Билік өкілдері адрестен жаңылды

7479

Атаулы әлеуметтік көмекке қатысты билік тармақтары таласып жатыр.

Билік өкілдері адрестен жаңылды Фото: ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Бейбіт Мамраев тікелей Елбасының тапсырмасын Сапарбаевтың командасы жарға жықты деген сыңайда дабыл қағып, үкімет басшысы Асқар Маминге жеткізген болатын.

Мұны естіген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі журналистер арқылы шұғыл жауап қатып, "депутат жалған сөйледі" деп қатаң мәлімдеме жасады.

Екі ортада айыптылар қатарынан сондай-ақ сәулет органдары мен "загстер" де табылуда.

Сонымен депутат не дейді? Айтқандай, депутаттың ашуға мінуіне өткен және осы аптада мемлекетке наразы көпбалалы аналардың "ызалы жүрек, долы қол" күйде, еш шақырусыз және алдын ала қабылдауға жазылусыз топырлап келіп, Парламенттің есігін теуіп кіруі, парламентшілерден әділдікті талап етуі себеп болған көрінеді. 

Премьер Асқар Мамин атына кеше жолдаған депутаттық сауалында қалаулы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметке "аса мұқтаж аз қамтылған азаматтар, көпбалалы отбасылар әлеуметтік көмекті биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап шұғыл ала бастауға тиіс" деген нақты міндет пен түсінікті тапсырма бергенін еске салады. Сондай-ақ тұңғыш Президент Nur Otan партиясының сьезінде "тұрғын үй құрылысы жинақтары жүйесі арқылы жылдық 2-3%-бен тұрғын үй несиелерін" ұсынудың жеңілдікті тетігін әзірлеу қажеттігіне ерекше назар аудартқанын да алға тартты.

"Алайда орталық уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардың осы тапсырмаларды дер кезінде орындамауы әлеуметтік көмек алушылардың теріс реакциясын туғызуда. Биылғы жылғы 11 сәуірде және 15 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласының көпбалалы аналарының топтары еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің және елорда әкімдігінің мәселені шешуін күтіп отыра бермей, Мәжіліске келе қалды. Осында олар депутаттармен кездесті. Кездесу кезінде анықталғандай, "Е-халық" ақпараттық жүйесі сапасыз жұмыс жасауда және іркіліс туғызуда", – дейді Бейбіт Мамраев.

Атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) жаңартылған тетіктеріне арналған үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев енді АӘК алу үшін халыққа жеке куәлігін көрсетсе жетеді, әкімдіктер керекті басқа ақпаратты жүйеден алады деп хабарлаған болатын.

Алайда етегінен көп бала өрген аналардың айтуынша, іс жүзінде бәрі басқаша. Олар жеке куәліктерін көрсетсе, өтініш иесінің деректерін жүйе мүлдем таппайды екен. Осыған сүйене отырып, жергілікті билік өкілдері АӘК тағайындаудан бас тарта салады.

"Отбасыны тіркейін десе, мекенжайлық реестрден үйлердің мекенжайлары мен нөмірлері шықпайды. Оған "Е-халық" ақпараттық жүйесінің жер кадастры, жылжымайтын мүлік регистрі деректер базаларымен интеграцияланбауы себеп болып отыр. Сондай-ақ жүйе әкесін анықтау жөніндегі 4-ші нысан бойынша деректерді де көрсетпейді. Алименттер бойынша да мәліметтер жоқ. Өйткені сот актілерінің бірыңғай базасымен кірікпеген. АХАТ деректері базасымен интеграцияның жоқтығы кесірінен 2007 жылғы 13 тамызға дейін туылған балалар туралы да деректер шықпайды", – дейді депутат.

Оның үстіне "бар мәліметтердің өздері әрдайым дұрыс бола бермейді". Мәселен, алты баласы бар, 8 адамнан тұратын отбасы жүйеде төрт адамнан құралған отбасы ретінде көрсетілген: отағасы және үш бала мемлекет үшін "хабар-ошарсыз" болып шыққан.

Немесе басқа мысал: отбасыға төленетін әлеуметтік мемлекеттік жәрдемақы базада "жалақы" деп жазылып қойылыпты.

"Біз шағымданушы аналар жеткізген фактілердің бірқатарына ғана тоқталып отырмыз. Бұл азаматтарды басыартық сергелдеңге салып, наразылығын туғызуда. Жергілікті жерлерде, әкімдіктерде олар нақты түсініктеме ала алмаған. Елбасы айтқан халыққа ұғынықты қарапайым тілдегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудің нашарлығы да жеке әңгіме", – деген Мәжіліс депутаты премьер Асқар Маминнен "Е-халық" жүйесін басқа меморгандардың деректер қорымен интеграциялау, Елбасы мен Президент тапсырмаларын орындату бойынша дереу шаралар қабылдауды сұрады.

Бұған еңбек министрлігі: "Депутат Мамраевтың мәлімдемесі шындыққа сәйкес келмейді" деді. 

"Ол айтқан "Е-халық" жүйесі басқа мемлекеттік органдардың дерекқорларымен интеграцияланбағаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Мекенжайлар, үйлер мен пәтерлердің нөмірі бойынша мәліметтердің болмау себебі – интеграцияның жоқтығында емес, жергілікті атқарушы органдар, нақты айтқанда сәулет және қала құрылысы басқармалары қалыптастыратын және өзектілендіретін мекенжайлар регистрінің өзінде мәліметтердің жоқтығында! Ал отбасы құрамы туралы мәліметтерді жергілікті атқарушы органдар, дәлірек айтқанда, азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімдері толтыратын "Азаматтық хал актілерін тіркеу" ақпараттық жүйесі автоматты режимде ұсынады. Алайда онда 2007 жылдың 13 тамызына дейін туылған балалар туралы мәліметтер жоқ", – деп мәлімдеді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Ведомство өзге меморгандардың ақпараттық жүйелері толық ақпаратты қамтымайтынын білгенін айтады, сондықтан "АӘК көрсету қағидаларында" жұмыспен қамту орталығы қызметкерлері жоқ болып шыққан деректерді тиісті мемлекеттік органға жазбаша сұрау салу арқылы сұратуы қажеттігін белгілепті. Сондай-ақ ондай құжатты өтініш берушінің өз бетінше ұсыну құқығын да қалдырыпты.

Яғни, министрлік бұл жағдайға жергілікті әкімдіктердің әлгі бөлімдері, бұған қоса, жоқ деректерге қатысты тиісті сұрау рәсімдемеген жұмыспен қамту орталықтары қызметкерлерін айыпты санайды.

"Осылайша, депутаттық сауалда "Е-халық" жүйесінің жұмысындағы интеграциялаудың жоқтығы және іркілістерге қатысты айтылған мысалдар мен дәлелдер дұрыс емес және дәрменсіз болып табылады. Бүгінде жүйе толығымен жұмыс істейді, ол арқылы жұмыс тәртібінде өтініштерді қабылдау жүзеге асырылуда. Меморгандардың деректер қорында толық мәліметтер болған жағдайда АӘК тағайындау жалғыз құжат – жеке куәлікпен жүзеге асырылады", – деп еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі депутаттың айып тағуда әдірестен жаңылғанын меңзеді. 

Дегенмен, алтын уақыт пен мол күш-қуатты "кім кінәлі?" деген сұраққа жауап іздеуге жұмсап жатқан билік өкілдері мемлекеттік көмекке мұқтаж жандар үшін басқа сұрақтың маңызды екенін естен шығарып алғандай. Аз қамтылған және көпбалалы отбасылар "дерекқорлар қашан толығып, сергелдең қашан бітеді?" деген сұраққа жауап күтеді.

Айтқандай, 2-3 пайыздық арзан ипотека алғысы келетін әлеуметтік осал топтар өкілдері де қиындыққа жолығуда. Тәртіп бойынша оны алғысы келетіндер Нұр-Сұлтанда не Алматыда 2 жыл тұруы шарт. Бұл ретте Алматының және елорданың орталығында баспана жалдап тұру қымбат екені жасырын емес. Нәтижесінде, бұқара халық қала маңына ауады. Салдарынан, мәселен, қала жанындағы Қосшыда не Қараөткелде (бұрынғы атауы Ильинка) тұрып жатқан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға арзан ипотека беруден билік бас тартатын көрінеді. Себебі, астана маңы саналғанымен, Қосшы да, Қараөткел де Ақмола облысының Целиноград ауданына қарайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу