Қазақ тілін білу деңгейін анықтайтын тест қалай өтпек?

2928

Әзірге бұл сынақ азаматтардың шектеулі санатын ғана қамтиды. 

Қазақ тілін білу деңгейін анықтайтын тест қалай өтпек? Фото: kazpravda.kz

Биліктегі барлық тұлғалар, әсіресе, депутаттар мен министрлер мемлекеттік тілді міндетті түрде білуге тиіс деген бастама көп жылдан бері көтеріліп келеді.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тлешовтің мәліметінше, мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде кандидаттың қазақ тілін білуін міндетті ету мәселесі пысықталуда. Осы мақсатта мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын тест әзірленіп жатыр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Өкінішке қарай, осы және басқа да жаңалықтары бар, комитет жыл басында әзір еткен "Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдасын" Үкімет әлі күнге бекітпей отыр. Ол жоба мәртебесінен әрі аса алар емес. Бұл ретте бекітілмеген осы тұжырымдаманың бірінші жылы да аяқталуға таяды. Демек, оны 2024 жылдан 2030 жылға дейін ұзарту қажет.

"Басты бір мақсат – қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру және тиісті оқыту жүйесін құру болатын. Оқыту жүйесін құруды біз сонау 2006–2007 жылдардан бері ілгерілетуге тырысып келеміз. Оны 2015 жылғы бағдарламаға қосқымыз келді, алайда белгілі бір себептерге байланысты оны алып тастады. Егер осы бастама жаңа тұйырымдамаға кіріксе, онда мектептің бастауыш сыныптарынан бастап, мемлекеттік қызметке дейін мемлекеттік тілге оқытудың бірізді, ортақ жүйесі құрылады", – деді Ербол Тлешов.

Комитет басшысының айтуынша, енді мектеп оқушылары 9 және 11 сыныптарды бітіргенде, мемлекеттік тілді білетінін растайтын сертификаттар алатын болады. Бұл кейін олардың жұмысқа орналасуына ықпал етеді. Мысалы, мемлекеттік қызметке бірінші рет, жаңадан тұратындардан аталған сертификаттың болуы міндетті түрде талап етіледі деп күтілуде.

"Тағы бір бастама – жоғары лауазымды мемлекеттік қызметшілерді қазақ тілін білуге міндеттеу. Біз барлық мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік тілді білсін деген талапты ұсынып едік, әртүрлі қарсылыққа тап болдық. Талқылай келе, тек жоғары лауазымды тұлғалар – министрлер мен олардың орынбасарлары, әкімдер мен орынбасарлары мемлекеттік тілді білуге тиіс деген тоқтамға келдік", – деді Тіл саясаты комитетінің төрағасы.

Осы орайда Inbusiness.kz жазғандай, Астанада Стандарттау жөніндегі ғылыми-техникалық кеңесінің кеңейтілген отырысы өткізілді. Онда Қазақстанның ұлттық стандарттарының жобалары, соның ішінде қазақ тілін меңгеру деңгейлері бойынша тілдің коммуникативті құзыреттілік жобалары мақұлданды.

Тестерді "ҚазСтандарт" әзірлепті. Дегенмен, "ҚазСтандарт", нақтылағанда, Қазақстан стандарттау және метрология институты аталған жиында қарастырылған барлық стандарттардың әзірге тек ерікті сипатқа ие екенін жеткізді. Олар міндетті болуы үшін заң қабылданып, нормативтік актілер бекітілуге тиіс.

Яғни, әзірге мемлекеттік тілді дамыту істерінің қарқыны шабан, тасбақа тірлік болып тұр. Мысалы, Үкімет "Қазақ тілін білу деңгейін бағалау (ҚАЗТЕСТ)" жаңа қағидаларын да сол бойы бекітпеді. Онсыз шенділер түгіл, балалар арасында тестілеу жүргізілмейді.

Егер Жоғары білім министрлігі аталған қағидаларды бекітсе, онда "ҚАЗТЕСТ" жүйесі бойынша тестілеуді осы министрлік құрамындағы "Ұлттық тестілеу орталығы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны жүргізетін болады.

Қағаз немесе электронды форматтағы диагностикалық және сертификаттық тестілеулер жеке тұлғалар үшін – Астана қаласында өтеді. Ал заңды тұлғалар, компаниялар өз ғимаратында төл тестілеу аудиторияларын, залдарын бөліп, Ұлттық тестілеу орталығының мамандарын өзіне шақыра алады. Сөйтіп, мамандарын елордаға іссапарға аттандырудың қажеті болмайды. Қазақ тілін меңгеру деңгейлерін анықтайтын тестілеу тапсырыс беруші мекеменің базасында өткізіледі.

Министрліктің түсіндіруінше, "ҚАЗТЕСТ" бойынша тестілеу екі түрге бөлінеді: диагностикалық және сертификаттық. Қос тестілеуді қағаз және электронды түрде өткізуге рұқсат.

Диагностикалық тестілеу дегеніміз – қазақ тілін білу деңгейін анықтауға арналған тестілеу түрі. Оның қорытындысында жеке тұлғаларға олардың тест нәтижелері көрсетілген анықтама, ал заңды тұлғаларға емтихан тізімдемесі (ведомость) беріледі.

Бұл тестілеу 1 сағат 40 минутқа (100 минутқа) созылады. Тестілеудің бұл түрі 100 сұрақты және келесі бөліктерді қамтиды:

  • Тыңдалым (аудирование) – 20 тапсырма (20 минут);
  • Лексика-грамматикалық құрылым – 40 тапсырма (30 минут);
  • Оқылым – 40 тапсырма (50 минут).

Сертификаттық тестілеу де 100 тест тапсырмасынан тұрады. Оның қорытындысында сертификат ұсынылады. Оған – "Тыңдалым", "Лексика-грамматикалық құрылым", "Оқылым", "Айтылым" және "Жазылым" бөліктері кіреді. Соңғы бөлік бойынша әртүрлі меңгеру деңгейіне сәйкес 2–3 жазбаша тапсырма беріледі. Айтылым блогында үміткер 1–2 ауызша тапсырма бойынша нақты тақырыпта өз ойын жеткізе алуға тиіс.   

  • Тыңдалым – 20 тапсырма (20 минут);
  • Лексика-грамматикалық құрылым – 40 тапсырма (30 минут);
  • Оқылым – 40 тапсырма (50 минут);
  • Жазылым – 2–3 тапсырма (35–60 минут);
  • Айтылым – 1–2 тапсырма (7 минут).

Әр тапсырма 1 ғана балмен бағаланады. Тестілеуде әрбір дұрыс жауапты таңдағаны үшін де бір балл беріледі.

Шекті белгіленген мәннен төмен балл алғандарға сертификат емес, оның тестілеу нәтижесінің көрсеткіштерін растайтын анықтама беру ұсынылып отыр.

Болашақта министрлер, вице-министрлер, әкімқаралар, оқушылар мен студенттер өз орнына мемлекеттік тілдің майталман білгірін жіберіп, заңсыз сертификат алмауы үшін Face-ID (Фейс-Айди) технологиясы қолданылмақ. Яғни, тестіленушінің бет-әлпетінің көлемдік-кеңістіктік пішіні сканерленіп, сол арқылы үміткердің жеке басы сәйкестендірілетін көрінеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу