Мемлекет қатаң шаралар қабылдап, міндеттемесін орындамаған алтын өндірушілердің контрактісін біржақты бұзады.
Өткен аптада, 9 мамырда Шығыс Қазақстан облысының Маралды ауылында ел наразылығының өршігені сонша, билікке полиция сыртында, ауылға арнайы мақсаттағы жасақ енгізуге тура келді.
Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, тұрғындар алтын өндіруші фабрикаға басып кіріп, жұмысшыларын соққыға жыққан, мүлікті бұзған. Жұмысшылар, тіпті кәсіпорынның күзетшілері фабрика аумағын тастап, қашып кетуге мәжбүр болды.
"Полиция қызметкерлері мен жылдам қимылдайтын арнайы жасақ жауынгерлері жиналған жұртшылықты тәртіпке келуге шақырды және заңнаманың талаптарын түсіндірді. Бұл ретте наразылық білдірушілерге күш қолданылған жоқ", – деп мәлімдеді ауыл әкімдігі.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу қозғап, тергеу іс-шараларын жүргізіп жатыр.
Негізі, бастапқыда, 8 мамырда алтын өндіруші фабриканың құрылысына қарсы акцияға Маралды ауылының шамамен 100 тұрғыны ғана шығыпты.
"2024 жылғы 8 мамырда Күршім ауданының Маралды ауылында алтын өндіруші фабриканың салынуына қарсылық білдірген "Байтақ" партиясының өкілі мен бір топ тұлғаның санкцияланбаған жиыны өтті. Жиын аяқталған соң фабриканың құрылысын доғару туралы бейнеүндеу түсіру үшін Маралдының шамамен 100 тұрғыны құрылыс орнына барған", – делінген жергілікті әкімдіктің баспасөз қызметінің КазТАГ-қа берген жауабында.
Артынша оларға көрші ауылдардың тұрғындары қосылып, қолдау көрсетті. Оның соңы төбелеске, төмпештеуге ұласып, ауылға жедел жасақ аттанды.
Маралды және оған жапсарлас жатқан ауыл тұрғындарын не алаңдатады?
Ұқсас наразылық акциялары әлемнің өзге елдерінде де жиі бас көтеруде. Бонндағы Халықаралық конверсия орталығының (BICC) маманы Мари Мюллердің (Marie Müller) мәліметінше, мысалы, шағын ғана әшекейге қажетті 3 грамдық алтынды өндіру үшін 20 тоннадай улы қалдықтар түзіліп, қоршаған ортаға тасталады. Өйткені алтын өндірісінде – рудалық концентраттан осы бағалы металды бөліп алу үшін цианистік калий молынан қолданылады.
"Адамды улап өлтіру үшін цианистік калийдің күріштің бір дәніндей ғана мөлшері жетіп жатыр. Бұл – аса қауіпті зат. Алтын өндірісінде тонналаған улы қалдық қалады. Егер лайықты экологиялық бақылау болмаса, өндірушілер улы қойыртпақты ашық құтыларға төге салады да, ол сонда біртіндеп кебеді, ауаға таралады", – деді Мари Мюллер.
9 жылға созылған геологиялық барлау жұмыстары нәтижесінде, Маралды өлкесінде мұрты бұзылмаған күйі жатқан алтынның мол қоры табылды. 2022 жылы мемлекет ол жерде алтын өндіруші фабриканы салуға рұқсат етті.
Ашық деректер бойынша барлауды Maralicha-Gold ЖШС жүргізген, құрылтайшысы ретінде "ВСАМ продакшн компаниясы болған.
"Жобаны бейінді министрліктер мақұлдады. Өндірістің қоршаған ортаған қауіпсіздігі туралы қорытындылар алынған. Қоғамдық тыңдаулар, дөңгелек үстелдер өткізілген. Олардың барысында меморгандар мен түрлі ұйымдардың тәуелсіз сарапшылары жобаның экологиялық қауіпсіздігі туралы түпкілікті қорытындыларын берді", – деп мәлімдеді журналистерге ШҚО-ның ақпараттық орталығындағылар.
Жергілікті тұрғындар да, оларды қолдаған экологтер де өндірістің қауіпсіздігіне күмәнданады. Олардың айтуынша, биылғы жылы облыстардың басым көпшілігін, соның ішінде ШҚО-ны да топан су басты. Соның барысында қызыл сумен бірге улы қалдықтар шайылып кетуі мүмкін деп қауіптенеді.
Әлемде ондай апаттар кездеседі. Мәселен, 2000 жылғы қаңтарда Румынияның Бая-Маре қаласында нағыз халықаралық экологиялық апат болды. Іргелес жатқан бөген-дамбаның бұзылуы салдарынан, тұйық тоғанда сақталып келген цианидті су кеніш аумағынан Тису, Дунай өзендеріне төгіліп, ары қарай Қара теңізге құйылды.
Бұл Румыния, Венгрия, Сербия елдерінде қаншама жануарлардың, құнды өсімдіктердің жаппай қырылуына соқтырды. Қалалардың өзінде ауызсу тапшылығы туындады. Бая-Маре қаласының жанындағы сулар қазіргі кезде де сол бойы ішуге жарамсыз. Апатқа себепкер болған кеніштің операторы – румын-австралиялық Aurul компаниясы мемлекетке және жергілікті тұрғындарға өтемақы төлемеу үшін өзін банкрот деп жариялады. Алайда төрт ай өткен соң басқа атаумен тіркеліп, басқа өңірде алтын өндіруге кіріскен.
Маралды тұрғындары руданы өңдеу үшін пайдаланылатын цианид ауаға тарап, айналадағы – тек ШҚО-дағы ғана емес, Абай облысындағы жұрт суын ішіп отырған өзендерді, ел емген жерді улайды деп қорқады.
Сондықтан бұл ауылдағы наразылық шаралары 2023 жылдан бері дүркін-дүркін тұтанады. Былтырғы жазда да ашулы ауылдықтар жиналып келіп, алтын өндірудің қамына кіріскендерге тас жаудырыпты.
Тұрғындардың шағымына назар аударған жаңа "Байтақ" партиясының өкілдері журналистерге экология министрлігінің берген қорытындысына қанағаттанбағандарын мәлімдеп, жұмыс тобын құруға уәде берді.
Бұл ретте 2023 жылғы 19 мамырда компанияның Маралды ауылында алтын өндіруге рұқсатының жоқтығы да анықталған.
Былтыр Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр "ВСАМ продакшн" компаниясынан "салықтық, инвестициялық, бірінші кезекте экологиялық заңнаманы қатаң сақтап, жұмыс істеу" талап етілетінін жеткізді.
Енді Парламент депутаттарына жауап хатында Үкіметтің жаңа басшысы Олжас Бектенов алтын өндірісіне қатысты жалпы ахуалды баяндап отыр.
Оның мәліметінше, бүгінде Қазақстанда алтын барлау және өндіру үшін жер қойнауын пайдалану туралы 138 контракт бекітілген. Оның ішінде жеке барлау бойынша – 73, өндіру бойынша – 33, барлау мен өндіру бойынша – 32 контракт.
Ресми мәліметке сай, 2019–2023 жылдар аралығында елімізде Доре қорытпасы, катодты және шлих (Schlich) алтын түрінде өңделмеген алтынның шамамен 600 тоннасы өндірілген. Одан 340 тонна тазартылған алтын алынды.
"Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі лицензиялық-контрактілік шарттардың орындалуын бақылауға бағытталған жұмысты тұрақты негізде жүзеге асырады. Егер әшкереленген бұзушылықтарын жоймаса, жер қойнауын пайдалану құқығын бір жақты тәртіппен тоқтату шаралары қабылданады. Нақты айтсақ, 2022–2023 жылдар қорытындысында елімізде жалпы алғанда, жер пайдалану құқығы бойынша 156 контракт бұзылып, 310 лицензия кері қайтарып алынды. Биылғы 2024 жылдың басынан бері 38 объекті бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы доғарылды", – деді Премьер Олжас Бектенов.
Оның түсіндіруінше, пайдалану құқығын тоқтату – сол жер қойнауы учаскесін аукционға қоюға міндетті негіз болып табылады. Сол арқылы қазыналы жерге адал инвестор тартуға талап жасалады.
Осыған байланысты, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығы аяқталғанша, мемлекет 80 кен орнын аукционға шығаруды жоспарлап отыр.