Бірқатар өңірге тазаланған канализация суын тұтыну ұсынылды

4221

Қуаңшылық облыстарға біраз залал келтіргелі тұр.  

Бірқатар өңірге тазаланған канализация суын тұтыну ұсынылды

Биыл еліміздің бірқатар елді мекені су тапшылығына, құрғақшылыққа маңдай соқты. Әсіресе, Қызылорда облысы қатты зардап шегуде, деп жазады Inbusiness.kz.

Қазірдің өзінде бұл облыста малдың жаппай қырылуы тіркеліп жатыр, тек Арал ауданының 8 ауылында ғана мыңға жуық мал өлексесі табылған. Мамандардың алдын ала байламынша, бұған қуаңшылық кесірінен жайылымдық жерлердің деградацияға ұшырауы кінәлі көрінеді. Ветеринарлар барлық елді мекендерін тексерген. Қырылған малдан сынамалар алынған. Нақты нәтижелері бір айдан кейін дайын болады.

Өңір басшылығы аралдық фермерлерді жемазықпен қамту проблемаларын шешуге бағытталған жоспар әзірледі. Арал ауданы әкімінің орынбасары Еркін Әбішевтің мәліметінше, сенбі сайын төмендетілген бағамен шөп-жем сатылатын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіледі. Тек осы аудандағы малды жазғы маусымда аман сақтап қалу үшін 7 520 тонна жемазық қажет болмақ. Оның үлкен бір бөлігін Ақтөбе облысынан тасу жоспарланған.

Өңірге Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Үкіметтің өзге мүшелері сапарлады. Бас эколог Қызылорда облысындағы көлдердің және Көкарал бөгенінің жағдайымен танысып қайтты. Құрғақшылық кесірінен бұрынғы жылдары арнасы біршама толған Кіші Арал енді кері қайтып, қаңсып кебе бастапты.

Сырдария алабындағы Қамыстыбас (Қамбаш) көл жүйесі экология үшін де, халық шаруашылығы үшін де өмірлік маңызды саналады. Алайда Сырдария бассейнінде судың аз болуы кесірінен соңғы 2 жыл бойы көл жүйесі жөндем толықпаған, нәтижесінде бүгінде көл жартылай құрғап қалды. Суы көл жағалауынан 200–300 метрге дейін әрі алыстап кетті.

Қызылорда облысының аудандары суды үнемдеп жұмсау режиміне көшірілуде.

"Өңірде суға қатысты күрделі ахуал қалыптасты. Жедел шаралар қабылдау қажет. Сырдария өзенінде, Аманөткел кенті жанында су тұтатын гидроторап салу мәселесін пысықтаған жөн. Бұл Қамбаш және Ақшатау көл жүйелерінде су деңгейін ұстау және молықтыру үшін қажетті жағдайлар жасайды", – дейді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Бірақ мұның бәрі біршама уақытты талап ететін жобалар. Ал мәселені қазір әрі шұғыл шешкен абзал. Сондықтан бизнесмендер пайдаланылған суды тазартып, қайта жұмсауды ұсынып отыр. Ондай суды әрине, ел іше алмайды. Бірақ мысалы, егін суаруға жарап қалады.

Елде канализациялық суды тазартып, техникалық су деңгейіне дейін жеткізумен айналысатын бірнеше компания бар. Соның бірі – елордалық фирманың директоры Сырым Мұқаметжан пікір-ұсыныс білдірді.

"Қызылорда облысы үшін канализациялық ағын суларын техникалық су деңгейіне дейін тазартып, тұтыну – су ресурсын үнемдеп жұмсаудың перспективті бағыты саналады. Оны мысалы, қала ішінде – көшет-ағаштарды, гүлзәрларды, бақтарды, ауылда – бақшаларды суаруға пайдалануға болады. Бұл су сондай-ақ автожууларда, құрылыста және басқасында  қолданылуы керек. Әйтпесе, осы мақсаттың бәріне таза ауыз су шығындалуда. Бүкіл облыс қуаңшылықтар зардап шегіп жатқанда бұлай жасау әбестік!", – деді сарапшы. 

Оның айтуынша, мұның шешімі бар: канализациялық суларды жинап, микроағзалардан-бактериялардан және басқасынан толық залалсыздандырып, нейтрализациялап, техникалық су деңгейіне дейін жеткізетін кешендер іске қосылуы керек. Оны нарықтан табуға болады.

Соның бір технологиясын көршінің ғалымдары Ресейдің Қорғаныс министрлігі мен Төтенше жағдай министрлігі тапсырысымен әзірлеген. Оны қазақстандық компаниялар сатып алып, елге әкелуге дайын. Ұқсас кешендерді өзге шет елдерден де тасуға мүмкіндік бар. Тек ниет пен қаражат болса болды.  

"Мұндай кешендердің жылжымалы 1 модулі тәулігіне 5 500 текше метрге дейінгі суды тазарта алады. Ол үшін арнайы ғимарат тұрғызу, әлдебір құрылыс жұмыстарын жүргізу қажет емес. Бір кешеннің құны 1,3 миллион доллардан басталады және өнімділігіне қарай құбылады. Тазартылған су "Елді мекендердің су бұру жүйелеріне сарқынды суларды қабылдау ережесінің" талаптарына сәйкес келеді. Біздің компания өңделген судың химиялық құрамы туралы нақты деректерді тазалау жүргізген соң зерделеп, ұсына алады", – дейді Сырым Мұқаметжан.

Оның дерегінше, мұндай судың күлімсі иісі болмайды. Дегенмен, ішуге жарамайды. Бірақ егістікті, ағаштарды, бұталарды, гүлзәрларды суаруға, сонымен қатар құрылыс, мұнай өндірісі және басқа да салалардың технологиялық қажеттілігі үшін пайдалануға әбден болады.

Мәселен, мұндай технология Маңғыстау облысында тіпті мұнайы бар қалдықтарды өңдеу мақсатында енгізілді: соның арқасында мұнай қалдықтары экологиялық таза деңгейге дейін толық циклда өңделеді.

Отандық компаниялар қуаңшылықтан жапа шегіп жатқан Қызылорда, Түркістан облыстарында, еліміздің батысында әкімдіктермен, коммуналдық кәсіпорындармен мемлекеттік-жекешелік әріптестік келісімін бекітіп, іске кірісуге әзір. Тек жергілікті билік оларды кәріз суымен қамтамасыз етуі және өңделген суды сатып алуы керек болады.

Мұнда кілтипан бар: салған инвестициялары қайтуы, бизнес жоба өзін-өзі ақтауы үшін бұл фирмалар су үшін алдын ала төлеммен ғана жұмыс істемек. Яғни, коммуналдық кәсіпорындардағы "тұтынушы алдымен тұтынады, соңынан төлемін төлейді" қағидатын қабылдамай отыр.

Бұған қоса, өңделген судың құны қымбаттау. "МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" ЖШС Ақтауда Каспийдің тұзды суын тұщыландырып, 1 текше метрін 500 теңгеден жеткізетіні мәлім. Халыққа қолжетімді болуы үшін оны мемлекет субсидиялап, жеке тұлғаларға 1 текше метрін 312 теңгеге ұсынады. Ал техникалық су деңгейіне дейін адаланған кәріз суының 1 текше метрі шамамен 450–470 теңгені құрамақ. Яғни, ол да субсидиялауды қажет етеді.

Негізі, мұндай тазартушы кешендер іске кірісуі үшін көп уақытты қажет етпейтін көрінеді: су бере бастауына 20 күн жеткілікті деседі.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу