Билік карантинге қуып тыққан қарияларды оқшауланудан шығаруға тырысуда

1848

Қарттар бос уақытта қайда барарын білмейді. Әкімдіктер оларға дойбы, шахмат ойнап, суға жүзуді, спортпен айналысуды ұсынады. Сондай-ақ ақсақалдар мен әжелерге арналған университет ашылыпты.

Билік карантинге қуып тыққан қарияларды оқшауланудан шығаруға тырысуда

Қазақстанда COVID-19 жұқтырудың алғашқы дерегін тіркелгеннен кейін үш күн өткенде, 2020 жылғы 16 наурызда республиканың барлық өңірлерінде төтенше жағдай енгізілгені мәлім. ТЖ сол жылғы 11 мамырда жойылды. Алайда пандемия әрі қарай өршіді. Сондықтан мемлекет бас санитарлық дәрігердің қаулыларымен жасы 65-тен асқан қазақстандықтарға үйден шықпауды бұйырды. Көшеде жүрген жерінен ұсталса, айыппұл салынған кезең де болған.

Содан қарт адамдардың басым көпшілігі төрт қабырғада қамалды, сыртқа шығудан үрейленетін болды. Экономикалық, әлеуметтік, еңбек белсенділігі шектелді.

Пандемия барысында өз шешімдерін қайта-қайта өзгертіп, мың құбылған Үкіметтің егде жастағы адамдарға қатысты әрекеттері де түсініксіз, біртүрлі болды. Мысалы, 65 жастан асқандарға вакцина салғызудан бас тартты, себебі ресейлік вакцина оған жарамады, сонымен бірге Батыс елдеріндегі соған жарайтын вакциналарды алғызбады. Салдарынан, коронавирустан қаза тапқан 13 660 қазақстандықтың үлкен бөлігін егде жастан асқан адамдар құраған деседі.

Қазіргі кезде барлық өңірлердің "жасыл аймаққа" ауысып, індеттің саябырсуына байланысты карантиндік шектеулер тегіс дерлік алып тасталды. Сонымен бірге індет жолындағы алынбас қамалдай көрінген баспаналарына тығылуды жалғастырған қарияларды әсіресе, қалаларда сыртқа шығару мұң болуда екен.

"COVID-19 пандемиясынан туындаған жағдай және Қазақстанда азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында енгізілген төтенше жағдайдың айрықша режимі қарт адамдардың өмірін қиындатты, осалдығын арттырды. Дегенмен қолға алынып жатқан шаралар аға ұрпақ үшін достық пейілдегі орта түзуге, олардың белсенді қоғамға кірігуін қамтамасыз етуге, тұтастай алғанда өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді деген ойдамыз", – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауабында.

"Кез келген озық мемлекеттің әлеуметтік саясатының бір басымдығы – егде жастағы адамдардың өмір сапасын арттыру. Осы мақсатқа жету үшін Еңбек министрлігі аға буын азаматтарының жағдайын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі "Белсенді ұзақ өмір" іс-шаралар жоспарын бекітті. Қазір дамыған елдердің өзі ортақ түсінікке келуде. Тіпті ең қолайлы, жайлы болса да, қарияларды кез келген оқшаулау, соның ішінде қарттар үйінде ұстау – олардың адам ретіндегі құқығы мен бостандығын шектейді, даму мүмкіндіктерін жоққа теңестіреді. Сондықтан отбасыдағы өмірге ештеңе жетпейді", – дейді осы мәселемен айналысып жүрген Expert қоғамдық ұйымының директоры Мирхат Серікбаев.

Мансап сатысымен өсуді таңдаған, жеке өмірін қалаған жастар шау тартқан, әсіресе, дерті меңдеген қарт ата-аналарын баққысы келмейді. Мемлекеттік "қарттар үйлері" сыртында, қариялардың өмір сүруіне арналған жекеменшік пансионаттар бар. Бірақ қанша жерден заманауи болғанымен, бұлар да оқшаулау орнына жатады.

Сондықтан үкіметтік емес ұйымдар физиологиялық және психикалық денсаулығы бұзылған қариясы бар отбасыларды әлеуметтік сүйемелдейтін орталықтар ашуға күш салуда. Пилоттық жоба Нұр-Сұлтан қаласында жүзеге асырылады және әрі қарай үлгісі өзге өңірлерге таратылады деп жоспарланыпты. Әрине, мәселе қаржыға тірелуде. "Samruk Kazyna Trust" қоры жобаны қолдауға қызығушылық білдіріпті деген ақпарат айтылды.

Егер ашылса, бұл орталықтардың қарттар үйлерінен айырмашылығы – олар қарияларды отбасылардан алып кетпейді, оқшауламайды, оның орнына сол отбасыларға науқас қарияны лайықты күтімге бөлеуіне жәрдемдеседі. 

Өзге де жобалар пысықталуда екен. Медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты гериатр-дәрігер Айнұр Ешманова пандемия тұсында Геронтология ғылыми орталығы құрылғанын айтады. Бірақ ол тек Алматы және Алматы облысы аумағында әлеуметтік объектілерге және медициналық мекемелерге коронавируспен күрес саласында көмектесумен айналысыпты.

"Біздің мамандарымыз сондай-ақ зейнеткерлердің күндізгі күтімі орталығына арналған бағдарлама әзірледі. Алматы әкімдігінің Әлеуметтік әл-ауқат басқармасымен бірге "Белсенді ұзақ өмір" жол картасын жүзеге асыру аясында мегаполисте алғашқы Белсенді ұзақ өмір орталығын құрды. Сондай-ақ Францияның Сант-Тома Виленёф геронтологиялық орталығының, АҚШ-тың Шығыс Мичиган университетінің Әлеуметтік жұмыс институтының, ДДСҰ-ның мамандарын тартып, жергілікті әлеуметтік және медициналық қызметкерлерді оқыту жобаларына қатысты. Былтырдан бері Қазақстанда республикалық арнайы жоба қолға алынды. Егде тартқан адамдарға үйінде ұзақ мерзімді кұтім мен білікті геронтологиялық көмек ұсыну, сол үшін қажетті инновациялық технологиялар және әдістемелік база әзірлеу жүзеге асырылады", – дейді А. Ешманова.

Дегенмен мұның бәрі теңіздегі тамшымен бірдей, алда кеңірек таратуды қажет етеді. Қазақстанда дамыған елдердегідей қарияларға жан-жақты көмек көрсете алатын, психологтардан, медициналық және әлеуметтік қызметкерлерден тұратын "мультидисциплинарлы команда" қажет-ақ. Әзірге мемлекет тек жалғызбасты, мүгедек, сырқат қарияларға ара-тұра келіп-кетіп жүретін әлеуметтік қызметкерлермен қамти алып отыр.

Билік не дейді?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қариялардың өмір сапасын жақсарту жұмыстары 2021 жылғы 22 ақпанда бекітілген "Белсенді ұзақ өмір" іс-шаралар жоспары аясында жүзеге асырылуда. Жоспар аясында бірнеше бағытта шаралар қабылданбақ, бұлар – аға ұрпақ өкілдерінің құқықтарын сақтау, материалдық жағдайын түзеу, қарттарын асырайтын отбасыларға қолдау көрсету, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, әлеуметтік қызмет көрсету деңгейін арттыру, қарттардың көңіл көтеруін, ермегін ұйымдастыру және басқасы.   

Еңбек министрлігінің дерегінше, Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында қарт азаматтарға 40 мыңнан астам түрлі қызмет көрсетілді.

"Аға ұрпаққа, ардагерлер мен зейнеткерлерге қамқорлық жасау, қарт адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту, олардың бос уақытын жүйелі ұйымдастыру, ішкі шығармашылық әлеуетін іске асыру үшін жағдай жасау, қоғамдық өмірге тарту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары "бір терезе" қағидаты бойынша 3 бағыт бойынша жұмыс істейді: белсенді ұзақ өмір сүру, денсаулық мәдениеті және жұртшылықпен байланыс", – делінген ведомство хабарламасында.

Орталықтарда қариялардың бос уақытын жүйелі ұйымдастыру үшін йога, скандинавиялық жүріс, IT-сауаттылығын арттыру, мотивациялық және кәсіпкерлік курстар, ағылшын тілі курстары және басқасы қарастырылған.

Жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша 2021 жылы орталықтардағы жобаларды іске асыруға 738 млн теңгеден астам қаражат жұмсалды.

Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірлерінде белсенді ұзақ өмір сүрудің 37 орталығы жұмыс істейді. Оның 9-ы коммуналдық мекеме ретінде, қалғаны – үкіметтік емес ұйымдарда мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру есебінен қызмет етеді.

Бүгінде орталықтардағы қызметкерлердің жалпы саны 490 адамды құрайды. 2022 жылы жергілікті бюджеттерден орталықтардың жобаларын іске асыруға 1,6 млрд теңге бөлінді.

Енді "Қамқорлық қоры" еліміздің әрбір өңірінде белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын ашуды жоспарлап отырған көрінеді.

Ал елордадағы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті биыл егде жастағы адамдарға білім беру үшін "Күміс университетті" ашты. Онда ақсақалдар мен әжейлер біріншіден, қарым-қатынас пен саяхаттау үшін тілдік курстарды бітіріп, шет тілдерін меңгере алады. Екіншіден, профессорлардан тиісті білім алып, емтихан тапсырып, құқықтанушы, тарихшы, мәдениеттанушы және өнертанушы маманына айнала алады. Үшіншіден, қарияларға арналған университетте сауықтыру бағдарламасы бағыты көзделген. Төртіншіден, "IT Күміс университет" курстарын бітіріп, ақпараттық технологияларды игеруге, бағдарламашы, блогер, влогер болуына мүмкіндік берілмек. Барлық курстар тегін көрінеді.

Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда 2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша зейнет жасынан асқан 2 миллион 246 мыңнан астам адам бар.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу