Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, волонтерлік ұйымдар түрлі-түсті революцияларды жүзеге асыруға көмектесуі мүмкін. Сондықтан авторитарлық мемлекеттер елдегі барлық еріктілер қозғалысын қатаң бақылауда ұстауға тырысады.
Қазақстанда да қанды Қаңтар оқиғасы кезінде шеруге шыққандар ызғарлы қыста бүрсең қағып, үйлеріне тарауға мәжбүр болмауы үшін оларға тамақ, жылынуға қажетті керек-жарақ, палатка, киіз үй, тіпті, арматура таратқан еріктілер болды. Олар соңынан қудаланды.
Қалай болғанда да, мемлекет республикада нақты қанша волонтерлік ұйым барын нақты білмейді. Тек билікпен ынтымақтасып, бюджеттен қолдау көретін 500-ге жуық ерікті бірлестігі бары белгілі.
Бұдан бөлек волонтер атын жамылып, "дертті балаларды емдетуге" ақша жинаған алаяқтар да табылды. Олардың өз баласына жылу жинап жүргенін ерекше баланың анасы әлеуметтік желіден біліп, жаға ұстаған.
Республикалық волонтерлер фронт-офисінің жоба жетекшісі, "Ұлттық волонтерлік желінің" атқарушы директоры Татьяна Миронюктың мәліметінше, елімізде волонтерлік қозғалыстың дамуының басты ерекшелігі сол, волонтерлік бастамалардың 80%-дан астамы тіркелмеген.
"2020 жыл Волонтерлер жылы болды. Сонда мемлекет салаға серпін берді. Алайда содан кейін волонтерлік қызмет бәсеңдеді. Салыстырсақ, 2020 жылы 200 мыңнан астам волонтер тартылса, келесі 2021 жылы бұл сан 160 мыңға дейін құлдыраған. Пандемиядан соң еріктілердің әрқайсысы өз жайына кетті, өз жұмыстарына оралды, отбасы жағдайларына, тұрмыс мәселелеріне бас қатырды. Назар аударатын жайт, қазіргі кезде елдегі волонтерлік қызмет кәсіби сипат алды. Еріктілер волонтерлік қызметпен кәсіби, тұрақты түрде айналыса бастады. Үлесі шамамен 30%", – деді Татьяна Миронюк.
Сарапшылардың айтуынша, кәсіби волонтерлар мысалы, әлдебір қамқорлыққа немесе емдеуге зәру адамға көмектесу үшін қаражат жинайды, бірақ оның бір бөлігін өздері алып қалады. Яғни, волонтерлер тегін істейді деген қағида енді ескіріп қалды. Мұны "Қазақстан халқына" әлеуметтік қорының мысалынан көруге болады.
"Қазақстан халқына" қорының басқарма мүшесі София Айсағалиеваның айтуынша, оның қызметкерлеріне тегіс жалақы төленеді.
"Әкімшілік шығыстарымыз былтырғы жылмен салыстырғанда өсті. Себебі, егер бұрын қорда 25 адам жұмыс істесе, биыл – 47 адам қызмет етеді. Былтырғы жыл қалыптасу кезеңі болды. Біз бағдарламаларды енді ғана бастадық. Жыл соңында қолға алынған 25 бағдарламаны еңсере алмасымызды түсіндік. Қордағы орташа жалақы – 380 мың теңге", – деді С.Айсағалиева.
Оның айтуынша, қор қайырымдылық қаражаттардың 10 миллиард теңгесін банктерге депозит түрінде салып қойыпты. Содан түскен сыйақыларды әкімшілік шығыстарына жұмсайды.
"Қазақстан халқына" қорына биліктің мәжбүрлеуімен олигархтар миллиардтарын құйып жатыр. Ал өзге волонтерлар өз күнін өзі көруге мәжбүр.
Мемлекет саланы реттеуге он жылға жуық уақыттан бері талпынып келеді. Бірінші Президент Н.Назарбаевтың тапсырмасымен, 2016 жылғы 30 желтоқсанда "Волонтерлік қызмет туралы" жеке заң қабылданды. Екінші Президент Қ.Тоқаев 2020 жылды Волонтерлер жылы деп жариялады. Қасіретті қаңтар оқиғаларынан кейін, 2022 жылғы 4 маусымда әлгі заңға түзетулер енгізілді. Бірақ салада бәрібір тәртіп орнай қойған жоқ.
Билік заңда бекіткен волонтерлерді қолдауға қатысты уәделерінде тұрмады. "Патриотизмі мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін" еріктілерге жоғарғы оқу орындарына түсуге басымдықты түрде білім гранттарын беріп жатқан жоқ. Заңдағы "азаматтық қызметке кірген кезде", мемлекеттік қызметтегі, ұлттық компаниялардағы бос орын үшін конкурстарда волонтерлік қызметті жүзеге асырған үміткерлер басымдыққа ие болады деген талап та жайына қалды, науқаншылдықпен аяқталды.
Бұған бір жағынан, волонтерларды тіркеудің жолға қойылмауы да ықпал етуі мүмкін. Адам волонтер ретінде меморганда тіркелмесе, билік оның волонтер екеніне сенбейді.
Осы орайда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дархан Қыдырәлінің жаңа бұйрығының жобасын әзірлеп шықты. Ол "Волонтерлік қызметті есепке алу тізілімін жүргізу жөніндегі қағидаларды" бекітеді. Аты айтып тұрғандай, құжат еліміздегі барлық еріктілерді тізімге алуды және арнайы реестрге тіркеуді қарастырады.
Волонтерлік қызметті есепке алудың тізілім-реестрінде қандай ақпарат жиналады? Министрліктің түсіндіруінше, онда әрбір волонтер, волонтерлер топтары, волонтерлік ұйымдар, волонтерлік қызметті үйлестірушілер мен ұйымдастырушылар, волонтерлік бағдарламалар мен жобалар, волонтерлік акциялар, оларды өткізу орны мен уақыты, оларды өткізуге қойылатын талаптар туралы мәліметтер қамтылады.
Волонтерлер қатарына түрлі конфессиялар мен секталардың кітап-кітапшаларын тарататын, сайлау науқаны кезінде партиялардың не кандидаттардың үнпарақтарын, жарқағаздарын іліп, буклеттерін үлестіретін еріктілер кірмейді. Олардың қызметі басқа заңдармен реттеледі.
Тиісінше, волонтерлік ұйымдарға "діни бірлестіктер, тұтыну кооперативтері, сондай-ақ саяси партиялар немесе кәсіподақтар нысанындағы қоғамдық бірлестіктер" жатпайды.
Есепке алып, бақылау не үшін қажет?
"Волонтерлік қызметті есепке алу тізілімін жүргізу волонтерлік қызметтің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін бағалау үшін волонтерлік қызмет туралы тіркелген статистикалық деректерді пайдалануға мүмкіндік береді", – деп түсіндірді ведомство.
Волонтерлерді тіркеу алгоритмі қандай болады?
Сонымен, алдымен бұйрық жобасына министр қол қойып, құжат әділет органында тіркеуден өтеді. Содан соң, Қазақстандағы барлық еріктілер, еріктілер топтары, тіркелген волонтерлік ұйымдар, волонтерлік қызметті үйлестірушілер мен ұйымдастырушылар өз қызметі туралы мәліметтерді тиісті формада, уәкілетті органға қазақ және орыс тілдерінде volunteer@qogam.gov.kz электрондық поштасына жіберуге міндетті болады.
Бұған қоса, олардың әрқайсысы өздерінің волонтерлік бағдарламалары, жобалары, волонтерлік акциялары туралы мәліметтерді де уәкілетті органға қазақ және орыс тілдерінде аталған электрондық поштаға бағыттауы шарт.
Өтініш беруші қағидаға қосымшада көрсетілген форманы толтырып, оның "Волонтерлік қызмет түрлері" бағанында өзінің қандай бағытта қызмет ететінін көрсетуге тиіс.
Министрлік еріктілерге келесі бағыттарда қызмет етуді ұсынды:
- әлеуметтік көмек көрсетуге, халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға көмек көрсету;
- қарттарға, мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету, мүгедектер үшін ортаның қолжетімділігін ұйымдастыру, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік бейімдеу, интеграциялау және тәрбиелеу жөніндегі жұмысқа жәрдемдесу;
- дүлей зілзалалардың, экологиялық, техногендік және басқа апаттардың, әлеуметтік қақтығыстардың, жазатайым оқиғалардың салдарынан зардап шеккен адамдарға, құқық бұзушылық құрбандарына, босқындар мен мәжбүрлі қоныс аударушыларға, сондай-ақ бөгде көмек пен қолдауға мұқтаж адамдардың өзге де санаттары мен топтарына көмек көрсетуге қатысу;
- орталық және жергілікті атқарушы органдарға төтенше жағдайлардың алдын алуда, олардың зардаптарын жоюда жәрдем көрсету;
- хабар-ошарсыз кеткен адамдарды, Ұлы Отан соғысы мен жергілікті соғыстарға қатысушылардың қалдықтарын іздеуге қатысу;
- қоршаған ортаны қорғауға және қорғауға, аумақтарды абаттандыруға қатысу;
- тарихи және мәдени мұраны сақтау, тарихи-мәдени мекендеу ортасын қалпына келтіру және сақтау үшін мүмкіндіктер жасауға қатысу;
- білім беруді, ғылымды, мәдениетті дамытуға, білімді танымал етуге, инновацияларды дамытуға қатысу;
- дене шынықтыруды, спортты және белсенді бос уақытты дамытуға және насихаттауға, өңірлік, өңіраралық, республикалық қоғамдық және халықаралық дене шынықтыру және спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге қатысу;
- салауатты өмір салтын насихаттау жөніндегі жұмыстарды жүргізу, әлеуметтік маңызы бар аурулардың таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі профилактикалық жұмыстарды ұйымдастыру және жүргізу;
- өңірлік, өңіраралық, республикалық және халықаралық мәдени, бұқаралық және басқа да ойын-сауық және қоғамдық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге қатысу.
Бұдан бөлек, билік еріктілерге волонтерлік лагерлердің қызметін, археологиялық қазбаларға, тарихи ғимараттардың қасбеттерін қалпына келтіруге, мүгедектігі бар балаларға арналған жазғы сауықтыру лагерлерінің жұмысына, конгресс-көрме қызметіне қатысуға кеңес берді.
Сонымен қатар, билік еріктілерді халықтар арасындағы бейбітшілікті, достық пен келісімді нығайтуға, әлеуметтік, ұлтаралық, конфессияаралық, этносаралық, діни қақтығыстарды болғызбауға жұмылдырмақ. Мұның нені білдіретіні нақтыланбады.
Жалпы, салалық заң Қазақстан заңнамасына қайшы келмейтін волонтерлік қызметтің кез келген түрлерімен айналысуға рұқсат етеді. Тек волонтер саясат пен қылмыс әлеміне бас сұқпауы шарт. Ол басқалардың өрісі.