Биыл Қазақстанда бензин, дизель тапшылығы күтіліп отыр

1406

Ел шетелге мазут экспорты жөнінен рекорд орнатуда. Ал мұнай өнімдерінің өзге түрлері өзімізге жетпей қалайын деп тұр.

Биыл Қазақстанда бензин, дизель тапшылығы күтіліп отыр Фото: inbusiness.kz

Үкімет биылғы 1 ақпаннан бастап, бензин, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін елімізден сыртқа шығаруға қатаң тыйым салды. Себебі, олар бойынша өз елімізде тапшылықтың туындау қаупі бар.

Сондықтан Премьер-Министрдің орынбасары - Қаржы министрі Е.Жамаубаев, Энергетика министрі Б.Ақшолақов, Ішкі істер министрі М.Ахметжанов және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Е.Сағымбаев 20 қаңтардағы "ҚР аумағынан мұнай өнімдерін әкетудің кейбір мәселелері туралы" Бірлескен бұйрықпен 2023 жылғы 1 шілдеден бастап, 6 айға тыйым енгізді.

Құжатқа сәйкес, реактивті қозғалтқыштарға арнап, әуе көліктеріне құюды қоспағанда, тыйымға авиациялық отын да кіріп отыр. Бұдан бөлек, мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін, соның ішінде ЕАЭО СЭҚ ТН коды 2709 00 (битуминозды жыныстан алынған шикі мұнай және шикі мұнай өнімдерін), 2 710 (сол өнім, бірақ шикі емес), 2 902 (циклды көмірсутектерді), 3 403 (жағармай материалдарын), 3 811 (антидетонаторларды, антиоксиданттарды, шайыр түзуші ингибиторларды, жабысқақтық регуляторларын, таттануға қарсы заттарды және басқасын), 3826 00 (биодизель және оның қоспаларын) шетелге тасуға жол берілмейді.

Ішкі істер министрлігіне, полицияға өз құзыреті шегінде тіпті автомобильдердің оларды дайындаушы зауытпен көзделген стандарттарына сәйкес келмейтін, яғни қосымша немесе ұлғайтылған бензин бактарына бензиндерді, дизель отынын құйып әкету жағдайларының жолын кесуге тапсырма берілді.

Осыдан-ақ елде мұнай өнімдерінің көп түрі елдің өз мұқтаждығына да жетпей қалу қаупі барын байқауға болады.

Бір ғажабы, осының аясында Қазақстан мұнай өнімдерінің бір түрін экспорттауды өрістетіп жатыр. Бұл өнім – мазут. Сарапшылар Қазақстанның жаһандық нарыққа мазут өткізетін әлемдегі ірі жеткізушілердің бірі екенін айтады.

"2022 жылдың қорытындысы бойынша 13,68 миллион тонна мұнай өнімдері өндірілді. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 7,1%-ға артық. Тарата кетсек, мұнай өнімдерінің негізгі түрлерінен: бензин өндірісі – 4,97 миллион тоннаны құрады. Дизель отынының және мазуттың рекордтық көлемі өндірілді: дизель – 5,23 миллион, мазут – 2,81 миллион тонна болды. Битумның – 930 мың тоннасы және авиакеросиннің – 660 мың тоннасы ғана жасалды", – деп хабарлады Энергетика министрлігі.

Бұл ретте авиакеросин бойынша Қазақстанның өз сұранысы миллион тоннадан асады екен. Яғни, отандық өндіріс шетелдік нарық түгіл, ішкі қажеттілікті өтемейді.

"Биыл бензинді, дизелді және авиакеросинді экспорттауға еш мүмкіндік жоқ. Керісінше, ішкі нарықта дизельді отынға шамамен 850 мың тоннадай, ал авиакеросинге – 300 мың тоннадай тапшылық туындауы ықтимал. Оның бәрін сырттан тасуға тура келеді. Тіпті биылғы жылдың екінші жартысында бензинді де импорттай бастайтынымызды жоққа шығармаймыз", – деп мәлімдеді агенттікке саладағы дереккөзі.

Оның үстіне биыл бұл өнімдердің біразын шығару төмендейді, нәтижесінде министрліктің мұнай өндірісі бойынша 2023 жылға арналған жоспары – 13,44 миллион тонна ғана болып отыр.

Бірақ мұның мазутқа қатысы болмайды. Argus халықаралық баға агенттігінің мәліметінше, Қазақстан биылғы жылы теміржол арқылы мазут экспортын әрі қарай ұлғайтуды жоспарлап отыр.

"Өткен жылдардағыдай, 2023 жылы да қазақстандық экспорттаушылар қара түсті мұнай өнімдерін (оған мазуттың барлық түрі жатады) жөнелтуге күш-жігерін шоғырландырады. Өйткені мотор отынын тек қана ішкі нарыққа жеткізу жоспарланған. Бұл мазутты және вакумды газойлды экспорттық тасымалдауға арналған теміржол цистерналарына сұраныс туғызады. Сонымен бірге ашық түсті мұнай өнімдерін тасымалдауға арналған вагон паркі негізінен елдің ішінде пайдаланатын болады", – деп түсіндірді агенттік.

Argus дерегінше, ағымдағы жылы да Қазақстанның мұнай өнімдері экспортының көшбасшысы және ұстыны – сол бұрынғыдай мазут болады.

"Осы сегменттегі, яғни Қазақстанның мұнай өнімдерінің шетелдік бүкіл тасымалының 75% үлесі жалғыз мазутқа тиесілі. Республиканың ішкі нарығында бензинге, дизель отынына және авиациялық керосинге сұраныс өсіп барады. Бұған жергілікті мұнай өңдеу зауыттарына профилактикалық жөндеу жүргізу қажеттілігі қосылады. Сонымен бірге Қазақстанда отын тапшылығы күтіліп отыр. Осы факторлар жинала келе, биыл Қазақстаннан осы өнімдердің экспорттық мүмкіндіктерін айтарлықтай шектейді", – деген байлам жасады Argus халықаралық агенттігінің сарапшылары.

Агенттіктің болжамынша, қазақстандық ірі үш мұнай өңдеу зауытынан мазуттың теміржол экспорты 2023 жылы рекордтық жаңа биікті бағындырып, 2,2-2,5 миллион тоннаға жетуі мүмкін.

Салыстырсақ, 2022 жылы еліміз әлемдік қара базарда 2,19 миллион, ал 2021 жылы 1,61 миллион тонна мазут сатқан болатын.

Республика осы жылы да мазут өндірісін қарқынды арттыруға ұйғарды. Нәтижесінде, 2022 жылы мазут өндірісі рекордтық 2,84 миллион тоннаға жетпек. Салыстыра кетсек, 2022 жылы Қазақстан 2,81 миллион, 2021 жылы – 2,41 миллион тонна мазут жасаған болатын.

Дегенмен, мұнай өңдеу зауыттарындағы қондырғылар жұмысында ақаулар болса, өндіріс көлемі бұдан да артуы ғажап емес. Өйткені қондырғылар мұнайды толыққанды тазарта алмауы қара түсті мұнай өнімдері өндірісінің артуына әкеледі. 

"Биылғы ақпанның өзінде Атырау зауытында каталитикалық крекинг қондырғысында проблемалар туындады. Бұл мазут пен вакуумды газойл (ВГО) шығаруды елеулі түрде арттыруға ықпал етті", – деп баяндады агенттікке қазақстандық трейдер.

Соған қарамастан, ВГО-ның экспорттық жеткізілімдері 2023 жылы бәрібір азаятын түрі бар. Себебі, Атырау МӨЗ-і осы өнімнің шығарылымын кемітуді жоспарлап отыр. Кәсіпорын оның 138,5 мың тоннасын ғана жасауға ниетті. Өткен жылы ВГО-ның 246,5 мың тоннасын өндірген болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу