"Біраз лайықсыз педагог 4,8 миллион теңге сыйақы ала ма"

4593

Халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздарын "даярлаған" мұғалімдерге миллиондаған теңге сыйақы төлеу туралы биліктің шешімі қоғамда шу мен сын туғызды. Оның мәнісі мәлім болды.

"Біраз лайықсыз педагог 4,8 миллион теңге сыйақы ала ма"

Бұл тың жаңалықты таяуда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында жариялаған болатын. 

"Жақында Президент халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздарына біржолғы ақшалай төлемдер төлеуді қарастыратын заңға қол қойды. Алтын медаль алған оқушыға 1 500 АЕК (4 770 000 теңге), күміс медальға 1 000 АЕК, қолаға 500 АЕК ақшалай сыйақы беріледі. Оқушыларды жарысқа дайындаған педагогтерге де осынша біржолғы сыйақы беріледі. БҒМ балаларға жағдай жасау және олимпиадалық қозғалысты дамыту жұмыстарын жалғастырады", – деді министр.

Жас дарындарды қуатты қолдауды қоғам қызу құптады. Ал педагогтерге қатысты ауызбіршілік жоқ. Оны түсінуге болады. Ата-аналардың шағымында айтылғандай, қазір педагогтер бұрынғыдай баламен бірге отырып, оның білімін тереңдетуге тырыспайды. Оқушы үйінде өз бетінше білімін жетілдіруге, қаптаған жаттығу-тапсырмаларды орындауға мәжбүр.

Алматылық ұстаз, математика, логика, алгебра, геометрия бойынша репетитор Мерей Қабаев мұғалімдердің бәрі бірдей болмағанымен, үлкен бөлігі оқушыларын халықаралық жарыстарға дайындауға мән бермейтінін қаперге салды. Алайда олимпиадаға өтінім толтырғанда мұғалімін көрсету шарт. Содан педагогтер арасынан шөптің басын сындырмастан дайын асқа тік қасық болатындар табылуы мүмкін.  

"Білім туралы заңға енгізілген жаңа түзетулерге сәйкес, біржолғы ақшалай төлемдер Олимпиада жеңімпаздарын дайындаған педагогтерге де төленеді. Бұл ретте БҒМ бюджет қаржысын шашпас бұрын мұғалімнің соған шын еңбегі сіңді ме, жоқ па, соны анықтаса жөн болар еді. Мұны математика олимпиадалары мысалында қарастырып көрелік. Мектеп математикасы мен олимпиадалық математика дегеніміз – әрбасқа бағыттар екенін түсініп алу керек. Сондықтан осы пәнді беске оқитын оқушының өзі халықаралық жарысқа сапалы, жеке, бөлекше дайындалмаса, тіпті төменгі іріктеу кезеңдерінде еш жетістікке жете алмайды", – деді ол.

М.Қабаев олимпиадалық резервтің жаттықтырушысы ретінде оқушыларды даярлай жүріп, көңілге түйген бірнеше жайтты әңгімеледі.

"Біріншіден, дарынды балалар баратын ең беделді, қымбат мектептердің өзі оқушыларды олимпиадаға дайындай бермейді. Оқушы көбіне халықаралық сайыстарға не өз бетінше дайындалады немесе ата-анасы мықты репетиторларды жалдайды, осыған маманданған оқу орталықтарына сүйрейді. Ондай орталықтар елімізде көп. Екіншіден, талантты, талапты, қабілетті балаларды іздеп тауып, өзіне тартатын мықты мектептер бар. Бұған жиі куә болдым. Мұғалімдері білікті мектепте оқып жүріп жетістік көрсете бастаған, айталық республикалық олимпиадада алтын медаль иеленген шәкіртті келесі жылы жекеменшік мектеп грант беріп, түсу емтиханынсыз қабылдап, алып кетеді. Сол жылы ол бала халықаралық жарыста топ жарады. Онда біржолғы ақшалай сыйлықты оның бұрынғы бапкер-мұғаліміне берген әділетті емес пе? Спортта да солай ғой", – дейді педагог.

Үшіншіден, табиғи дарынды балаларды ерте танып, оларды сабақтан кейін олимпиадаларға дайындайтын мектептер де бар. Дегенмен бұл мектептерде оқушыларды даярлаумен бірнеше мұғалім-жаттықтырушы қатар айналысады, бірін бірі ауыстырады. Мұндайда 4,8 миллиондай теңге сыйлықты оның қайсысына берген дұрыс?

"Төртіншіден, қандай да бір олимпиадаға оқушыны жолдағанда, оны ұйымдастыратын "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығы сол оқушыны дайындаған мұғалімнің атын көрсетуді сұрайды. Содан мектептерде келесідей түйткіл туындайды. Пән мұғалімі оған өз атын жазғызуға күш салады, ал шынында шәкірттің шеберлігін репетитор немесе кейбір мектеп ішіндегі үйірмелердің жаттықтырушылары шыңдайды. Бұл әріптестер арасына сына қағады. Сондай-ақ оқушы мен оның ата-анасының жүйкесіне салмақ салады. Жаттықтырушысы ретінде кімді көрсету жөнінен соларға таңдау жасауға тура келеді. Олар не мұғалімді, не жаттықтырушыны өкпелеткісі келмесі сөзсіз. Бұған қоса, педагогтер тарапынан оқушыға қысым жасалып жатады. Осылайша, ақшалай мол сыйақы пән мұғалімі мен тренер-мұғалімдерді ұрыстырып, араздастырып тынуы мүмкін", – дейді Мерей Қуанышқалиұлы.

Осыған орай ол Білім және ғылым министрлігіне тұйықтан шығудың үш сценарийін ұсынды. Біріншісі бойынша жеңімпазды дайындаған тәлімгер-мұғалімдерге сыйлық бермеу керек. Оқушыны оны көрсетуді талап етіп, қинамай, тек оқитын мектебін жазуды өтінген абзал. Ал мұғалімдерге көзделген сыйлықты дарынды балаға беру керек, сонда молырақ ақшаға ие болған жас тіпті өз ісін ашуы мүмкін. Әрине, онда ешбір мұғалім балаларды халықаралық жарыстарға дайындауға ынталы-іңкәр болмайды дерсіз? Шынында олай емес. Олимпиадалық жетістік педагогтерді Бірыңғай біліктілік тестілеуінен өтуіне және жоғары дәреже алып, айлығын көбейтуіне мүмкіндік береді. Оның үстіне мерейі өсетін болған соң мектептер де оқушыларының олимпиадаларда жеңуіне мән беріп келеді.

Бірақ Президент заңға қол қойып қойды, ол күшіне енді. Сол себепті екінші сценарийге сәйкес, біржолғы сыйақы нақты педагогке емес, бюджеттен тікелей мектептің есепшотына түсуі қажет. Сонда директор оны мұғалім мен жаттықтырушы арасында бөліп бере алады. Екеуі де риза болса керек. Жоқтан бары жақсы.

Егер БҒМ қос нұсқаны да қолай көрмесе, үшіншісі бар: тәлімгер-жаттықтырушылар мен мұғалімдерге арналған емтихандарды, тестілеулерді қарапайым оқушыларға арналған мектеп бағыттары бойынша емес, олимпиадалық бағыттар бойынша өткізіп, педагог білімін соның негізінде тексеру ұсынылды. Сонда ең мықтылары, лайықтылары іріктеліп шығады. Сонда мемлекеттігін, жекеменшігін қоса алғанда еліміздегі 7 550 мектептің әрқайсысында олимпиада сайыпқырандарын даярлай алатын қанша майталман ұстаз бар екені анықталады.

Биология пәні бойынша Edlight Academy тренері, халықаралық жарыстардың біраз жүлдегерін шыңдаған мұғалім Ілияс Сакимов те біраз әділетсіздікке назар аудартты. Қазақ "оқып туған" деп айтатын асқан дарынның әлеуетін ашу әлдеқайда оңай, жөн көрсетсе, өзі іліп әкетеді.

"Мемлекет неге басқа салалардағы майталман ұстаздарды осындай мол сыйлықпен марапаттамайды? Мысалы, дамуда кенжелеп қалған балалармен айналысып, зор жетістікке жеткен білікті ұстаздар көрінбей қалады. Өйткені олардың шәкірті олимпиадаға қатыса алмайды. Бұдан бөлек, PBL, CLIL, flipped classroom және басқа инновациялық оқу әдістемелерін қолданып, авторлық жұмыс жүргізіп, шәкірттерінің білім көзін аша алған педагогтер де көбіне елеусіз жүреді. Ақыр соңында, олимпиадашылар – болашақ дарындардың шағын ғана бөлігі ғой. Ендеше тек біржақты болмай, мұғалімдерді жан-жақты бағалаудың нақты, баршаға түсінікті критерийлері керек", – деді І.Сакимов.

Жалпы ұштығын тартса, әділетсіздіктер, тіпті кемсітушіліктер шеті тарқатыла беретінге ұқсайды. 

"Оқушысы олимпиадада қара үзіп келген ұстаздарды ұлықтауға кіріскен екен, онда бірқатар пәндер бойынша мұғалімдерге қатысты әділетсіздік жасалатынын неге байқамайды? Бәріміз білеміз, математика бойынша пәндік олимпиадалар орыс және ағылшын, басқа тілдерде өте көп. Өзге бірде бір пән оған ілесе алмайды. Сондықтан олимпиадалық жетістіктерге жетуде математиктер әрдайым артықшылыққа ие", – деді ол.

Сондай-ақ физика, информатика бойынша да халықаралық пәндік жарыстар көп. Ал қазақ тілі, биология, химия бойынша оқушылар негізінен тек республикалық олимпиадаға қатыса алады. Әсіресе, қазақ тілі пәнінің мұғалімдеріне обал. Ол пән бойынша халықаралық олимпиада жоқтың қасы.

Ілияс Сакимовтың айтуынша, бұл жайт аталған салалардағы дарындарды, бапкерлерді ынта-ықыластан айырады. Олардың арасынан болашақта атақты дәрігер немесе биотехнологтар шығуы мүмкін еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанның синонимі әділетті Қазақстан болады дегенді айтты. Ендеше бюджет ақшасын белгілі бір санатқа шашпас бұрын ол қадамның әділдік ауылына қаншалықты алыс жатқанын да бағамдаған артық болмас.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу