Билік бланкіні қайтармағаны үшін бизнеске 3,5 млн теңге айыппұл салмақ

1447

Бюджетті толтыру үшін жанталасқан шенеуніктердің бұл "тәбеті" отандық жүк тасымалдаушыларды шошынтып отыр.  

Билік бланкіні қайтармағаны үшін бизнеске 3,5 млн теңге айыппұл салмақ Фото: INFOTRANS

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын Парламентке енгізуге әзірленіп жатыр.

Онда жаңа нормалар көп. Соның ішінде әсіресе, Әкімшілік кодекстің "Қазақстанда автомобиль тасымалдарының рұқсат беру жүйесін халықаралық қатынаста қолдану қағидаларын бұзу" деп аталатын 573-бабына түзетуі тіксінтеді.

Егер жаңа Мәжіліс бұл заң жобасын мақұлдай салса, онда отандық тасымалдаушы:

  • Шекараны кесіп өтуге мүмкіндік беретін шетелдік рұқсаттарды пайдаланбағанына қарамастан, кері қайтармаса,
  • шетелдік рұқсаттарды жоғалтып алса,
  • сол сияқты қайтару мерзімін бұзса,
  • рұқсат қағазды бүлдіріп, түзетулермен қайтарса,

оған 1000 АЕК айыппұл салу қарастырылған. 2023 жылы бұл сома 3 450 000 теңгеге тең. Айлық есептік көрсеткіш жылда, тіпті жылына екі рет өсіп отыратындықтан, айып көлемі де тоқтаусыз өсе бермек.

Индустрия министрі Марат Қарабаевтың командасы жаңа норманың реттеушілік әсерін талдауда бұл қадамға бизнестің өзінің сұрауымен барып отырғанын алға тартты. Ведомство Отандық кәсіпкерлер кеңесінің 2022 жылғы 11 шілдедегі отырысының хаттамасына, "ҚазАТО" халықаралық автомобиль тасымалдаушылар одағының 2023 жылғы сәуір мен мамырдағы өтініштеріне, сондай-ақ бизнес омбудсмен Рустам Жүрсіновтің Үкімет аппаратына хатына сүйенген көрінеді. 

Министрлікке сенсек, соңғысы, яғни Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Әкімшілік кодекске өзгеріс енгізіп, егер отандық тасымалдаушылар шетелдік рұқсаттарды қайтармаса, жоғалтып алса, немесе қолданыс мерзімі өтіп кеткен соң оралтса, оларды әкімшілік жазалауды сұрапты.

Жалпы, тасымалдаушылар жаргонында "дозвол" деп аталатын шетелдік рұқсат өте бір қат дүние. Мұны шетелден жүк таситын немесе көрші елдерге автобуспен адам тасымалдайтын кәсіпкерлер жақсы біледі. Құжат үнемі тез таусылып қала береді. Оның үстіне жоғарыда тірегі, "крышасы", танысы, туысы барлар өзгелерге қат болған дозволды қаптатып алып, артынан өзі іске жаратпайды.

Сондықтан 2015 жылғы 27 наурыздағы Инвестициялар және даму министрінің №353 бұйрығымен отандық тасымалдаушыларға міндеттеме жүктелді: егер "шетелге жолаушылар мен багажды тұрақты емес тасымалдауға және жүктерді тасымалдауға арналған шетелдік рұқсаттарды" пайдаланбаса, онда оны алған сәттен бастап күнтізбелік 100 күннен кешіктірмей, алған орны бойынша аумақтық органға қайтаруға тиіс.

Дегенмен, бұл бланкіден бір айрылса, қайта ала алмауы мүмкін екенін түсінетін бизнесмендер "алда керек болып қалар" деген оймен оны сейфте мерзімінің соңына дейін сақтап қояды. Не "жоғалтып алдым" дей салады. Ниеті таза еместері оны сатып, табыс табады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитетінің бас сарапшысы Күнайым Камиеваның мәліметінше, бұл талап тек бизнес өкілдерінің бастамасы бойынша енгізілгелі тұр. Нәтижесінде, рұқсат бланкілерін үшінші тұлғаларға табыстауды, яғни делдалдықты болдырмайды. Халықаралық тасымалдар саласындағы көлеңкелі нарыққа тосқауыл қояды. Шетелдік рұқсаттардың жасанды тапшылығының алдын алуға да бағытталған.

"Шетелдік рұқсат бланкілерін қайтару мерзімі – күнтізбелік 100 күн. Яғни, асықпай қайтарса да уақыты жеткілікті. Әйтпесе, сапарлауға немесе жүктерді тасымалдауға қажеттілігі болмаса да, бланкілерді алыпсатарлық мақсатта немесе әйтеуір болсын деген ниетпен ала салушылық белең алған. Мұның жолын кесу үшін осы шара енгізілмек. Өйткені бұл құбылыс рұқсатқа мұқтаж тасымалдаушыларға зиян келтіреді, олардың нақты қажеттіліктері қанағаттандырылмайды. Сонымен бірге енді бланкілерді бұрынғыдай өзі келіп тапсырудың да қажеті жоқ. Отандық тасымалдаушыларды шетелдік рұқсат бланкілерімен жедел қамтамасыз ету үшін 2022 жылғы 21 сәуірден бастап пайдаланылмаған бланкілерді электрондық түрде қайтару енгізілді", – деп түсіндірді комитеттің бас сарапшысы.

Электронды қайтару шарасы рұқсаттарды қайтару процесін жеңілдетуге мүмкіндік беріпті. Былтырдан бері Ресей және Беларусь сияқты одақтастардың батыстық санкцияларға ұшырауы, Мәскеудің көршісіне кең ауқымды шапқыншылық жасауы, Қытайдың "зеро ковид" саясатынан бас тартуы сияқты геосаяси жағдайлар да Үкіметтен осыны талап еткен екен. Себебі, бұлардың бәрі сайып келгенде Қазақстан арқылы өтетін тасымал көлемін күрт арттырды. Тиісінше, әсіресе, шың еліне қарай шекараны кесіп өтуге жол ашатын рұқсат бланкілеріне сұраныс артып барады. 

Негізі, шетелдік рұқсаттың құны – 1 АЕК немесе биыл 3 450 теңге тұрады. Осы қаражатты бюджетке төлеу керек.

Бірақ дозвол көлеңкелі нарықта сатылады. Мысалы, әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде белгісіз тұлғалардың дозволды сататыны туралы хабарландырулар жетерлік:

"Дозвол – Литва, Өзбекстан, Ресей, Грузия, Қырғызстан, Түркия, Әзірбайжан, Украина, +7 777 77727..., Дмитрий";

"Рұқсат қолда бар, Грузия, Түркия, Литва, Беларусь, 8 702 29735...";

"Ресейге, Литваға, Әзірбайжанға және т.б. рұқсаттар сатылымда бар, 8 778 678 42..., Салимге хабарласыңыз";

"1. Келісімшарт. 2. Жол парағы. 3. Халықаралық тасымалдарға рұқсат беру карточкалары. 4. CMR. 5. ADR. 6. Тахографқа сертификат. 7. Пломбаға арналған кедендік сертификат. 8. Жүргізушінің чипті картасы. Қала мен ел бойынша жеткіземіз..."

"Қолда бар рұқсат! Өзбекстан 8 777 888 23... Алмас".

Соңғысы бүкіл ел бойынша 69 компания ашып алып, солар арқылы рұқсат бланкілерін алып келеді.

Бірақ бұл нормаға пікірін білдірген тасымалдаушылардың басым көпшілігі дозвол бланкін қайтармау, жоғалтып алу не кешіктіріп өткізу үшін 3,5 миллион (болашақта АЕК өсуіне қарай 4–5 миллион) теңге айыппұл салуды тым артық кеткендік санайды.

"Қазақстанның Ірі көлемді және ауыр салмақты жүктерді тасымалдаушылардың ұлттық қауымдастығы бұл шараны енгізуге қарсы. Ұсынылып отырған түзетулер қабылданса, ол адал жүк тасымалдаушылардың қызметіне де нұқсан келтіреді. Теріс салдарларға соқтырады және қоғамда, бизнес арасында әлеуметтік кернеу туғызады. Заң бұзушылармен күрес адал тасымалдаушылардың иығына ауыртпалық түсірмеуі керек. Индустрия министрлігі жанындағы Халықаралық қатынастарда автомобилмен жүк тасымалдаудың рұқсат беру жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы бұл мәселені қараған. Қорытындысында құпталған нормада шетелдік рұқсаттарды қайтармаған, жоғалтқан, кешіктірген, бүлдірген отандық тасымалдаушылар үшін төмендетуші коэффициент қарастырылды. Яғни, кезекті бланкті алу үшін жүгінгенде, оларға рұқсат әлдеқайда аз беріледі", – деді қауымдастық басшысы, Қоғамдық кеңес мүшесі Марат Назаров.

Ол Мемлекет басшысының өзі Үкіметке Қазақстанның көлік және транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған ісшаралар кешенін қабылдау міндетін қойғанын еске салды.

Қазақстандық тасымалдаушылар онсыз да бәсекеде ресейлік алпауыт компанияларға жол беруде. Егер ары қарай ауыр айыппұлмен олардың еңсесін езіп тастаса, онда ішкі нарықты ресейлік, беларустік тасымалдаушылар ен жайлайтын болады.

Сонда Қазақстанды сенімді транзиттік хаб ретінде дамыту туралы президенттік тапсырма да жайына қалмақ. Қауымдастықтың байламынша, министрлік ұсынып отырған заң жобасы отандық жүк тасушылардың жағдайын нашарлатуға бағытталған.

Кәсіпкерлер жанайқайын түрлі алаңдар арқылы жеткізіп қалуға тырысуда. Бірақ Үкіметтің жылдық есебінен бастап, түсініксіз халықаралық шарттарына дейін тып-тыныш құптай салып жатқан жаңа Парламенттің бұл дабылға керең болмасына еш кепілдік жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу