жұмыс істеген ҰҚК зейнеткері Шамиль Тохтыбакиев, Долайты орта мектебі директорының орынбасары (завуч) Ришат Джамиев және уақытша жұмыссыз Әділжан Құрбаниязов додаға түсті. Нәтижесінде, Ұйғыр аудандық сайлау комиссиясының мәліметінше, 2 438 сайлаушының дауысын алған Әділжан Қадыржанұлы Үлкен Ақсу ауылдық округінің жаңа әкімі болып сайланды. Ол бұл лауазымда болған Ромэн Суджековты ауыстырды.

Биыл Батыс Қазақстан облысында 31 округте әкімдер сайлауы өтті. Ұлты бойынша қазақтар – 30, біреуі – украин.

Павлодар облысының орталығы Павлодар қаласының Кенжекөл ауылдық округі әкімінің сайлауында Жұлдыз Тәйкебаева жеңді. Екібастұзда Ақкөл ауылдық округіндегі әкімдер додасында Ерлан Қабылтаев, Байет ауылдық округінде – Амантай Докторхан, Теміржол ауылдық округінде – Ерлан Қасеналин, Сарықамыс ауылдық округінде – Марат Сейсембаев, Шиқылдақ ауылында – Гүлнәр Еңсебаева жеңісті қанжығалады.

Қостанай облысының Рудный қаласындағы Горняцк сайлау округінде – Зейнелғабиден Әбілов, ал Лисаков қаласының Октябрь кентінде Ерлан Бектанов алдына қара салмады.

Солтүстік Қазақстан облысында да тұрғылықты ұлт өкілдерінің қарасы басым, мерейі үстем шықты. Мысалы, Айыртау ауданындағы Елецкий ауылдық округінің әкімі болып Жандос Ғабдуллин, Имантау ауылдық округінде – Бақытжан Жантілеуов, Казанка ауылдық округінде – Алексей Городецкий, Қамсақты ауылдық округінде – Жақсылық Беркімбай, Қаратал ауылдық округінде – Ардақ Шаймерденов сайланды. Ақжар ауданында үш ауылдық округте де – қазақтар, Тимирязев ауданында 7 жаңа әкімнің бесеуі – қазақ, екеуі – орыс, Тайынша ауданында 5-еуі де – қазақтар. Аққайың ауданы қайран қалдырды. Онда 8 ауылдық округтегі сайлаудың бәрінде әйел кандидаттар жеңіс тұғырына көтерілді. Олардың үшеуі – орыс ұлтынан, қалғаны – қазақтар.

Қалай болғанда, әкімдердің тікелей сайлауы елдегі этносаралық келісімге сына қағуы ықтимал деген қорқыныш әзірге шындыққа айналмады. Оның үстіне биліктің қолында тұрақтылықтың шайқалуына жол бермеу үшін қажетті тетіктің бәрі бар.

Сонымен бірге әкімнің біліктілігі, парадан аулақ болып, парасаттылық танытуы, халықтың қамын ойлауы оның ұлтына қатысты емес екенін де қаперден шығармаған жөн.

Үміткер ауданды аралап, қол жинайды

Дегенмен Ұлттық экономика министрлігінің түсіндіруінше, сайланған ауыл әкімдеріне тұрғындар бәрібір күмәнмен қарайды екен. Өйткені олар жоғары тұрған аудан немесе қала әкіміне бағынады. Ал олар сайланбайды. Оларды облыс әкімі тағайындайды. Сондықтан аудан, қала әкімдері бірінші кезекте тұрғындарға емес, облыс әкіміне жағуға тырысады.

Бұларды да сайлайтын кез жетті. Сонымен аудан, қала әкімін сайлауды енгізудің мерзімдері қандай?

Экономика ведомствосының түсіндіруінше, әзірленіп отырған конституциялық заң қабылданғаннан кейін 1 жыл ішінде аудандар мен облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау пилоттық режимде басталады. Яғни алдымен ол бірнеше пилоттық ауданда сынақтан өтеді.

2-ші және 3-ші жылы құзырлы органдар, ел басшылығы "пилоттық режимде жүргізілген тікелей сайлаудың қорытындысына талдау жүргізеді". Яғни осы екі жыл ішінде сайланған аудан, қала әкімдерінің не істейтіні, нендей нәтижеге жететіні, жергілікті тұрғындар сеніп тапсырған аудан, қаланы қандай жағдайға жеткізетіні мұқият бағамдалады, тексеріледі.

4-ші жылы талдау нәтижесінде, егер бәрі жақсы, оң болса, ел заңнамасына барлық аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларда тікелей сайлауды жаппай енгізу бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі деп жоспарлануда.

Осылайша, заң қабылданғаннан кейінгі 5-ші жылы барлық аудан, қала әкімдерінің тікелей сайлауы өткізіле бастайды.

Бұл ретте әзірге үш мегаполис пен облыс орталықтары саналатын ірі қалалардың әкімдерін сайлау туралы сөз болып отырған жоқ.

"Елдегі партияларға аудандар мен қалалар әкімдеріне кандидатуралар ұсыну құқығы берілмек. Сонымен қатар өзін-өзі ұсынуға мүмкіндік беріледі. Халық ұсынған аудан, қала әкімдігіне кандидат жергілікті сайлаушылардың қолдарын жинауға тиіс болады. Осындай тәртіп Президенттікке, Парламент депутаттығына және ауыл әкіміне кандидаттарға қатысты белгіленген", – деп мәлім етті Ұлттық экономика министрлігі.

Қазіргі уақытта аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері "саяси қызметші" мәртебесіне ие. Тиісінше, еңбекақысы "әкімшілік қызметшілерге" қарағанда жоғары.

Оларды Президент Әкімшілігі басшысының және аудан, қала мәслихатының келісімі бойынша облыс әкімі тағайындайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу