Бірнеше облыстағы заңгерлер "құлдыққа" түспек

3791

Әділет министрі бизнестің тұтас түрін құруға себеп болуы мүмкін.

Бірнеше облыстағы заңгерлер "құлдыққа" түспек

Қазіргі кезде Сенат депутаттары "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын талқылап жатыр. Оны Мәжіліс мақұлдап тастады, деп жазады іnbusiness.kz. тілшісі. Ал заңгерлер онда нарық ойыншыларының талап-тілегі аяқасты етілген деп санайды.

Белгілі заңгер, "Юстус" заң консультанттары палатасының мүшесі Алмас Күнгейбаев та сол түзетулерге үзілді-кесілді қарсы екенін мәлімдеді. 

"Бұл түзетулер адвокаттарға, заңгерлерге ғана емес, сонымен қатар біздің қызметімізді пайдаланатын халыққа қарсы бағытталған. Бос байбалам болмауы үшін сөзімді дәйектей кетейін. Біріншіден, заң жобасына сәйкес, әрбір палата мүшелерінің ең төменгі саны қазіргі 50-ден бірден 4 есеге – 200 мүшеге дейін ұлғайтылады. Одан кем болса, палата жойылады. Әділет министрлігінің ресми сайтына үңілсеңіз, онда палаталардың ортақ реестрі орналастырылған. Енді қараңыз: министрліктің өз мәліметіне сай Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында осы құжат қабылданған соң, Заң консультанттарының палатасы болмайды. Себебі бұл өңірлерде халыққа, бизнеске кеңес беру кәсібін ресми тіркеген заңгерлер саны 200-ден аз", – деді Алмас Болатұлы.

Екіншіден, оның айтуынша, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Алматы облыстарында заң консультанттарының палаталары үнемі "құрдымға құлаудың аз-ақ алдында, құз жағалап" жүретін болады. 

"Өйткені осы облыстарда заң кеңесшілерінің саны 200 мүшеден сәл ғана асады. Салдарынан, мүшелерінің саны 200-ден азайып қалса, министрліктің реестрінен шығып қаламын деп қорыққан осы облыстардың палаталары мүшелерін теріс негіздер бойынша қатардан шығарып тастауды доғарады. Яғни, тіпті заң консультанты заңға қайшы тірлікке барса, клиентіне залал келтірсе, палаталар онысына көз жұма қарайтын болады. Сөйтіп, мына заң жобасы оларды "құлдыққа" түсіреді. Бұл сайып келгенде палаталарды құру идеясы мен мақсатына толық қайшы: палаталар азаматтарды адал емес, арамза заңгерлерден қорғауға қызмет етуге тиіс", – деді сарапшы.

Палатаны жарна құртады

Алмас Күнгейбаев палаталар ісінің басы-қасында жүрген адам ретінде жақсы біледі. Оның байламынша, заң жобасын сенаторлар осы күйде қабылдаса, сала көзбояушылық былығына батпақ. Палаталар мүшелерін аттестаттауды көз қылып, формальды жүргізуге көшеді. 

"Палаталар өз ісінің білгірі емес, кәсіпке кездейсоқ келген заңгерсымақтардың өзін демеп, сынақтан сүйреп алып шығатын болады. Өйткені олардың алдында мүшелер санын азайтуға жол бермеу мақсаты тұрады. Әділет министрлігі түзетулерді талқыға салғанда, нотариустердің, жеке сот орындаушыларының республикалық құрылымдарының тәжірибесіне сілтеме жасайды. Алайда Нотариалды палаталар, ЖСО палаталары – өзін-өзі реттеуші ұйымдар. Яғни, олардың мүшелері ақысы төленетін басқа қызметпен айналысуға құқығы жоқ. Мысалы, нотариус тек нотаруис болып жұмыс істеуі керек. Ал біз, заң консультанттары, кәсіпкер болып саналамыз", – деді ол.

Үшіншіден, заңгерлерге ұнамайтыны: заң жобасында Қазақстанда жаңа ұйымды – "Заң консультанттарының республикалық алқасын" құру және барлық палаталарды осы ұйымға мүше болуға міндеттеу көзделіп отыр. Бұл – салада өзін-өзі реттеу енгізіледі деген сөз. Бірақ заң жобасында палаталарға қатысты бақылаудың қандай түрлері мемлекеттік органдардан әлгі алып ұйымға тапсырылатыны айтылмай, жасырылып қалған. Демек, заң жобасы шикі. Ал мұны депутаттар не байқамады, не аңғарса да елемеді.

Соның кесірінен, салада ойына келгенін істейтін, заңмен еш шектелмеген "құбыжық" монополист дүние келуі мүмкін. Ал Президент мемлекеттің экономика салаларынан кетуі жеке монополистердің туындауына әкелмеуі керек дегені мәлім.

Оның үстіне заң жобасында Заң консультанттарының республикалық алқасының (ЗКРА) қызметі реттелмейді, регламенттелмейді.

Бұл қауымдастық өз мүшелерінен ай сайын алым жинайтын болады. Заң жобасында ол жарнаның мөлшері палатаның әр мүшесі үшін 1 АЕК-тен (2021 жылы 2 917 теңгеден) төмен болмауға тиісті деп жазылған. Жарнаны қаншаға ұлғайтса да өз еркі, тек аз алмаса болғаны.

Заңгерлердің нұсқауынша, әрбір мүшесі үшін ЗКРА-ға айына 1-ден көп АЕК жарна төлеуге міндеттеу ақыр соңында, палаталардың қаржы тапшылығына ұшырап, қайыршылануына, алқа алдында борышқа батуына, сөйтіп, көптеген палатаның ЗКРА құрамынан лек-легімен шығарылуына әкеп соқпақ.

"Мүшелерінің саны 200-ден кем болмасын, жарна көлемі 1 АЕК-тен аз болмасын деген талаптар заң көмегін көрсететін консультанттар палаталары институтының тіршілігіне нүкте қояды. Егер түзетулер Мәжіліс ұсынған редакцияда қабылданса, бізге кәсіпкерлік қызметінің субъектісі ретінде жойылу қаупі төнеді. Көптеген облыста палаталарға жабылудан басқа жол қалмайды", – дейді Алмас Болатұлы.

"Заңгерлердің көбісі мүшелігін тоқтатуда"

Әділет министрлігі бұл саладағы талаптарды күшейтетін кез жетті деген пікірде. Бүгінде салада республика бойынша 86 палата бар, оларға 8 726 заңгер мүше. Арасынан адал еместері де табылған: 763-і әртүрлі себеппен палаталар қатарынан қуылған.

Ведомство палаталардың көбі 200 мүше жинай алмауы мүмкін екенін растады: заң консультанттарының небәрі 35%-ы немесе шамамен 3 мыңы ғана 200-ден астам мүшесі бар палаталарға кіреді. Тағы 35%-ы немесе 3 мыңдайы 100-ден астам мүшесі бар палаталарда есепте тұр. Қалғанының палаталары 50 межесін әзер еңсереді. Нәтижесінде, 200 мүше туралы талап күшіне енсе, заңгерлердің 35 пайызы ғана кіретін палаталар аман қалуы ықтимал.

Әділет министрлігі бұл қадамға амалсыз барып отырғанын алға тартады: тек 200-ден асатын мүшесі бар палаталарда ғана ең жақсы ұйымдастырушылық жағдайлар жасалған. Басқару органдары айтарлықтай пәрменді жұмыс істейді. Бұл палаталар өз мүшелерімен кері байланысты жолға қойған. Прогрессивті ережелері мен стандарттары бар. Ал өзгелерінде бұл кездесе бермейтін көрінеді.

Мұның себебі белгілі: мүшелер саны неғұрлым аз болса, жарна да аз түседі. Сәйкесінше, түсетін қаражаттың мардымсыздығы жұмысты лайықты жүргізуге кедергі. Оның үстіне ұсақ палаталарда заңгерлердің мүшелігін уақытша тоқтата тұруы тәжірибесі кең таралыпты. Әдетте бұл құқықты заңгерлер бала туғанда не денсаулық жағдайы бойынша пайдаланады.

"Мысалы, Алматы облысының палатасында мүшелердің жалпы санының 39-ы немесе 28%-ы өз мүшелігін тоқтатты. СҚО-да "ZANGER" палатасында бұл көрсеткіш 22 мүшені немесе 41%-ды құрайды. Қарағанды облысындағы 6 палатада бұл көрсеткіш шамамен 200 мүшеге не 26%-ға дейін  жетеді. Соның ішінде декреттік демалысқа және басқа да дәлелді себептерге байланысты өз мүшелігін тоқтатқандардың үлесі тіпті 20%-ға да жетпейді", – деді Әділет министрлігі.

Салада дағдарыс өршіген сайын тайталас пен қайшылық та күшейіп барады.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу