Билік қазақ тілін қашан латынша әліпбиге көшіретінін анықтады

10826

Тіл туралы жаңа тұжырымдама бекітілді, онда Үкімет мемлекеттік тілді меңгеретін қазақстандықтардың үлесін қатты азайтып тастап отыр.

Билік қазақ тілін қашан латынша әліпбиге көшіретінін анықтады Фото: ku.edu.kz

Таяуда inbusiness.kz мемлекеттік тілді дамыту қарқынының бәсеңдеп қалғанын сынаған болатын.

Осы орайда Үкімет жыл аяқталып қалғанда, 2023–2029 жылдарға арналған "Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың тұжырымдамасын" зарықтырып барып, әзер мақұлдады. Құжат ел Үкіметінің №914 қаулысымен бекітілді.

Биылғы жылдың басында Тіл саясаты комитеті әзірлеп, жыл бойы көп талқылап, сарапшыларды мезі еткен тұжырымдама жобасы біраз өзгеріске түсіпті. Өкінішке қарай, ол өзгерістер қазақ тілінің пайдасына емес деуге болады.

2019 жылғы 31 желтоқсанда қабылданған, Үкіметтің 2022 жылғы 16 қазандағы қаулысымен күші жойылған "Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында" мемлекеттік тілді дамытуда мемлекет өз алдына өршіл мұраттар, биік мақсаттар қойып еді.

Мысалы, сол мембағдарламада мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесі:

  • 2020 жылы – 90,5%,
  • 2021 жылы – 91%,
  • 2022 жылы – 92%,
  • 2023 жылы – 93%,
  • 2024 жылы – 94%,
  • 2025 жылы – 95%-ды құрайды деген міндет бекітілді.

Ал оның орнын басқан тіл тұжырымдамасында қазақ тілінің болашағы сонша жарқын көрінбейді. Мемлекеттік тілді менсінбейтін қазақстандықтардың үлесі тым қомақты болып қалмақ. 2025 жылы халықтың төрттен бірге жуық бөлігі қазақша білмейтін, үйренбейтін болады. Сонымен, жаңа тұжырымдамада мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі:

  • 2023 жылы – 81%,
  • 2024 жылы – 81,5%,
  • 2025 жылы – 82%,
  • 2026 жылы – 82,5%,
  • 2027 жылы – 83%,
  • 2028 жылы – 83,5%,
  • 2029 жылы – 84% ғана болады деген міндет-меже бекітіліп отыр.

Мұның өзінде бұлардың басым көпшілігі мемлекеттік тілде сәлем-сауқат сұрасып, қазақ тілінде бір-екі сөз қағыса алатындар болады. "Жоқтан бары жақсы" деп соған да қанағаттануға тура келмек. Оның үстіне қазақша жүйрік сөйлейтін шенеуніктер мен бюджеттік сала қызметкерлерінің саны бәрібір аз болатын түрі бар: халықпен тікелей, тығыз араласатын мамандардың жартысына жетпейтіні ғана мемлекеттік тілді жақсы білетін болады.

Өйткені жаңа тұжырымдамаға сәйкес, халыққа, бизнеске мемлекеттік қызметтер ұсынатын ұйымдардағы "ҚАЗТЕСТ" тестілеу жүйесі бойынша мемлекеттік тілді В1 деңгейінде меңгерген қызметкерлердің, сондай-ақ ұлттық компаниялар қызметкерлерінің үлесі 2023 жылғы – 37%-дан 2029 жылы – 43%-ға әзер жетпек.

"ҚАЗТЕСТ" жүйесі бойынша мемлекеттік тілді В2 деңгейінде меңгерген мемлекеттік қызметшілердің үлесі 2023 жылғы – 35%-дан 2029 жылы – 50%-ға ғана жетеді.

Ендеше тілге қатысты "тасбақа тірлік" жалғасатыны байқалады.

Масқара болғанда, Үкімет бұл "кемітілген", секвестрленген нысаналы көрсеткіштерге де жетпеуі әбден мүмкін. Өйткені жаңа тұжырымдамада мемлекеттік тілді өркендетудің тың тетіктері мен жасампаз, жаңа шаралары жоққа тән: көп шара ескі бағдарламадан көшірілген.

Мысалы, нысаналы индикаторларды орындау үшін 2029 жылға дейін тұрақты түрде, бүкіл өңірде "Түркі, славян жазбаларының күндерін мерекелеу шеңберінде конкурстар, конференциялар, семинар-тренингтер, дөңгелек үстелдер өткізіледі". Билікті жағалаған әлеуметтанушыларды байытып, үнемі "Қазақстандағы тіл саясаты мәселелері бойынша әлеуметтанулық және талдамалық зерттеу жүргізіп" отырады.

Тіл бағдарламаларының мол қаражатын игеріп, отыз жылда ашылған түрлі порталдар аз болғандай, алда "Korneki.kz" дерекқоры жасалады. Ол мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, жеке және заңды тұлғаларға өз кәсіпкерлік қызметін жүргізуде қолдау көрсету мақсатында қазақ тілінің мәдени-семантикалық сөздерінің қорын түзетін көрінеді.

Билік қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырады.

Мемлекеттік тілдің беделін арттыруға, қолданылу салаларын кеңейтуге, тіл мәдениетін жетілдіруге (тіл туралы нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, фразеологиялық сөз орамдары, аңыз адамдардың өсиеттері және басқасы) қатысты фестивальдер, кездесулер, акциялар және өзге іс-шаралар өткізіліп, олардың бәрі бюджеттен қаржыландырылады.

Тұжырымдамада не жоқ?

Биліктегі барлық тұлғалардың, шенеуніктердің, депутаттардың міндетті түрде мемлекеттік тілді білуін талап ету жоқ.

Орыстілді мектептерде қазақ тілінің сағатын көбейту жоқ. Білім министрлігінің бұрынғы басшылары енгізген, орыстілді мектептерде бір пәнге біріктіріле салынған "Қазақ тілі" және "Қазақ әдебиеті" пәндерін ажырату жоспарланбаған.

Мемлекеттік тілді тегін үйрету орталықтарының санын еселеп арттыру көзделмеген.

Оның орнына онсыз да саны аз қалған Мемлекеттік тілді оқыту орталықтары ересектерге, соның ішінде азаматтық және мемлекеттік қызметкерлерге қазақша, орысша, ағылшынша үйрететін үш тілді курстарға айналдырылады.  

Жаңа тұжырымдаманың осы ғана қолданыстан шыққан мембағдарламадан бір артықшылығы бар: қазақша контент үлесі артады деп жоспарланыпты. Оның өзінде биылғы жоспар орындалмапты.

Мемлекеттік бағдарламада мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақтілді контенттің үлесі: 2020 жылы – 74%, 2021 жылы – 75%,  2022 жылы – 76%, 2023 жылы – 77%,  2024 жылы – 78%, 2025 жылы – 79% болады деп бекітілген еді.

Тұжырымдамада мемлекеттік телеарналарда мемлекеттік тілде көрсетілетін телебағдарламалардың үлесі 2023 жылы – 70%, 2024 жылы – 72%, 2025 жылы – 74%, 2026 жылы – 78%, 2027 жылы – 80%, 2028 жылы – 82%-ға, ал 2029 жылы – 84%-ға жеткізілуге тиіс. 

Тұжырымдамада түсініксіз, тіпті Үкіметтің өз есебін жоққа шығаратын жайттар кездеседі. Мысалы, бір нысаналы индикаторға сәйкес, мемлекеттік органдардағы, ұлттық компаниялардағы мемлекеттік тілдегі құжат айналымының үлесі 2023 жылғы – 91%-дан 2029 жылы – 94%-ға, яғни жыл сайын небары жарты пайызға өсетіні бекітілген.

Күшін жойған мембағдарламада ондай индикатор жоқ, өйткені "2018 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардың жалпы құжат айналымындағы мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттарының үлесі 93%-ды құрады". Соған қарағанда не ол есебі өтірік болған немесе соңғы бес жылда бұл сала кері кеткен.

Әрине, бұл құжатайналымның сапасы төмен екенін Үкімет те мойындайды: мысалы, бастапқы беті қазақша болғанымен, ары қарайғы қоса тіркелген қосымшалары орысша болып келеді. Немесе орыс тілінен "Гугл аудармамен" шатты-бұтты аударыла салады. Мысалы, "НҚА порталындағы" заң жобаларының, тұжырымдамалардың, өзге нормативтік құқықтық актілердің жобаларының мемлекеттік тілдегі нұсқаларында қате өріп жүр. 

Себебі түсінікті: Әлеуметтік зерттеу қорытындысы көрсеткендей, әкімшілік және мемлекеттік органдарда жұмыс істейтіндердің небәрі 7,9%-ы ғана тек "қазақ тілін пайдаланады". Сонымен қатар тағы 27,4%-ы "көп жағдайда қазақ тілін қолданатынын" айтқан. Қалғаны тек орыс тілінде жазады. Олардың жұмысы жалақысы аз, үнемі шектен тыс жүктелген аудармашының мойнына арта салынады.

Айтпақшы, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі тым әріге, 2030 жылдан кейінгі заманға ысырылғаны белгілі болды. Ол келесі Президенттің еншісіне түсетін түрі бар. Өйткені жаңа Тіл тұжырымдамасына сәйкес, Қазақ тілінің латын графикалы әліпбиін пайдаланатын жазба коммуникациясына қатысушылардың үлесі 2027 жылы – бар-жоғы 5%, 2028 жылы – 10%, 2029 жылы – 15% болады. Ал ғалымдардың айтуынша, жаңа алфавитке толыққанды көшу үшін оны халықтың кем дегенде жартысы қолдана алуы керек.

Осы аптаның басында қолданыстан шығарылған Тіл бағдарламасында кириллицадан азаттық әперетін латын қарпіне қарқынды көшу міндеті бекітіліп еді. Нәтижесінде, латын графикалы әліпбиді пайдаланатын жазбаша коммуникацияға қатысушылардың үлесін 2022 жылғы – 10%-дан 2025 жылы – 50%-ға дейін жеткізу жоспарланды. Үкіметтің бұл жоспары әліпбимен бірге адыра қалды. Қазақ тілінің латын графикалы әліпбиі негізінде қазақ тілін оқытудың ұлттық стандарты мен үлгілік бағдарламасын әзірлеу 2026 жылдың соңына ысырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу