Білім эмиграциясы қауіпті ме?

10091

Соңғы жылдары жүз мыңдаған қазақстандық білім алу үшін шетелге кеткен. 

Білім эмиграциясы қауіпті ме?

Білімді алыс елдерден іздеген жастардың легі толастамауда. Негізінен, "академиялық ұтқырлық" сынды студенттердің алмасуы, басқа елдерге өздігінен барып білім алуы дүние жүзінде кең тараған үрдіс. Дамыған шет мемлекеттерде оқып, өрісі кеңейіп келген жастардан күтеріміз мол екені белгілі. Дегенмен жыраққа кеткен балалар туған жерге қайтып оралып жатыр ма? Ел экономикасының өркендеуіне қалайша үлес қосуда?

Мектепті биыл бітіргендер, бұрын бітіргендер, колледжден кейін келгендерді есептегенде биылғы жылы барлығы 117 242 талапкер ҰБТ тапсырған. Ал бакалавриатқа мемлекет тарапынан 53 785 грант бөлінген екен. Яғни, қазақстандық түлектердің 50%-ға жуығы тегін оқып, стипендия алып, жатақханада тұруға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, мемлекеттен магистратураға 13 000, докторантураға 2 312 грант ұсынылды. Алайда биыл мектеп бітірген 143 089 оқушы қайда жүр?

Былтыр Қазақстанда 124 университет болған еді, биыл 116 ЖОО қалды. Олардың 39-ы Алматыда, 14-і Нұр-Сұлтанда. Яғни, ЖОО-лардың жартысы инфрақұрылымы дамыған, әлемдік үздік мегаполистерден кем түспейтін қалаларда орналасқан. Алайда көптеген жастар шетелге кетуге құмар. Кейбір мамандардың айтуынша, талапкерлердің 20%-25%-ы білім алуға Ресейге баруда. Оқу орнын бітіргеннен кейін, сол елде қалып қоятындар да аз емес. Биылдың өзінде 60 мыңдай Қазақстан азаматы оқуға Ресей Федерациясына кеткенін   айтқан едік. Ал біршама студент Қазақстанда өмір сүріп,  Ресейде сырттай білім алуда. Өйткені көрші елде әлі де болса жоғары оқу орындарында сырттай оқыту жүйесі сақталып қалған. Сол себепті күнделікті дәріске баруға мүмкіндігі жоқ біршама талапкер солтүстіктегі елге көңіл аударуда.

Өз қаражаттарымен оқитын қалталы студенттер Еуропа мен АҚШ университтерін жиі таңдайды. Сонымен қатар, АҚШ пен Еуропаға "Болашақ", "Абай-Верн" тәрізді мемлекеттік немесе бірлескен бағдарламалар есебінен қаржыландырылатын дарынды жастардың басым көпшілігі жол тартуда. Қиырда білім іздеуші келесі топ – қиын болса да, баратын елінің тілін үйреніп тегін оқитындар. Олар Германия, Чехия, Польша, Қытай, Оңтүстік Корея елдеріне барады. Осындай талапты жастар DAAD тәрізді әртүрлі халықаралық стипендиялық бағдарламаларға қатысып, гранттар алуды көздейді. Оқуы тегін, өмір сүру шығынын көбінесе өздері көтереді.

Кейбір азаматтар білім алуды сылтауратып иммиграция мақсатында Канада, Аустралия, Жаңа Зеландияға кетуді көксейді. Болашағын Қазақстаннан тысқары санайтын осындай жандардың ойы – сол елдің азаматтығын алып, судай сіңіп, тастай бату. Жастардың тағы бір легі оқу ақысы мен өмір сүру деңгейі салыстырмалы түрде арзанырақ Польша, Чехия, Венгрия, Түркия мен Кипрге баруда. Ол елдерде бір жылдық оқу ақысы мен өмір сүру шығыны шамамен 6 мыңнан 11 мың еуроға дейін. Яғни, бүгінгі күнгі валюта бағамымен есептегенде шамамен 2.5 млн – 5 млн теңге аралығында. 

Қазақстанда ЖОО білім алу қанша тұратындығын салыстыра кетейік. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Сүлейман Демирел университетінде кейбір мамандықтарда дәрежесіне байланысты оқу ақысы жылына 1-1.5 млн теңгеге дейін жетіп жығылатын болса, KIMEP 3 млн теңгеге жуық қаржы талап етеді. Дегенмен еліміздегі барлық жоғары оқу орындарында білім алу үшін миллиондаған қаржы қажет емес, көпшілігі бұдан әлдеқайда төмен. Мысалы, Орталық Азия университетінде мамандық алу жылына шамамен 250 мың теңгеден басталады. Әрі елімізде студенттер үшін оқу ақысы көбінесе мемлекеттік гранттар есебінен жабылуда.

ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов шетелге оқуға кеткендердің дәл санын айту қиын екенін жеткізді:

"Шетелге кеткен балалардың көпшілігі турист ретінде барып, консулдық тіркеуге тұрмайды. Олар оқуға түскенін кейін ғана біліп жатамыз. Бүгінгі күнгі статистика дәл емес. Сол себепті статистика мәліметтерін реттеуге күш салудамыз. Тағы бір айта кетерлігі, қазір біз әлемнің ең үздік оқу орынына түскендерді бірлесе қаржыландыру жүйесін жасауды ойластырып жатырмыз. Мысалы, жақында маған Оксфордқа түскен жігіт келді. Оксфорд университеті оқу ақысын өз мойындарына алғанымен, тұратын жері, тамағы, виза және басқа да шығындарын жаппайды екен. Осындай кездері бірлесе қаржыландыру бағдарламасы жұмыс істеп тұрса жақсы болар еді. Шығынның бір бөлігін біз жабатын болсақ, оқуға өздері түскен талапкерлер топ университеттерде оқуға мүмкіндік алады. Әрі дипломы қолына тигеннен кейін, Қазақстанға қайтып келіп көрсетілген қолдауды еңбегімен өтеп берер еді",- деді ҚР Бблім және ғылым министрі.

Сонымен қатар, Асхат Аймағамбетов сыртқа кетуші талапкерлер санының айтарлықтай азайып, шетелге кету тенденциясының төмендегенін де мәлімдеді. 

"Бүгінгі күні үдеріс өзгеруде.  Мектеп бітірушілердің шетелге кетуі Шығыс Қазақстан облысында 2.5 есеге дейін кемісе, Солтүстік Қазақстан облысында 60%-қа азайды. Дегенмен азаматтарымыздың шетелде білім алғанынан теріс ештеңе көріп тұрған жоқпын. Мәселе олардың оқуын бітіргеннен кейін елімізге қайтып келуінде. Осы мәселенің екінші жағын ойластыруымыз керек. Мүмкін кейбіреулері ағылшын тілінде білім алғысы келетін шығар? Олар үшін ағылшын тілінде білім беретін бағдарламалар әзірлеп, енгізудеміз. Білім беру сапасын көтеруге ден қоюдамыз. Қос дипломды бағдарламалар жасаудамыз. Мысалы, студент біздің ЖОО-да оқып жүріп Ресейлік немесе АҚШ университетінің дипломын да қатар алып шығады. Бұл елден шықпай-ақ шетелдік білім алуға мүмкіндік береді. Оқу эмиграциясын азайту үшін осындай көптеген шаралар атқарылуда",- деді Асхат Аймағамбетов.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу