Биыл ет жеуді қоюыңыз мүмкін

577

Ауыл шаруашылығы министрлігі көптеген фермерлерді субсидиялаудан бас тартып жатыр.

Биыл ет жеуді қоюыңыз мүмкін Фото: canva.com

Бұдан былай өз мойнына алған міндеттемелерін бірнеше жыл бойы тұрақты орындаған фермерлер ғана субсидия алатын болды. Яғни, малының басын айтарлықтай өсірген, егістігінен мол астық жиған ауыл кәсіпкерлері демеуқаржыдан дәмелене алады.

Бұрынғыдай ауыл шаруашылығы өндірушілерін жаппай қолдау болмайды. Бұл ауыл бизнесі арасында алаңдаушылық тудырды. Мысалы, ет өндірушілер өзгерістерге байланысты ақпан-наурыз айларынан бастап, бағаларды күрт көтеруге мәжбүр болатындарын билік пен халыққа ескертті.

Демек, халыққа қолындағы ақшасын ала сала дүкенге жүгіріп, мұздатқыштарын етке толтырып, қор жасап алу қажет пе?

Мұны әркім өзі шешкені жөн. Дегенмен, биыл жем-шөп қымбаттайын деп тұр. Олай болса, мал өсірушілердің де, мал бордақылаушылардың да шығыны артады.

Үкіметте бюджетке жауапты вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2025 жылдан бастап, фермерлерге көктемгі егіс жұмыстарына қаржылай субсидия берілмейтінін де мәлімдеді. Оның айтуынша, ақшаның жоқтығынан Үкімет осындай шешім қабылдауға мәжбүр.

Қайтарымсыз берілетін субсидиялау орнына енді фермерлерге 5% сыйақысымен қайтарылуға тиіс арзандатылған кредит ұсынылады. Сарапшылардың байламынша, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне беріліп келген тегін демеуқаржыдан бас тарту бүкіл Қазақстанда осы жылы азық-түлік өнімдерінің жаппай қымбаттауына негіз болады.   

"Енді ауылға негізінен ақылы ақша ғана барады. Тегін қолдаудан көп үміт жоқ. Субсидияға бөлініп келген бюджеттік қаржылар биыл банктерге бет қояды. Солар арқылы ақырғы 5%-дық ставкамен арзандатылған несие түрінде беріледі. Мұнда бір шикілік бар. Үкімет ауыл шаруашылығын қолдау үшін іске қосқан "Кеңдала" бағдарламасы да осы жолға түсті. Үкімет ауыл кәсіпкерімен емес, банкирлермен келісіп, ақылдасады, олардың 22%-бен беретін кредиті өтуі үшін оны бюджеттен субсидиялап, жеңілдетеді. Үкімет енді кепілдіктері мен өтемақыларын банктерге береді", – дейді Астық одағының ресми өкілі Евгений Карабанов.

Мемлекет көктемгі дән егу жұмыстарын лайықты жүргізу үшін фермерлерге дизельді отынды арзандатып ұсынатын. Сондай-ақ жоғары сапалы тұқымдарды, пестицидтер мен тыңайтқыштарды сатып алуына субсидия бөлетін.

"ElDala" мамандандырылған порталының бас редакторы Сергей Буянов субсидиялау құралдарына деген қажеттілік еріккеннен ойлап табылмағанын, ол кез келген мемлекеттің ауыл шаруашылығын қолдаудың темірқазығы екенін айтады.

Оның айтуынша, агрохимияға, минералды тыңайтқыштарға, пестицидтерге қатысты ахуал да соған ұқсас. Бұл өнімдердің өндірісі елімізде жете дамымаған. Нарықта жетіспеушілік барын, қуатты бәсеке жоғын білетін импорттық тауар жеткізушілер бағасын қалағанша көтере береді.

Кейінгі жылдары саладағы ахуал шамалы ғана жақсарды, жаңа өндірушілер пайда болды. Бұл бағытта Ауыл шаруашылығы министрлігі банкирлермен емес, енді жергілікті ірі өндірушілермен келісті. Олар "егер мемлекет субсидияларды тікелей зауыттарына берсе, онда фермерлерге төмендетілген бағамен тыңайтқыштар жеткізуге" міндеттеме алды.

Жаңа жағдайда ауыл шаруашылығы өндірушілері субсидиядан мүлдем жұрдай болады екен деген сөз жоқ. Бірақ бір жағынан, субсидия елеулі азайды, екінші жағынан, оны алу күрделенді. Атап айтқанда, субсидия алатын фермерлерге "қарсы міндеттемелер" енгізіледі.

Бұл ретте ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жыл қорытындысында өзі өндірген ауыл шаруашылығы өнімдерінің бүкіл көлемі туралы нақты, егжей-тегжейлі деректерді Субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесіне (СМАЖ) енгізуге тиіс.

Өзіне енгізілген ағымдағы бағалар туралы ақпаратқа сүйене отырып, жүйенің өзі егіншінің астығының бүкіл көлемі қанша теңге тұратынын есептеп шығады. Сол арқылы мемлекет әрбір фермердің төл өндірісін, еңбек өнімділігін, астығының шығымдылығын арттырған-арттырмағанын біледі.

Фермердің басты міндеті – кем дегенде 2 жыл ішінде өндірісінің ақшалай түрдегі көрсеткіштерінің теріс жаққа түсіп кетуіне жол бермеу болады. Жол берсе, субсидиядан автоматты түрде қағылады. Сондықтан бір деңгейін сақтап тұруы, немесе үнемі өсім көрсетуі шарт.

Егер жүйе 2 жыл қатарынан қаржылай сомасының төмендегенін тіркесе, ауыл шаруашылығы өндірушісіне субсидияға өтінім беру мүмкіндігін 1 жылға жауып тастайды.

Егер бір жылдан соң оралып, субсидия төлеу жүйесіне тіркелген фермер өндіріс көлемін 2 жыл қатарынан тағы құлдыратып алса, онда жүйе бұл жолы мемлекеттен субсидия сұрау мүмкіндігінен 2 жылға айырады.

Осылайша, бұдан былай өнімі жылда азаятын қырсыз шаруалар, бірде көп, бірде кем астық жинайтын тұрақсыз егіншілер мемлекеттік қолдаудан аласталады. Өндіріс тұрақтылығын қамтамасыз ете алмайды екенсің, мемлекет сенен теріс айналады.

Бұл әрине, қисынды. Алайда сарапшылардың тұжырымдауынша, соның салдарынан біріншіден, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер саны күрт азаюы мүмкін.

Екіншіден, субсидиялық монополистер пайда болып, мемлекет тек солардың дамуына көмектеседі.

Үшіншіден, қосып жазу көбейеді. Өйткені СМАЖ тек өзіне енгізілген деректерді басшылыққа алады, фермаға, егіс даласына барып, ол деректердің шын-өтірігін тексере алмайды.

Салалық қауымдастықтар тағы бір маңызды жайтқа назар аудартады. Әлемде климаттық кризис күшейді, аймақтағы қуаңшылық жиіледі. Мұндай жағдайда жыл сайын тұрақты түрде мол өнім жинап отыру мүмкін бола бермейді.

Құрғақшылық жайласа, жауын-шашын аз түссе, ешқандай агротехнологиялар құтқара алмайды. Шығымдылық аз болады, астық күйіп кетуі мүмкін.

Сондықтан жүйе қолайсыз ауа райы, көкқасқа шегірткенің, зиянкестер мен өсімдік ауруларының таралуы сияқты форс-мажорлық жағдайларды ескеретін болды.

Қалай болғанда, өсімдік шаруашылығындағы проблемаларды арқаланып, мал шаруашылығымен айналысушылар өз өнімдерінің бағасын көтеруді жоспарлауда. Қымбатшылықтың лебі қазірден есе бастады. Бұған шетелден импортталатын ет өнімдерінің тапшылығы үстемеленуі мүмкін. 

Жалпы, Ұлттық статистика бюросы бізде ауыл шаруашылығы өнімдерінің онсыз да қымбаттап жатқанын жеткізді. Тұтастай алғанда, 2024 жыл қорытындысында азық-түлік тауарлар бағасы – 5,5%-ға, нан өнімдері мен жармалар құны – 3,5%-ға, ет және ет өнімдері – 3,4%-ға, сүт өнімдерінің бағасы – 6,1%-ға, май және тоң май бағасы – 5%-ға көтерілген екен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу