Биыл ата-ана мектеп формасы үшін қанша қаражат жұмсайды?

7731

Мектеп оқушысына жылына бір берілетін жазғы демалыс та аяқталып келеді. Тамыз айының соңғы апта, соңғы күндері барлық ата-ананың жүйкесіне салмақ, қалтасына ауырлық түсетін мезет. 

Биыл ата-ана мектеп формасы үшін қанша қаражат жұмсайды? Фото: Білімді ел

Биыл ата-ана мектеп жасындағы әр перзентін оқу жылына даярлау үшін неше қаржы жұмсайды, бүгін соны жіліктеп көрелік?!

Елімізде міндетті мектеп формасы болғанымен, бір жақсы жері, билік тарапынан оқушыларға белгілі бір тігін фабрикасының киім-кешегін киюді жүктемейді. Өйткені, қоғамда ортаңқол отбасылармен қатар, ішер асын әрең тауып отқан жарлы-жақыбай шаңырақ та көп. Ондай отбасыларға жыл сайын жергілікті әкімдіктер, түрлі қоғамдық ұйымдар, жекелеген демеушілер мектеп формасы мен оқу жабдықтарын алып беріп, мейлінше қолдау көрсетіп жататыны да бар. Ол, әрине, құптарлық қарекет!

Ауыл баласы әрі кетсе, базардағыны киеді немесе табылғанын қанағат тұтады. Ал, қаладағы оқушы ондай емес. Қалалы жерде барынша сапалы әрі сәнді тігілген киім әперу деген жазылмаған "заң" бар. Одан бөлек, жыл санап жуандап бара жатқан қымбатшылық пен өмірі көтерілмейтін жалақы мәселесі де қарапайым халық үшін ауыр салмақ. Сондықтан да, қала баласы немесе ауыл баласы деп бөле-жармай, кез-келген оқушыны мектепке даярлау – қазіргі ата-ана үшін қымбатқа түсетіні анық.

Елімізде елуге тарта мектеп формасын тігумен айналысатын фабрика бар. Фабрика саны көңілге демеу болғанымен, олардың көбі облыстық нарықтан әрі аса алмай отырған шалажансар мануфактура ғана. Ол аздай, пандемия кезінде ең жойқын соққы алған да осы сала. Соған қарамастан, әлі күнге жеңіл өнеркәсіп саласына мемлекет тарапынан тең дәрежелі жеңілдік жасалмай келеді. Президент жариялап келген – орта және шағын кәсіп иелерін тексеруге жасалған мораторий да бітті. Ендігі жерде сан-алуан салық қысып келген бұл саланы ілгері бастырмайтын түрлі тексеріс күтіп тұр.

Бану, 5 баланың анасы:

– Биылғы баға сұмдық, енді. Қызыма костюм-шалбар мен блузка-көйлекті 45 000 теңгеге әпердім. Оның өзін саудаласып жүріп алдық.  Юбка әперейін десем, бағасы 12 000 теңге екен. Оған кеткен ақшаға дәптер-қалам әперейін деп шештім. Канцеляриялық тауар 15 000 теңгеге түсті. Жарты оқу жылынан кейін тағы да 5-10 мың теңгеге дәптер әпереміз. Дене шынықтыру сабағына киетін спорттық форма 20 000 болды. Туфли 25 000 теңге. Әлі кроссовка мен колготки, нәски-пәски, сөмке секілді керек-жарақты алуымыз керек. Былтырғы киімдерін кигізейін десем, жуа-жуа ескіріп әрі тарылып қалды. Оның үстіне, қыз бала емес пе, қатарынан қалғысы келмейді, намыстанады. Кейде жылап та алатыны бар. Бұдан басқа, тағы екі ұлдың киімі бар, оған да ақша үнемдеуім керек...

Бұл 7-сыныпта оқитын қызын киіндіріп жүрген көп балалы ананың жанайқайы. Елімізде осындай бірнеше баланы жылда мектепке даярлайтын қаншама ата-ана бар?!

Былтыр 2023-2024 оқу жылының алдында әрбір ата-ана орта есеппен 90-100 мың теңгеге оқушы ұл-қызын киіндірді. Банктен несие алып, бөліп төлеу арқылы сансыраған талай кісіні көзіміз көрді. Барахолка базарында бала ерткен талай ата-ана 120-130 мың теңгеге ұл-қызын жартылай киіндіріп жүріп. Бар киім-кешегін бірден әперейін десе, ақшасы жетпейді. Амал жоқ, тамыз айының 3-4 күнін әдейі арнап, базар жағалайды, ойсырай шабылады.

Биыл еліміздегі әрбір ата-ана орта есеппен 150-160 мыңға мектеп оқушысын киіндіреді. "Ауылда – арзан, қалада – қымбат" дей алмаймыз, өйткені, әлемдік нарықта мата бағасы жыл сайын 30-35% қымбаттап отырады екен. Ал, Қазақстанда 2000-жылдан бері мектеп формасы тұрақты түрде 20-25%-ға қымбаттаумен келеді. Елімізде текстил өнеркәсібі шарықтап дамып кетпегенін ескерсек, мектеп формасының жыл санап қымбаттай беруі заңды құбылыс.

Айтпақшы, былтырдан бастап оқу-ағарту министрінің өкімімен елімізде бірыңғай мектеп формасы бекітілген болатын. Ұл балаларға арналған мектеп формасы: пиджак, жилет, шалбар, көйлек, күнделікті көйлек. Бұл ретте шалбар кең, ұзындығы тобықты жауып тұруы тиіс. Қыста тоқылған кеудеше қосуға болады. Галстук классика үлгісінде және мектеп формасының түсіне сай болуы керек.

Қыздарға арналған мектеп формасы: пиджак, жилет, юбка, сарафан, шалбар, классика стиліндегі блузка. Шалбар да кең болуы керек және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұруы тиіс. Қыста тоқылған кеудеше қосуға болады. Юбканың ұзындығын білім беру ұйымы мен қамқоршылық кеңес белгілейді, содан кейін жалпы мектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу