Қарағанды тұрғындары Ботаникалық бақтың сатылғанына наразы

2568

Өндірісі қызған кен орындарының улы шаңына бөгіп, алып зауыттардың түтініне қақалған қарағандылықтар Үкіметті таза ауа жұту мүмкіндігінен айырмауды, жаңа бақ ашып беруді өтінеді.  

Қарағанды тұрғындары Ботаникалық бақтың сатылғанына наразы

Кенді өңір жұртшылығы "Қарағанды ішіндегі ірі орман алқабының, атап айтқанда Ботаникалық бақ аумағының жабылып, жергілікті тұрғындарды жібермей қоюына" қарсы қайтадан шағымдануда.

"Біздің өңірде онсыз да экологиялық проблема өткір тұр. Қарағандылықтар бұрындары экологиялық таза орын – орман жаққа тынығуға баратын. Біраздан ол мүмкіндіктен айырылды. Ашық ақпарат көздерінен білгеніміздей, Қарағандының ботаникалық бағы сонау 1996 жылы Үкіметтің қаулысымен ерекше қорғалатын табиғи аумақ тізімінен шығарып тасталған екен. Содан 2009 жылдан бастап, ботаникалық бақ аумағы дуалмен қоршалды. Бертінде белгілі болды, парк аймағының 44 гектарының 39-ы жеке ұйымдарға сатылып кетіпті", – дейді қала тұрғыны, жергілікті белсенді Дархат Сағатбекұлы билікке шағымында.

Тұрғындар анықтағандай, шұрайлы бұл жердің бір сотығының орташа құны небәрі 3 долларға бағаланған көрінеді.

"Бүгінге дейін бақ аумағында бірнеше тұрғын үй алабы бой көтерді. Сондай-ақ ол жерде дәрі-дәрмек шығаратын қарағандылық зауыт, қазандық және жеке бизнес нысандары жұмыс істеп тұр. Қала қоғамдастығы ботаникалық бақ ашу үшін басқа, жаңа жер учаскесін бөлу туралы бастама көтерді. Алайда билік елдің талабын еститін емес, бұл бағытта ештеңе жасалған жоқ", – деп қапаланады Дархат.

Кейбір деректер бойынша ол аумақтағы пәтерлер орта есеппен 340 мың доллардан сатылыпты.

Бұдан бұрын жергілікті белсенді Дмитрий Бойко бірнеше жыл бойы баққа қатысты ақпарат жинаған.

"Ботаникалық бақтар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жатады. Оларды жеке қолға сатпауы керек еді. Мен облыстық прокуратураға, табиғат қорғау мекемелеріне сауалдар жолдап, бақты ЕҚТА тізімінен шығаруға кім бастамашы болғанын білуге талпындым. Сұрақ жауапсыз қалды. Демек бармақ басты, көз қысты жағдай болғанға ұқсайды. Табиғат қорғау прокуратурасының мәліметінше, 6,77 гектар жер 2007 жылғы 1 маусымда "Фитохимия" холдингіне 25,7 млн теңгеге сатылыпты. Яғни 1 шаршы метрі сол кездегі бағаммен 3 долларға бағаланған. Сол 1 маусымда ботбақтың екінші бөлігі – 16,4 гектары 62,3 млн теңгеге жеке кәсіпорынға, фармзауытқа сатылыпты. Жалпы алғанда, Қарағанды әкімдігі фармацевтикалық зауытқа 38 гектар жер берген. Ол үшін қанша ақша төленгені, қандай тендер өткені, оған кім қатысқаны туралы сұрау салдым. Жауап болмады", – деген еді Дмитрий Бойко.

Айта кету керек, бастапқыда жусаннан қатерлі ісік дертіне қарсы бірегей отандық дәрі – арглабин жасау үшін құрылған Қарағанды фармкешені бүгінде елге пайдасын тигізіп отыр. Онда түрлі препарат, вакцина шығарылады. Сондықтан жергілікті тұрғындар оны жою мәселесін көтеріп те отырған жоқ.

Елге керегі – қала ішінде тынығатын орын болғаны.

Ботаникалық бақтың бұрынғы аумағында әлі құрылыс салынбаған, бос жатқан учаскелер қалған көрінеді. Бірақ олар да дуалмен қоршалып тасталған.

Үкіметке хат жазған қарағандылықтар енді Ботаникалық бақтың бос жатқан аумағын дуалдан арылтып, жергілікті тұрғындардың еркін пайдалануына беруді сұрап отыр.

Бұл қадам азаматтардың денсаулығын жақсартуға, әлеуметтік көңіл-күйін көтеруге игі ықпал етер еді.

Билік не дейді?

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі сөз болып отырған аумақ қараусыз жатпағанын мәлім етті.

Экология вице-министрі Талғат Момышевтің айтуынша, Қарағанды ботаникалық бағының негізі сонау 1940 жылы қаланған. Ол кезде бақ ҚазКСР Ғылым академиясының ботаникалық секторының зерттеу станциясы қызметін атқарыпты.

"Оның аумағында ағаштардың, декоративті, гүлді, дәрілік өсімдіктердің үлкен коллекциясы жинақталды. 1996 жылы Қарағанды ботаникалық бағы Үкіметтің қаулысымен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тізімінен алып тасталыпты. Сонымен бірге ботаникалық бақ базасында Білім және ғылым министрлігінің "Фитохимия" халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі құрылды. Бұл холдингтің негізгі қызметі – бірегей отандық фитопрепараттарды кешенді әзірлеу бағытында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу болып табылады. Яғни биологиялық белсенді заттарды іздеумен, дәрі шикізатын өсірумен, оны өңдеумен, жаңа фитопрепараттардың, дәрілік формалардың тәжірибелік-өнеркәсіптік партияларын өндірумен айналысады", – деді вице-министр.

Сондықтан ол аумаққа бөгде адамдар, былайғы жұрт кіре алмайды.

Экология министрлігі Қарағанды қаласында тұрғындар еркін кіре алатын жаңа Ботаникалық бақ жасау мәселесі Үкіметтің құзырына кірмейтінін түсіндірді, бұл – жергілікті атқарушы органдар қарауындағы мәселе.

"Дегенмен Экология министрлігі мұндай бақты құру аса қажетті іс деп санайды. Тиісінше, өнеркәсіптік қала саналатын Қарағандыда осындай рекреациялық аймақ жасауға кеңес береміз. Бұл бөлінген жеке аумағы бар "Дендропарк" түрінде болуы мүмкін. Өз кезегінде біздің министрліктің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетіне қарасты "Ботаника және фитоинтродукция институты" РМК-сы мен Қазақстанның ботаникалық бақтары кеңесі бұл бастаманы қолдайды. Олар бюджеттен қаржыландырылатын ғылыми-техникалық бағдарламалар аясында Қарағанды қаласының жаңа дендропаркінің экспозициясын жасақтау үшін өздеріндегі кейбір бірегей коллекциялық өсімдіктерді соған табыстай алады", – деді Талғат Момышев.

Қарағандылықтар біраздан созылып, шешілмей келе жатқан бұл мәселе "Жаңа Қазақстанда" шешімін табады деген үмітте.

"Мәселе тек бақта ғана емес, биліктің тұрғындарға деген көзқарасында. Ол аумақ ЕҚТА тізімінен шығарылған соң құнды ағаштар жаппай кесілді. Ағаштар Кеншілердің мәдениет сарайына дейін жайқала өсіп тұратын. Қазір оның бірі жоқ. Сарайдың аялдамасында автобус күткен жұрт ағаштардың саясында рахаттанып тұрушы еді. Жиырма жылдан бері қалалықтар көк түтінге тұншығуда. Жүрек-қан тамырлары аурулары көбейіп кетті. Ботаникалық бақты жою – жергілікті тұрғындарды жазалауға айналды", – деді қала тұрғыны Сергей.

Қаланың "жасыл інжу-маржанын" қалпына келтіруге қатысты әзірге нақты шешім жоқ.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу