Биыл құрылады деген жаңа партиялар қайда?

1636

Қазақстанда партия құрылысы саласын терең дағдарыс жайлады.

Биыл құрылады деген жаңа партиялар қайда? Фото: Ақорда

Кеше Inbusiness.kz Мәжіліс депутаты Қарақат Әбденге сілтеме жасап, қазіргі күйдегі жаңа "Ауыл" партиясының негізін қалап, оны 8 жыл басқарған Әли Бектаевтың партия тізгінінен айрылып қалғанын хабарлады. 

Осылайша, "Ауылмен" байланысты болған тұтас дәуір аяқталды деуге болады. Оның орынтағын елге онша танымал емес тұлға, Мәжіліс депутаты, агроном әрі заңгер Серік Егізбаев басты. 

Депутат Қарақат Әбденнің сендіруінше, Әли Бектаев өз еркімен кетті. Оның кейбір партияластары жеке әңгімеде съездің өткенінен хабарсыз болып қалғанын, партия лидері ауысқанын әлеуметтік желіден және ақпарат құралдарынан естіп, таңданғанын айтады. Соған қарағанда партияның кезектен тыс ХХІІІ съезі аяқ астынан болғанға ұқсайды.

Бірақ партия жарғысы мен тәртіп сақталған: мерзімінен бұрынғы XXIII съезге партияның барлық 20 өңірлік филиалынан делегаттар қатысты. Күн тәртібіне басты бір мәселе шығарылды: жаңа төрағаны сайлау. Оның кандидатурасын Бектаев ұсынды.

Әли Әбдікәрімұлы не себепті орнын босатып отырғанын ашып айтпады. Тек партияның фракциясының жұмысын күшейту керектігін алға тартты және өзінің бар күш-жігерін депутаттық қызметіне шоғырландыратынын жеткізді. Бірақ ол қызметі де үш жылдан соң аяқталады. Ә.Бектаев 2014 жылы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының, ал 2020 жылы Түркістан облысының атынан Сенат депутаты болып сайланды. Сенаторлар 6 жылға сайланады. 

"Партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру, сондай-ақ Президенттің Парламент алдына қойған міндеттерін орындау бағытында Мәжілістегі "Ауыл" фракциясының жұмысын жандандыру қажет. Осыны ескере отырып, партияның тізгіні Мәжіліс депутаты болып сайланғандар арасынан шыққан жаңа лидерге берілуге тиіс деп санаймын", – деп қысқаша түсініктеме берді Әли Бектаев.

Саясаттанушы Зейін Сабырқұлов "Ауыл" партиясының аты Бектаевпен қатты қабысып, тығыз "ассоциацияланып" жатқанына назар аударды. "Ауылдың" құрылғанына 20 жыл толып отыр.

"Ғани Қалиев басқарып тұрғанда, ол шынымен ауыл шаруашылығы тақырыбымен шектелген партия болатын. 2015 жылы оның басшылығына келген Әли Әбдікәрімұлы жаңа леп әкелді. Ол партия құрылысын агрессивті, өршіл жүргізді. Маған "Нұр-Отанның" (қазіргі "AMANAT") танымал бір тұлғасының айтқаны бар: оған жоғарыдан шығып, егер "Ауылға" ауысса, елордадан оның өзіне де, туыстарына да бір-бір пәтерден беріледі депті. Бектаев төраға болған соң, "Ауыл" "Патриоттар партиясын" өзіне қосып алды. Бұл партияны өзі құрып, өзі басқарған Ғани Қасымов содан кейін саясат сахнасынан жоғалды. Бектаев небары 8 жыл ішінде "Ауылды" парламенттік партияға айналдырып кетіп отыр. Жаңа төрағаға оның көлеңкесінде қалып қоймай, өз атын шығару қиын болады, мықты ізденіс пен тың талпыныс керек болады", – деді саясаттанушы ғалым. 

2023 жылғы 19 наурыздағы Парламент Мәжілісінің сайлауында "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы сайлаушылардың 10,9% дауысын жинап, төменгі палатадағы сегіз мандатқа ие болды. Егер партия қолында бар ресурстарын шашып алып, келесі сайлауда жол шетіне шығып қалмасын десе, жаңа төраға мен оның командасы партияның беделін ары қарай арттырып, елдің қолдауын әкелер жаңа істерімен, тың тақырып, идеяларымен көзге түскені абзал. 

Саяси партиялардың көптеп құрылуы қарапайым азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуына кең жол ашады. Алайда сарапшылар Қазақстанда партия құрылысы саласын терең дағдарыс жайлағанын айтады. 

Бір жағынан, былтырғы маусымдағы конституциялық реформа нәтижесінде саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетілді: партия ашу үшін талап етілетін мүшелердің ең төменгі саны 4 есеге – 20 мыңнан 5 мың адамға дейін азайтылды. Партиялардың Мәжіліске өту шегі 7-ден 5 пайызға төмендеді. Нәтижесінде осының бәрі еліміздегі партиялық жүйені дамытуға тың серпін береді деп күтілген. 

Президенттің өзі 2022 жылғы қыркүйектегі жолдауында маусымдағы референдумда қабылданған Ата заңға өзгерістер "саяси партиялардың санын арттырады, саяси бәсекені күшейтеді, халық қалаулыларының жаңа легі пайда болуына септігін тигізеді" деп мәлімдеген еді. Осыдан кейін Әділет министрлігі жалпы саны 20 жаңа партия пайда болуы мүмкін екенін жариялады.

Олай болмады. Биылғы сайлауда Мәжіліске жаңа құрылған "Respublica" партиясы ғана өтті: 6 депутаты кірді. Екінші жаңа партия, өз миссиясы ретінде "Президентке Әділетті Қазақстанды бірге құруға көмектесуді" белгілеген – "Байтақ" жасылдар партиясы 2,3% ғана дауыс жиып, бес пайыздық кедергіден өте алмады. 

Әділет министрлігі бұл екеуінен басқа партияларды тіркемеді. 

"Қазір кадр тапшылығы өзекті мәселе болып тұр. Жоғары лауазымға ие болғысы келетіндер көп, бірақ олардың біліктілігі тиісті талапқа сай келмейді. Демек, кадр мәселесін міндетті түрде қолға алуымыз керек, сапалы мамандар тәрбиелеу қажет. Бұл ретте саяси партиялардың кадрлық әлеуетін де пайдаланған жөн", – деді Қ.Тоқаев.

Жаңа партия құруға бастамашы болғандар қайда?

Қоғам қайраткері, кәсіпкер Уалихан Тұрарбекұлы биылғы парламенттік дода қарсаңында партия құруға құлшынған тұлғалардың сайлаудан соң тыншып қалғанына назар аудартты. 

Мысалы, Болат Әбілов саясатқа енді араласпау туралы бұрынғы билікке берген сертін доғарып, "Әділетті Қазақстанда" "Bizdin tandau" партиясын құрмақ болды. 

"Саяси баз кешуден 65 жасында ғана құтылған Әбілов мырза бүгінде Назарбаев заманында тоналған активтерді қайтару қорындағы жұмысына бар күшін салуда. Ол партия құру бастамасын жапқанын биылғы мамырда жариялады. Бұрынғы режимнің "әмиянын" ақтаруға Болат Мұқышұлы бұдан бұрын кіріскен еді. "Самұрық-Қазына" қоры және басқа компаниялардағы былықтарды әшкереледі. Әбілов мырзаның кімдерге найза сілтеп, қандай өрістерге дейін шаба алатынын бақылау қызықты болады. Былтыр жаңа партия құруға ынтыққандардың ішінде Болат Әбілов ең тәжірибелі, тісқаққан саясаткер саналады. Дегенмен, оның бүгінгі риторикасынан іс басындағы билікке тым көп сүйсінетінін байқауға болады. Әккі саясаткер оппозицияда қалғанымен, жаңа толқынға құрық салып, "ерттеп" мінгенге ұқсайды. Оның жаңа билікпен тіл табысар тұстары, күн тәртібіндегі ортақ тақырыптары жеткілікті. Бұл көпшіліктің қолынан келмеді. Ендеше жасына қарамастан, Әбілов өз санатындағы біраз жасты шаң қаптыра алады. Айтпақшы, партия атауын тәжірибелі америкалық политтехнологпен ақылдасып, тапқан деген әңгіме бар", – деді Уалихан Тұрарбекұлы.

Қазақстанның Құрылысшылар одағының төрағасы, бизнесмен Талғат Ерғалиев 2022 жылғы 6 сәуірде "Enbek" партиясын құратындарын жариялады. Құрылмады. Бүгінде Талғат Ерғалиев Астана мәслихатының депутаты. Уақыты мен күшін елорда тұрғындарымен кездесіп, бас қаланың мәселелерін шешуге бағыттап жүр. Ол партия ашу идеясын бас тартып, Amanat партиясына қосылды. Соның атынан 2023 жылғы наурызда VIII шақырылымдағы астаналық депутаттық корпус құрамына сайланды. Мәслихат депутаттарына жалақы төленбейді, бірақ олар Сенат депутаты болып сайлана алады. Сенат сайлауы әрбір 3 жыл сайын өтіп тұрады. 

Құрылысшылар одағының жетекшісі мәслихат депутаттығымен шектеліп қалмайды деп санауға болады. Оның үстіне Ерғалиев бұдан бұрын Мәжіліс депутаты болған. Ал 2016 жылы "Ақ жол" партиясы атынан депутаттық шыңды тағы шабуылдаған еді. Екі рет тіпті ел Президенті сайлауына кандидат атануға да тырысты. Алайда партияның қысымымен, 2019 жылы Дания Еспаеваның кандидатурасын құптап, соған жол беруге мәжбүр болды. Бүгінде Еспаева – жаңа Мәжіліс төрағасының орынбасары, оң қолы. 

Былтырғы, 2022 жылғы Президент додасында Ортсайлауком Талғат Ерғалиевтің кандидатурасын талапқа сәйкес емес деп таныды. 

Экс-депутат, 2019, 2022 жылғы Президент сайлауларында кандидат ретінде тіркелмек болып, тіркеле алмаған Жұматай Әлиев "Халық Дербестігі" партиясын құруға белсенді. Былтырғы желтоқсанда бұл партияның тіркелу рәсімдерінен өтіп жатқаны жария етілді. 

"Биыл "Халық дербестігі" саяси партиясынан мемлекеттік тіркеуден өту туралы өтініш түсті. Қазіргі уақытта құрылтай құжаттарына сараптама жүргізілуде", – деп хабарлады Әділет министрлігі. Сонымен тынды. Сарапшылар оны "ең жұмбақ партия" деп атайды. Себебі, ол "Байтақ" партиясынан кейін құрылуға ең жақын қалған жаңа партия саналатын. Оның мәре сызығына жақындағанын, тіркелудің бірінші кезеңінен табысты өткенін билік органдары да бірнеше рет растады. Ары қарай партия із-түзсіз кетті. 

2022 жылғы қазанда барлық ақпарат құралдары "Халық демографиясы" бірлестігінің бұрынғы Мәжіліс депутаты, 70 жасар Жұматай Әлиевті Президент сайлауына үміткер ретінде ұсынғанын хабарлады. Ортсайлауком оның кандидатурасын құптамады. Содан бері Әлиев те саясат сахнасында көрінбейді. 

Ортсайлаукомның барлық тосқауылын бұзып-жара өтіп, былтырғы президенттік аламанда бағы мен бабын сынаған қоғам белсендісі Мейрам Қажыкен өзін 201 мыңдай сайлаушы (2,53%) қолдайтынын паш етті. Ол соның алдында "Yntymaq" партиясын құратынын мәлімдеген еді. 

Алайда неге екені белгісіз, жаңа партия құру үшін біразға дейін 5 мың қол жинай алмады. 2023 жылғы 3 шілдеде М.Қажыкен "Ынтымақ" партиясын тіркету үшін Әділет министрлігіне құжаттарын қайта тапсырғанын жария етті. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу