Ірі өзен суын екіншісіне "лақтыратын" аралық трассалар салынбақ

3779

Қазақ елі осы онжылдықта шөл далаға айналуы мүмкін, оған жол бермеу үшін Үкімет не істейді?  

Ірі өзен суын екіншісіне "лақтыратын" аралық трассалар салынбақ

Бар суымызды төрт-бес жылда тауыса аламыз

Гидрографиялық қағидат бойынша Қазақстанның аумағында бүкіл ірі өзен 8 су шаруашылығы бассейніне бөлінген, бұлар Ертіс, Есіл, Арал-Сырдария, Балқаш-Алакөл, Жайық-Каспий, Нұра-Сарысу, Тобыл-Торғай және Шу-Талас.

Тұтастай алғанда, Қазақстанның басты су қоры – нақты көпжылдық өзен ресурстары жылына небәрі 102,3 текше шақырымды ғана құрайды. Салыстыру үшін айтсақ, кішкене ғана Қырғызстанда бұл көрсеткіш 2 мың 458 текше шақырымға, ал Ресейде 90 мың текше шақырымға тең!

Қазақстандағы су ресурстарының жартысы немесе 54,5 км3 ғана – жергілікті ағын. Қалған 51,5 км3 Орталық Азия мемлекеттерінен, Ресейден және Қытайдан келеді.

Ертіс және Балқаш-Алакөл су шаруашылығы бассейндеріне қарайтын еліміздің тек шығыс, ішінара оңтүстік-шығыс өңірі ғана жерүсті, яғни өзен-көл суларымен молынан қамтамасыз етілген.

Ал өзгелеріне, кейбір ғалымдардың пессимистік пікірінше, шөлге айналу қаупі төнуі ғажап емес. Ең аз қамтамасыз етілген аймақ – Орталық Қазақстан, ол қазірдің өзінде шамадан тыс пайдаланылатын (88%-ы өндірістік қажеттіліктер үшін шығындалады) Нұра-Сарысу су шаруашылығы бассейніне қарайды.

Бұған қоса, Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-шығыс және батыс өңірлері (Арал-Сырдария, Балқаш-Алакөл және Жайық-Каспий бассейндері) көрші елдерге, солар жіберетін су ағынына барынша тәуелді.

Бетін аулақ қылсын, егер еліміздің өзендері көршілерден, жауын-шашыннан толыға алмай қалса елдегі суды төрт жыл ішінде ішіп тауысатын түріміз бар. Атап айтқанда, экономика салалары мен халықтың қажеттіліктеріне 2018 жылы республика бойынша 24,8 км3, 2019 жылы – 25,1 км3, ал 2020 жылы – 24,6 текше шақырым су шығындалған. Байқап отырғаныңыздай, елімізде ешқандай да су үнемдеу жүзеге асып жатқан жоқ.

Масқарасы сол, онсыз да аз ресурс жолай босқа рәсуа болады. Мәселен, ауылшаруашылығының ысырап еткен суының көлемі 2018 жылы – 15,8, 2019 жылы – 2,7, 2020 жылы – 3,1 текше км, отандық өнеркәсіптің ысырабы 2018 жылы – 0,18, 2019 жылы – 0,15, 2020 жылы – 0,15 км3, коммуналдық-тұрмыстық сектордың су ысырабы 2018 жылы – 0,15, 2019 жылы – 0,14, ал 2020 жылы – 0,15 текше шақырым болды.

Осыған орай суды шығындауды мейлінше азайтып, барынша үнемдеуге көшу орнына ел Үкіметі кәсіпорындардың су ресурсын пайдалануын бақылаудан шығарып тастауға ниеттенген. Тиісті норма Үкіметтің Парламентке енгізген "ҚР кейбір заңнамалық  актілеріне  энергия  үнемдеу  және  энергия  тиімділігін  арттыру  мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында болды. Бұл құжатты Мәжіліс таяуда бірінші оқылымда мақұлдағаны мәлім.

Мәжіліс депутаты С. Симоновтың айтуынша, заң жобасын әзірлеген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Мемлекеттік энергетикалық реестрдегі кәсіпорындардың уәкілетті меморганға қанша суды тұтынып, қаншасын босқа рәсуалағаны туралы тұрақты ақпарат ұсынып тұру міндеттемесін жоймақ болды. Бұған қоса, ірі кәсіпорындардың жыл сайын су тұтыну көлемін азайту міндетемесін жою қарастырылған. Бұған депутаттар қарсы шығып, аталған норманы алып тастауға, қолданыстағы тетікті сол бойы қалдыруға табандады.

"Егер Үкімет бақылауды алып тастаса, жыл сайын су тұтынатын мыңдаған өнеркәсіптік кәсіпорын, коммерциялық, бюджеттік ұйымдар толығымен бақылаудан тыс қалады. Яғни олардың суды қаншалықты ұтымды пайдаланатынын ешкім білмейтін болады. Әлем климаттық өзгерген, қуаңшылық жайлап, судың тапшылығы туындаған шақта бұған жол беруге болмайды", – деп шорт кесті Нұрлан Нығматулин.

Осыдан кейін Индустрия министрі Бейбіт Атамқұлов ағат кеткенін түсінді.

"Біз депутаттардың ұсынысын қолдауға ұйғардық. Оның үстіне Экология министрлігімен ақылдастық, егер қолданыстағы тетікті жойсақ, бізде кәсіпорындардан қанша су тұтынғаны туралы ақпарат алу мүмкіндігі қалмайды екен. Сондықтан депутаттардың айтқаны дұрыс деген шешімге келдік", – деді министр.

Яғни ірі кәсіпорындардың бұл лоббистік талабы өтпей қалғанға ұқсайды.

Бүкіл Орталық Азияның тұрақты дамуына қауіп төндіреді

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетінің байламынша, Қазақстанда халық санының көбеюіне, мал басының өсуіне, суармалы жерлер көлемінің 3 миллион гектарға дейін артуына, өнеркәсіптік өндірістің өсуіне байланысты су тұтыну көлемі де ұлғаяды. Нәтижесінде, елде жылдық су тұтынудың болжамды көлемі 29,7 текше шақырымды құрамақ. Су үнемдеу шаралары қабылданбаса, бұл елдің шөлденуіне, өзен-көлдердің тартылуына соқтыруы мүмкін.

"2030 жылға дейінгі перспективада шектес мемлекеттер аумағынан келетін ағынды су 51,5-тен 46,5 текше шақырымға дейін қысқаруы мүмкін. 2030 жылға қарай Қазақстандағы жерүсті су ресурстары бірден 5 текше шақырымға азаяды деп күтілуде, ал ел ішіндегі және әлемдегі антропогендік әсерді ескерсек, су ресурстарының тапшылығы елде 23,2 текше шақырымға жетуі ықтимал. Бұл халқымыздың және экономика салаларының тұтынатын жылдық су көлеміне тең!", – деді ведомство.

Ендеше Қазақстанда су ресурстары бір жағынан қарқынды шығындау, екінші жағынан табиғи азаю есебінен екі есе қарқынмен кемуі мүмкін.   

"Қазақстан аумағында ауа температурасы жылдың барлық айларында 0,8-1,2°С-қа одан әрі көтеріледі, сондай-ақ 2030 жылға қарай жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері өзгереді деп күтілуде. Климаттың жаһандық және өңірлік жылынуына реакция ретінде қазақстандық өзендердегі су ағыны азаяды, су қоймаларында судың булануы артады, Арал және Каспий теңіздері, Балқаш көлі деңгейлері төмендейді, су ресурстарына шаруашылық сұраныс өседі. Сонымен қатар қазір әлемде мұздықтардан келетін ағынының тез төмендеуі байқалады, мұздықтар елімізде вегетациялық кезеңде өзен суының 50%-ына дейін қамтамасыз ететін. Бұл трендтердің сақталуы болашақта су қауіпсіздігі проблемаларының күрт шиеленісуіне әкеп соғады және бүкіл Орталық Азия елдерінің тұрақты дамуына нақты қауіп төндіреді", – деп ашық жариялады Су ресурстары комитеті.

Осының бәрі ғасыр ортасында емес, ағымдағы онжылдықта Қазақстанға қандай алапат қауіп төніп тұрғанын аңғартқандай. Биылғы жылы бірер өңірді ғана жайлаған қуаңшылық бүкіл қазақстандықтың үрейін ұшырды. Егер сондай қорқынышты көрініс жаппай жайласа не болмақ?

Қазақстан қандай шаралар қабылдауы керек?

Осы орайда меморган "ҚР су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасының" жаңа жобасын әзірлеп отыр. Оған сәйкес, біріншіден, 2024 жылға қарай өзен ағынын, жерасты суларын қайта бағыттаудың бассейнаралық трассаларын, ықтимал бағыттарын әзірлеу жоспарланған. Сонда мысалы, қатты құрғап қалған бір өзенді екіншісімен толтыруға жол ашылуы мүмкін.

Екіншіден, қазірдің өзінде ескіріп қалған Су кодексінің орнына 2023 жылы жаңасы қабылдануға тиіс. Үшіншіден, келесі 2022 жылы Су шаруашылығы және су ресурстары проблемасымен жеке айналысатын ғылыми орталық құру ұсынылды.

Төртіншіден, өзендердің ресурстарын бағалау, ағынын реттеу ісіне компьютерлік модельдеу технологиялары қолданыла бастайды. Ол деректер жаңадан құрылатын "Өзен ағыны ресурстарын бағалаудың ақпараттық жүйесіне" енгізілмек.

Бесіншіден, Қазақстанда 2023 жылы суды пайдаланудың лимиттері әзірленеді деп белгіленген. Өзге де тың шаралар пысықталады.

Жағдайдың көңілсіз екенін мынадан да байқауға болады. Жаңа тұжырымдамада Израильдің үлгісі келтірілген. Ал бұл – әлемдегі ең судан тарыққан мемлекет екені мәлім. Оның тұрғындары негізінен теңіз суын тұщыландырып ішуге мәжбүр.

"Израильдің тәжірибесі – қазіргі заманғы технологияларды табысты қолданудың, елдің су шаруашылығын басқару мәселесіне бизнес пен халықты тартудың үлгісі болып табылады. Суды үнемдеу мәселесінде оң нәтиже берген бірнеше шараны бөліп көрсетуге болады. Мысалы, саналы азаматтардың жаңа буынын қалыптастыру мақсатында балаларға арналған бағдарламалар сериясы дайындалды. Суды тұтынуды азайту мақсатында атақты, танымал тұлғалардың қатысуымен теленауқандар өткізіледі. Нәтижесінде қалалық жерлерде су тұтыну 18%-ға азайды", – делінген құжатта.

Дамыған елдер "суды аз тұтыныңыз, денеңізді, беті-қолыңызды жуған суды унитазды шаюға пайдаланыңыз" деген сияқты үгіт жүргізеді. Бізде де атақты, танымал адамдарға осыған ұқсас үгіт жүргізуіне тура келетін заман таяп қалғанға ұқсайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу