Кіші Талдыкөл тартылып барады – экобелсенділер жан-айқайын БҰҰ-ға жеткізбек

2906

Тынымсыз құрылыстың салдарынан Нұр-Сұлтанның батыс бөлігіндегі кіші Талдыкөлдің қамыс-қоғасы жапырылып, суы тартылып бара жатыр.     

Кіші Талдыкөл тартылып барады – экобелсенділер жан-айқайын БҰҰ-ға жеткізбек

Адамның қамы үшін аң-құстың ұясы бұзылып, көл экожүйесі көпе-көрнеу қиянатқа тап болған. Осылай деген бір топ экобелсендінің Талдыкөлдің мәселесін көтеріп, бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Табиғатқа жасалған бұл қиянат Қазақстанның халықаралық келісімдеріне де қайшы дейді экобелсенділер, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Жүк көліктері көлге қалдықтарды төгіп жатыр

"SOS Taldykol" деп халыққа үндеу тастаған бір топ белсенді бүгін бұқаралық ақпарат құралдарының басын қосып, жиын өткізді. Белсенділердің айтуынша, аталмыш проблеманы Мемлекет басшысының өзі назарына алуы керек. Өйткені Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің шешімімен "Кіші Талдыкөл көлдер тобы" су нысаны су қорынан шығып қалған. Яғни аң-құстың жүзге жуық түрінің мекеніне орынсыз құрылыс салынып жатыр. Мәселен, өткен аптада ғана құрылыс жұмыстары қарқынды түрде "Зеленый квартал" тұрғын үй кешенінің қарама-қарсы бөлігіне таяп қалыпты. Күнделікті ауыр жүк көліктері суға құрылыс қалдықтарын төгіп, үстін топырақпен жауып жатыр.

Құрылыс жұмыстары басталмай тұрып, Талдыкөл Орталық Қазақстанның басқа да көлдеріндей толыққанды экожүйеге ие болған. Алайда 2017 жылдан бастап елордада Сығанақ көшесі салынып, Жағалау шағын ауданы ірге көтеріп, тіпті 2021 жылы ол аумаққа туристік нысан тұрғызу туралы айтыла бастапты.

"Елорда әкімі (Алтай Көлгінов – авт.) бізге "жігіттер, тынышталыңдар, ол жерге ештеңе салынбайды" дейді. Ал дәл сол кезде құрылыс бұрқ-сарқ қайнап, көл одан ары тартылып барады. 10 тамызда анықтағанымыздай, құрылыс жұмыстары тіпті екінші су қоймасына жақын маңда басталып кеткен. Алып самосвалдар топырақты әкеп, көлге төгіп жатыр. Бұл су айдыны құрылысты осылай ойсыз жүргізетіндей шалшық су емес, аң-құс мекен ететін көлшік қой. Не болып жатыр дейсіз бе? Есіл ауданында қоқыстың бәрі қайдан пайда болады десеңіздер, олар алдымен құрылыс басталған жерден шығады. Яғни қоқыстың бәрі алдымен көлге төгіледі, оның үстінен топырақ себіледі. Мұндайда оқиға орнына экологиялық полицияны шақырсақ, құрылысшылар оларға "біз топырақ жайып жатырмыз" деп ақталады. Бұл өте агрессивті әрекет", - дейді орнитолог, Қазақстан биоәртүрлілігін сақтау қауымдастығының ғылыми қызметкері Руслан Оразалиев.

Оның айтуынша құрылысшылар тіпті өз ыңғайы үшін алып құбырлардың көмегімен су қоймаларының бірінің суын басқа жаққа ағызып, көлдің орнын босатпақ болған. Бұған қарсы экобелсенділер өре түрегеліпті.

"Осыны іске асырмақ болған құрылысшыларға былай деп түсіндірдім. Отбасылық табыстарыңыз бар. Сол табысты екі азайтып тастаса не істер едіңіздер? Не ішесіздер? Не жейсіздер? Көлдегі аң-құстың да жайы соған ұқсайды. Қиянат жасап, көлді екі есе таяз етпексіздер? Бірақ бұл олардың басын қатырмайтын секілді. Құрылысшылар ойланса дейміз. Біз дәл осы жерде баспасөз мәслихатын өткізіп жатсақ, қала әкімдігі басқа журналистерді жинап, көлдің басында жүр деп естідік. Олар мәселені өздерінше түсіндіріп жатқан болар. Бірақ біз әкімдіктің өкілдерін осында шақырдық. Олармен карусельде отырған секілдіміз. Радикалды қадамдарға барған емеспіз, істі кәсіби тұрғыда тындыруды қалаймыз. ХХІ ғасырда дәл осылай біржақты шешім қабылдап жұмыс істеуге болмайды", - дейді ол.

"Министр Мырзағалиев қорқақ болып шықты"

Эколог, Ecounion.kz экологтар қауымдастығының төрағасы Лаура Мәлікованың айтуынша, Талдыкөлге байланысты 2020 жылы экологтар, сарапшылар, құрылысшылар жиналып, аталған мәселені ортаға салған. Сарапшылардың бір ауыз шешімімен бұл жерге құрылыс жүргізуге болмайды деген ортақ пайым-пікір болған. Алайда қала әкімдігі Кіші Талдыкөлді су қоры нысанынан елдімекен нысанына ауыстырып жіберген. Яғни заңнамалық тұрғыда қарағанда қағаз жүзінде бұл жерде "көл жоқ" деп белгіленіп тұр.

"Әкімдіктің өкілдері қызық: халықтың алдына шығып, бір сөз айтады да, іс жүзінде соған қарама-қарсы әрекеттерді жасап жатады. Талдыкөлдің мәселесіне байланысты дөңгелек үстел өткізіліп, жұмыс тобы құрылған. Осы жұмыс барысында қала әкімінің орынбасары Уранхаев мәселені бір-бірімізге хабарлап реттеп отырамыз деген. Әкімдіктің бұл әрекеттері Біріккен Ұлттар ұйымының конвенциясына қарсы. Ал бұл конвенцияға Қазақстан мүше екенін неге ұмытады? Бұл әрекеттер тіпті климат бойынша Париж келісіміне де қарама-қайшы. Париж келісіміне сәйкес, біз көмірқышқыл газын азайтып қана қоймай, көгалдандыру, ағаш егу жұмыстарын көбейтуіміз керек-тін. Сонымен қатар әкімдіктің бұл әрекеті БҰҰ-ның экологиялық ақпаратқа қолжетімділік туралы конвенциясына да қайшы келеді. Яғни бұл шешімдердің бәрі де қоғам өкілдерін шақырмай, Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне қарамастан біржақты қабылданған. Бұл жайттар Қазақстанды санкцияларға ұрындыру тәуекелдерін туғызады", - дейді Лаура Мәлікова.

Эколог атап өткендей, Үкімет пен әкімдік құрылыс компаниялардың алдына нақты міндет қойып, нәтижені тұрғызылған "шаршы метрмен" өлшейді. Ал ХХІ ғасырда әлемнің басқа мемлекеттері "жасыл құрылыс" деңгейіне өтіп кеткен. Лаура Мәлікованың айтуынша Қазақстанның құрылысшылары ХХ ғасырда қалып қойған. Әлі күнге дейін құрылыс барысында экожүйеге қаншалықты зиян келтірілгені есептелмейді.

"Бұл жерде Экология министрлігі бақылаушы болып қана отыр. Әкімдікке ешқандай қарсылығын білдіре алмайды. Өкінішке қарай министр Мырзағалиев қорқақ болып шықты. Ол ешқандай түпкілікті шешім қабылдай алмайды. Мемлекеттік органдар дәл осылай отыра берсе, біз халықаралық ұйымдарға, конвенцияны шығарған БҰҰ-ға жүгінуге мәжбүр боламыз", - дейді Лаура Мәлікова.

Экологтар сонымен қатар Қазақстан даму банкінің қаржыландыруымен аталған аумаққа туристік нысанның салынуын да түсінбейтіндерін алға тартады. Осы уақытқа дейін БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғау жөніндегі 30-ға тарта конвенциясына қол қойған Қазақстан осылайша, мемлекет қаражаты есебінен кіші Талдыкөлге туристік нысан салмақ.

"Яғни жағдайдың қаншалықты абсурдты сипатта екенін осыдан көре беріңіз. Біз шаршы метрлік жетістікті қуып, табиғатты құртпайық. Халықтың салығы есебінен кіші Талдыкөлге туристік салу деген мүлде түсініксіз жағдай", - дейді ол.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу