Бір ауыл шаруашылығының түйткілі он министрлікке жүк болмақ

3816

Үкімет Ұлы даланың артықшылықтарын игілікке айналдыра алмады. 

Бір ауыл шаруашылығының түйткілі он министрлікке жүк болмақ

Отыз жылда егістік азайып, мал басы кеміді

Тәуелсіздіктің 30 жылдығындағы ауылшаруашылығы саласының алған асуын, жеткен белесін талдаған сарапшы түңіледі. Өйткені барлық дерлік секторында кері кету бар.

Мысалы, 1991 жылы Қазақстандағы егістік жерлердің жалпы ауданы 34,9 миллиард гектарды құрапты. Үш онжылдықта егістік алқаптарының жалпы жинау алаңы екі еседен астамға азайған. АШМ дерегінше, биылғы жылғы қазандағы жағдай бойынша небары 15,8 млн гектардан дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды.

Отыз жылда малдың барлық дерлік түрі кеміді. Мысалы, ірі қара малдың саны – 1991 жылғы 9 миллион 592,4 мыңнан қазіргі кезде 7 млн 848,5 мыңға дейін, қой мен ешкі саны – 34 миллион 555,7 мыңнан биыл 20 миллион 6 мыңға дейін, шошқа саны – 2 млн 976,1 мыңнан 819,9 мыңға дейін күрт азайды. Тек жылқы саны ғана 1991 жылғы 1 млн 666,4 мыңнан бүгінде 3 млн 118,3 мың басқа дейін өскен.

Мал басының кемуі кесірінен елде ауылшаруашылығы өнімдері де азайып кетті.

Ұяты сол, 30 жыл ішінде АШМ сонау 1991 жылғы көрсеткішке әлі күнге қол жеткізе алмапты. Мысалы, ХХ ғасырдың 90-шы жылдарының басында Қазақстанда бір жыл ішінде 1 млн 524,4 мың тонна ет (сойыс салмақта) өндірілген. Ал 2020 жылдың қорытындысында елімізде мал мен құсты қоса алғанда 1 млн 166,6 мың тоннадай ет өндірілді.

Ет тірі салмақта 1991 жылы 2 млн 573,1 мың тоннаны құраса, 2020 жылы 2 млн 058,5 мың тонна ғана болды.

Тек сүт бойынша әупірімдеп, отыз жыл бұрынғы көрсеткіштен енді асты: 1991 жылы 5 млн 556,9 мың тонна сүт алынса, 2020 жылы бұл көлем 6 млн тоннаны құрады.

Осы жылдары Қазақстанның ауыл шаруашылығының тұтас индустриясы күйреді: 1991 жылы еліміз 1 млн 821,4 мың дана қаракөл өндіріпті. 2020 жыл қорытындысында ол 1,3 мың данаға дейін құлдырап, жоққа теңелген.

Ұлттық статистика бюросы тағы бір қызықты деректі келтіреді: 1991 жылы республика 104,4 мың тонна жүн шығарыпты. Ал 2020 жылы бұл көрсеткіш бар-жоғы 40,2 мың тонна болған. Оның басым бөлігі елде өңделмей, Қытайға, өзге елдерге шикізат күйінде жөнелтілді.

Бұл жағдайда ауылдың гүлденуі, ауыл кәсібінің дамуы, агроөнеркәсіптік кешеннің өркендеуі, саладағы түбегейлі бетбұрыс туралы сөз қозғау әбестік сияқты.

Әлде дәріптеуге тұрарлық жетістік бар ма?

"2020 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 2000 жылмен салыстырғанда номиналды мәнде 15 есеге ұлғайды және былтыр 6,3 триллион теңгені құрады! Соның ішінде өсімдік шаруашылығында – 3,7 трлн теңге, мал шаруашылығында – 2,6 трлн теңге болды", – деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Бұл жерде девальвацияны ескере отырып, салыстыра кеткен жөн: 2000 жылы теңгенің долларға шаққандағы айырбас бағамы 130 теңгені құраған. Сол жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 444 миллиард теңгеден асыпты. Бұл 3 млрд 415,4 миллион долларға тең.

2020 жыл қорытындысында ауылшаруашылығы шығарған өнімдердің бағасы 6,3 триллион теңгені құрағаны айтылды. Бұл қазір 14,6 миллиард долларға бара-бар. Яғни 2000 жылдан бергі өсім 4 еседен астам. 15 есе емес, әрине, бірақ осының өзі зор жетістік емес пе?

"Бұл жерде әңгіме өндірілген өнімнің бағасы туралы болып отырғанын естен шығармаған жөн. Есіңізде болса, 2000 жылдары ірі қалалардағы дүкендерде "әлеуметтік" деп аталатын, 15-20 теңгенің наны сатылатын. Бүгінде онысы 100 теңгедей. Басқа өнімдер де 2000 жылдан бері 5–6 есеге қымбаттады. Яғни шенеуніктердің "ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі еселеп өсті!" деген көркем есебінің астарында қымбатшылық та жатыр. Аграрлық ел Қазақстан өзі сиыр сауа отырып, Қытайдың құрғақ сүтін ішеді. Еліміздегі көптеген ірі сүт зауыты шың елінен тонналап құрғақ өсімдік сүтін тасып, өзінің сүті мен айранына қосатыны жасырын емес. Жеткен жеріміз осы!", – дейді экономист-ғалым Марат Ерғозин.  

Ата-баба қалдырған артықшылықтар

Егер құнтты қожайын болса, Ұлы даланы ұлан-ғайыр байлыққа айналдыра алады. Ата-бабамыз мұраға қалдырған жердің артықшылықтары "Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы" жобасында атап көрсетілген.

Біріншіден, аумағы жөнінен Қазақстан әлемде 9-шы орында. Яғни ата-бабамыз ұрпағын отыздыққа емес, жаһандық ондыққа енгізіп кетті.

Екіншіден, Қазақстан жан басына шаққандағы егістік жер көлемі бойынша әлемде екінші орында!

Үшіншіден, елімізде қазірдің өзінде 1,4 миллион гектар ылан-ойран суармалы жер қалды. Бұл мысалы, Сингапур секілді 20 ел сыйып кететін аумақ. Мұның сыртында миллиондаған егістік, шабындық және суармалы жерлер пайдаланылмай жатқан көрінеді.

Төртіншіден, ежелден жайылымдық мал шаруашылығы жолға қойылған, төрт түлік мал өсірудің дәстүрлі мәдениеті дамыған.

Бесіншіден, салмақты еңбек ресурстары да бар: ауыл халқының үлесі барлық халықтың 43%-ын құрайды.

Алтыншыдан, қазақ жері топырақ-климаттық аймақтар жөнінен әртүрлі болып келеді, сарапшылар пікірінше, бұл әралуандылық "ауылшаруашылығы өнімдерінің кең ассортиментін өндіруге және елдің азық-түлік тәуелсіздігін қамтамасыз етуге толық мүмкіндік береді". Мысалы, қазіргі ең қымбат өнімдердің бірі саналатын күнбағыс әлемде санаулы елдердің, соның ішінде Қазақстанның жерінде өседі. Салыстыру үшін айтсақ, жаһандық нарықта 1 тонна мұнай шамамен 450-500 доллар тұрады, ал 1 тонна күнбағыс майының бағасы 1 мың доллардан асты.

Қалауын тауып, қолданса, мұның бәрі аяқ астында жатқан қазына.

Шенеуніктер тудырған осал тұстар

Алайда тұжырымдамада айтылғандай, Қазақстанның қазіргі агроөнеркәсіптік саласы әлсіз, осал тұстарға толы.

Біріншіден, азық-түлікті тұтынудың ішкі нарығы шағын, экспорттың да өрісі тарылып барады. Мысалы, Ауғанстанды тәліптер басып алғалы, Қазақстан ең ірі ұн және астық сатып алушысын жоғалтуда, экспорт шектелген. Ол нарықта Қазақстанды Өзбекстан ығыстыруда.

Екіншіден, мемлекет арзан көлік дәліздеріне емін-еркін қол жеткізе алмады. Мысалы, отандық кәсіпкерлер Ресейдің де, Қытайдың да кеден арқылы еліміздің ауылшаруашылығы өнімдерінің жеткізілімін тұсаулап отырғанын айтып, дабыл қағуда.

Үшіншіден, Қазақстан ауылшаруашылығы шикізатын жеткілікті өңдеуге қол жеткізе алмады. Төртіншіден, елде сауда-логистикалық инфрақұрылымның және көтерме сауда буынының дамымауы да салаға қолбайлау болған көрінеді.

Бесіншіден, республикада қолданылатын заманауи, озық агротехнологиялардың көлемі де, үлесі де жеткіліксіз. Алтыншыдан, саланың шығындылығы жоғары, еңбек өнімділігі төмен. Жетіншіден, ауыл кәсіпкерлеріне жеңіл, ұзақ кредиттік қаржыландыру қолжетімсіз.

Сегізіншіден, жер ресурстарын бөлу секторында ашықтық жоқ, жемқорлық жайлаған. Жер оны өңдейтін, төрт түлікке толтыратын шаруаға емес, кәсіп үшін кездейсоқ, бірақ билікке сөзі өтетіндерге беріледі. Тоғызыншыдан, ұқсата, ұтымды, үнемді жұмсай алмау кесірінен елде су ресурстары тапшы. Оныншыдан, агробизнес квазимемлекеттік институттардың қаржыландыруына тым тәуелді.  

Он бірінші олқылық – ауыл шаруашылығының өндірісі әлі күнге кадрлармен қамтылмаған, білікті мамандар жетіспейді.

Он екінші кемшілік – агроөнеркәсіптік кешенді ақпараттық-консультациялық қамтамасыз ету жүйесі нашар. Мысалы, шенеуніктер субсидиялау ережелерін жиі өзгертеді. Ол жаңашылдықтан хабарсыз фермер ескі шарттарға иек артып, шетелден асыл тұқымды сиырлар табынын әкеледі, не аса қымбат ауылшаруашылығы техникасын сатып алады. Субсидиялаудың уақытша доғарылғанын артынан біліп, сан соғады. Субсидиямен өтеуден үміттеніп, банк алдында берешекке батқан, банкрот болған ауыл кәсіпкерлері жетерлік.

Жалпы ауылшаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі жаңа стратегиялық құжатын (тұжырымдама) жүзеге асыруға 10 меморган және бірнеше квазимемсектор өкілі тартылады екен. Бұлар – Ауылшаруашылығы, Ақпарат және қоғамдық даму, Білім және ғылым, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Сауда және интеграция, Ұлттық экономика, Қаржы, Экология, геология және табиғи ресурстар, Энергетика министрлігі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, "Атамекен" палатасы, "Бәйтерек" холдингі және "Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы" КЕАҚ.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, ауылшаруашылығын дамытуда Үкімет жұмыла жұмыс істеу арқылы жетістікке жетеді деген үміт бар.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу