Билік пен бизнестің келісімі жұртқа жақпады

3198

Шенеуніктер "артық қыламыз" деп тыртық қылды ма?

Билік пен бизнестің келісімі жұртқа жақпады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі жанар-жағармай, коммуналдық тарифтердің бағасын көтеруге мораторий жариялағаны белгілі. Содан соң жер-жерде әкім-қаралар кәсіпкерлермен жапа-тармағай меморандумдар жасай бастады. Бірақ кейбір келісімшарттар керісінше көпшіліктің ашуын тудырды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Мысалы, жақында Павлодар қаласының әкімі Асайын Байханов пен "LF Trade" ЖШС Павлодар облысы бойынша басқарушы директоры Саят Омаров екіжақты меморандумға қол қойды. Соған сәйкес, облыстағы  "Pegas" жанармай бекеттерінің 14 сату нүктесінде екі ай аралығында бензин бағасы тұрақты болуға тиіс. Жоғарыда аталған компания АИ-92 маркалы бензиннің бір литрін 179 теңгеден, АИ-95 жанармайын 212 теңгеден сатуы керек. Жыл басында жанармайдың бұл түрлерінің бағасын үш теңгеге асыру жоспарланған. Енді келісімнің негізінде баға өспейтін болды.

Алайда мұндай жаңалық жұртқа онша-мұнша жаққан жоқ. Көлік жүргізушілерінің сөзінше, жанармайдың бір литрін 179 теңге көлемінде ұстап тұру мәселені шешпейді. Бір литрдің бағасын 150-160 теңгеге дейін түсірсе, әңгіме басқа.

"Әйтеуір бағаны ұстап тұру керек екен деп қисынға келмейтін келісімдер жасауға болмайды. Жанармайдың бағасы онсыз да 179 теңге. Басқа компаниялардың кейбір бекеттерінде бір литрін 175-178 теңгеге де алуға болады. Сонда компания әкімдікті, әкімдік бізді алдап отыр ма? Меморандум жасаған тұста бағаның түсуі неге ескерілмейді?", – дейді Павлодар қаласының тұрғыны Серік Ахметбеков.

Жанар-жағармай нарығында жұмыс істейтін әріптестері де мұндай меморандумды жаңалық деп есептемейтінін алға тартты. Мәселен, "ГазПромНефть" ЖШС Павлодар облысы бойынша басқарушы директоры Виталий Чашкиннің айтуынша, бұл компанияға қарасты бекеттерде баға ешқандай келісімшартсыз-ақ 179 теңге көлемінде бекітілген. Шілде айына дейін бұл баға сақталады.

Ал облыс орталығының тағы бір тұрғыны Александр Черненко шекті бағаны енгізудің жағдайды керісінше ушықтырып жібергенін алға тартты.

"Былтыр бекеттерде АИ-95 маркалы жанармайдың литрі 207 теңгеден сатылған болатын. Кейін бензиннің бұл түрінің бағасы бақыланатын болып, оны 215 теңгеден асырмау туралы талап қойылды. Бұдан соң кей бекеттерде өнім арзандаудың орнына керісінше 212-215 теңгеге дейін қымбаттады. Сондықтан шекті бағаны тым құрығанда 180 теңге көлемінде бекіту керек еді деп ойлаймын. Себебі кәсіпкерлер бағаны 215 теңгеден асырмау керектігін желеу етіп, жанармайды арзандатудың орнына қымбаттатып жіберді", – дейді ол.

Еске сала кетейік, жанар-жағармай түрлерінің Павлодар облысында сатылуы тиіс шекті бағалары белгіленді. Сол бойынша газдың бір литрі 70 теңге, 200 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекендерде 75 теңге болуы тиіс. Сол сияқты АИ-92, 93 маркалы бензинің бағасы 182 теңгеден, АИ-95 маркалы жанармай 215 теңгеден, жазғы және маусымаралық дизель отыны 230 теңгеден аспауы керек. Жергілікті табиғи монополияларды реттеу департаменті өңірдегі 120-ға жуық бекеттерде жүргізген мониторинг кезінде шекті бағадан асырып сатқан кәсіпорындар жоқтығын айтты.

Ажар Дәулетова 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу