Битум тапшылығы Үкіметтің бас ауруына айналды

2069

Президенттің Жолдауда берген тапсырмасы орындалмай жатыр. 

Битум тапшылығы Үкіметтің бас ауруына айналды Фото: Time.kz

Кәсіпкер зардап шекпесін

Биыл битум мәселесі өте өзекті болып тұр. Бәлкім, бұған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі ерекше назар аударғандықтан шығар. Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында "Бізде әлі күнге дейін битум тапшы. Бұл – ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін, тіпті, ұят жағдай. Үкімет осы мәселені түбегейлі шешуге тиіс" деген болатын. Осыдан кейін қоғамда дүрбелең басталды.

Мәселен, жуырда Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев битум мәселесін тағы бір мәрте көтерді. Оның айтуынша, елімізде автомобиль жолдарының құрылысы және сапасы үшін күрес қызу жүріп жатыр.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың 95 пайызын жөндеу, ретке келтіру, сондай-ақ сапасын арттыру қажеттігі жөнінде тапсырма берген болатын. "Ақ Жол" партиясы жол саласындағы кәсіпкерлермен кездесу барысында осы тапсырманы атқару кезінде жергілікті жолдардың құрылысы мен сапасын арттыруға кедергі келтіріп отырған бірнеше проблема бар екендігіне көз жеткізді. Оның бірі авто битумының жетіспеушілігі. Қазақстанда битум өндіретін 3 зауыттың қуаты жылына 1 миллион тоннадан аспайды. Ал авто битумының елімізде қажеттілігі одан әлде қайда көп. Оған қоса, өз өндірісі жетпей жатқан кезде шетелден жол битумын импорттауға министрлік тарапынан тыйым салынған", – дейді Серік Ерубаев.

Сонымен қатар ол жол салу маусымында кәсіпкерлер инерттік материалдарды жеткізу кезінде теміржол саласында да кедергілер бар екендігін айтты. Атап айтқанда, дер кезінде вагондардың және маневрлық тепловоздардың жетіспеушілігі, жанармайдың қымбатшылығы және тағы басқа мәселелер бар. Осылардың салдарынан мердігерлер өз жұмыстарын уақытында аяқтамай "қара тізімге" еніп, келесі мемлкеттік сатып алуға қатысу мүмкіндігінен айырылып, көптеген жұмыс орындарын қысқартып, кейде банкротыққа да соғып, халық арасында жұмыссыздар санын көбейтуге мәжбүр.

"Мемлекет басшысы Жолдауда Қазақстан сияқты ірі мұнай өндіруші ел үшін битумның жетіспеушілігі нонсенс деп атады. Осы уақытқа дейін битум тапшылығы өз шешімін таппай, Президент тапсырмасы орындалмауда, керісінше шағын және орта бизнесті дамуына кедергі жасалуда. Сол себепті еліміздің жол саласындағы кәсіпкерлер зардап шегіп, мемлекеттік бағдарлама іс жүзінде орындалмай, республика бойынша жолдардың құрылысы баяу, сапасы төмен болуда. Осыған орай, көтеріліп отырған мәселенің аса маңыздылығын ескере отырып, келесі жол салу маусымына дейін еліміздегі битум өндіретін зауыттардың қуаттылығын арттырып, мердігерлерге зауыттармен тікелей келісімшарт жасауға мүмкіндік беру керек. Сондай-ақ жобалық сметалық құжаттамаларды даярлау кезінде дамыған елдердін FIDIC тәжірибесін ескеріп, битумды үнемдейтін жаңа технологияларды енгізу қажет. Сонымен қатар битумның жетіспеушілігінен, мемлекеттік шектеулер себебінен, кәсіпкерлердің өз міндеттемелерінің уақытынан кешігуін форс-мажор деп қарап, қатысушыны мемлекеттік сатып алудың шарттары бойынша қара тізімге енгізбеуді және осы іске тиісті мемлекеттік органдардың нақты іс-шараларын реттеуге ықпал ету қажет", – дейді Мәжіліс депутаты.

Сақтайтын орын жоқ

Осыдан бірнеше күн бұрын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде арнайы жиын өтіп, онда еліміздегі битум тапшылығы мәселесі егжей-тегжейлі талқыланды. Сондай-ақ жол құрылысына қажетті материалды дер кезінде сатып алу және сақтау мәселелері пысықталды.

Жиын барысында әкімдіктер мен "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының өкілдері алдағы уақытта битум тапшылығы мен жол-құрылысы жұмыстарының тоқтауы тағы да қайталануы мүмкін екенін жеткізді. Себебі мердігерлердің битумды сақтайтын жері жоқ болғандықтан, алдын ала сатып алу мүмкін емес. Сондықтан олар дайын асфальт сатып алуға мәжбүр.

"Жол құрылысы саласындағы мердігерлер мезгілдің жылы кезінде битумды жаппай сатып алады. Ал қалған кезеңде битум өндірушілер өнімге деген төмен сұраныстың әсерінен шығынға тап болады. Алайда олар мұны өнім сұранысқа ие маусымда оның бағасын өсіріп өтейді. "ҚазАвтоЖол" компаниясы мен әкімдіктер Энергетика министрлігімен бірлесіп ай сайын битумды бөледі. Бірақ негізгі сұраныс жаз мезгіліне тиесілі", – деді жиынға қатысқан мамандар.

Қазақстан жолшылар қауымдастығының президенті Бағлан Баймағамбетовтің айтуынша, мәселені оңтайлы шешуге болады.

"Шұңқырлар – битумды сақтайтын ең қолжетімді орын. Бірақ бұл шұңқырларда битум қатып қалады, оны үнемі жылытып отыру қажет. Ал бұдан оның сапасы төмендейді. Демек жолдардың сапасына да тікелей әсер етеді. Шикізатты ангар қоймаларында сақтауға да болады. Өйткені әрбір мердігердің осындай қоймасы бар. Содан кейін қыста да, жазда да битум сатып алуға болады", – дейді ол.

Ал Энергетика министрлігі Мұнайды тасымалдау және өңдеу департаменті директорының орынбасары Самат Мергенов ведомстволық биржаларда сатылатын битумның үлесін арттыруды ұсынды. Оның айтуынша, бұл тараптағы көрсеткіш 2021 жылдан бері өзгермеген.

Жолдың беріктігі – битумнан

Битум негізінен жол құрылысына пайдаланылады. Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы ғылым және жаңа технологияларды енгізу департаментінің директоры Нұржан Досаевтың айтуынша, жол құрылысында битумның алар орны ерекше. Оны үй құрылысында пайдаланылатын цементпен салыстыруға болады. Бір қарағанда үйдің құрылысына аса бір көп көлемде цемент жұмсалмайды. Бірақ оның беріктігі, яғни үйдің сапалы салынуы дәл осы материалға байланысты. Сол секілді битум да жол құрылысында аз көлемде қолданылғанмен, жолдың сапалылығын қамтамасыз етеді.

"Әлбетте, битум тапшылығы өте өзекті мәселе және бұл биыл ғана көтеріліп отырған жоқ. Бұл туралы жыл сайын айтылып келе жатыр. Сондықтан дәл қазір битум тапшылығын жоюға қатысты қолға алынған шаралардың барлығы белгілі бір деңгейде өз жемісін береді. Бірақ бұл аталған мәселе түбегейлі шешіледі деген сөз емес. Ресейден битум импорттау туралы да айтылып жүр. Мұның да қордаланған мәселені шешуде өзіндік пайдасы болары даусыз. Осы орайда битум тапшылығынан бөлек, оның сапасына да көңіл аудару керек. Біздің орталық отандық жолдардың сапасын тексереді. Жол құрылысына пайдаланылатын материалдардың бәрі ұлттық сапа стандарттарына сәйкес келуі керек. Айталық, жол құрылысындағы битумның үлесі 5 пайызды ғана құрайды. Алайда жол сапасының 90 пайызы дәл осы битумға байланысты. Сондықтан бұған атүсті қарауға болмайды", – дейді Нұржан Досаев.

Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы былтыр 1 400-ден астам жол сынамасын алып, тексерген екен. Өкінішке қарай, соның 300-ден астамында битумның сапасы тиісті стандарттарға сәйкес келмейтіні анықталған. Сонда 35 мың тонна материал сапасыз салынған болып тұр. Сондықтан битумның сапасына да аса мән беру маңызды.

Жыл бойы жұмыс істеуі керек

Экономист Жақсыбек Құлекеевтің айтуынша, елдегі битум тапшылығын жою үшін CaspiBitum зауытын жыл он екі ай жұмыс істейтіндей деңгейге жеткізу маңызды.

"Өкінішке қарай, CaspiBitum жыл бойы жұмыс істемейді. Негізі қысқы уақытта да битум шығаруға мүмкіндігі бар кәсіпорын. Жол құрылысымен айналысатын отандық компаниялар алдын ала битум сатып алуға қызықпайды. Салдарынан отандық зауыт қыста қаңтарылып тұрады. Өйткені CaspiBitum қыста өнімін ешқайда өткізе алмайды. Сондықтан CaspiBitum зауытының жыл он екі ай жұмыс істеуіне жағдай жасау керек. Алдымен осы мәселені реттеу маңызды. Жол құрылысымен айналысатын компаниялардың сатып алу қабілетін арттыру керек. Әдетте, жол салумен айналысатындар тендерді ұтып алғаннан кейін ғана битум іздеуге кіріседі. Мұндай уақытта битум тапшылығы бірден байқалады. Егер жол салатын компаниялар тендерді бір емес, бірнеше жылға ұтып алса, оларда ертеңге деген сенім, тиісінше артық қаражат та болады. Битумға деген қажеттілікті де сезінеді. Сөйтіп, қыстың күні де битум сатып алуға талпынады. Битум сақтауға жарамды материал, одан оның сапасы өзгермейді. Оны асфальт төсейтін кезде қыздырып, кәдеге жарата беруге болады. Айтпағым, елдегі битум тапшылығы көп жағдайда осындай ұйымдастыру жұмыстарына тікелей байланысты. Сондықтан Үкімет мұның да тетігін табады деген ниеттемін", – дейді Жақсыбек Құлекеев.

Еске сала кетейік, биыл Қазақстанда 726 мың тонна битум өндіру жоспарланған. Соңғы сегіз айдың қорытындысы бойынша шамамен 600 мың тонна өнім өндірілген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу