Биыл өндірілетін астық көлемі ішкі сұранысқа да, экспортқа да жетеді – Қарашөкеев

2980

Ауыл шаруашылығы министрі міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев Үкімет басшысына осылай баяндама жасады.  

Биыл өндірілетін астық көлемі ішкі сұранысқа да, экспортқа да жетеді – Қарашөкеев Фото: Серікжан Қобыланбаев

Оның айтуынша, биыл өндірілетін астық көлемі елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп ғана қоймай, Қазақстанның экспорттық нарықтардағы позициясын сақтап қалуға да мүмкіндік береді, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

"Біздің алдымызда әлемдік азық-түлік бағасының өсуі мен жалғасып жатқан СOVID-19  коронавирус пандемиясы жағдайында елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша маңызды міндет тұр. Облыстар әкімдіктерінің деректері бойынша астықтың жалпы жиналымының болжамды көлемі 15,3 млн тонна деңгейінде болады деп күтілуде. Бұдан басқа республикада 3,5 млн тонна көлемінде ауыспалы астық қалдығы бар", – деп атап өтті Ербол Қарашөкеев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында биыл Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асырғаны белгілі. Соның арқасында Азық-түлік келісімшарт корпорациясының ресурстарына 769,5 мың тонна көлемінде астық жеткізу туралы келісімшарт жасалған.

"Бұл ретте Азық-түлік келісімшарт корпорациясында 448 мың тонна көлемінде резервтік астық қоры бар. Көрсетілген астық көлемі қажет болған жағдайда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оны тұрақтандыру үшін ішкі нарыққа бағытталады. Ауыспалы қалдықтарды ескере отырып, жалпы жиналатын астықтың күтілетін көлемі республиканың ішкі қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге, сондай-ақ астықтың белгілі бір көлемін экспорттауға жеткілікті. Күтіліп отырған өндірілетін астық көлемі елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп ғана қоймай, Қазақстанның экспорттық нарықтардағы позициясын сақтап тұруға да мүмкіндік береді",  – дейді Ербол Қарашөкеев.

Айта кетсек бүгінгі Үкімет отырысында Асқар Мамин болжам бойынша өзін астықпен толық қамтамасыз ететінін мәлім еткен болатын. Экспорттық әлеует жоғары деңгейде, шамамен 6,5–7 млн тонна деңгейінде қалады. 

"Сондықтан басты міндетіміз – егін жинауды уақтылы әрі сапалы өткізу. Жалпы мынадай мәселелерге көңіл бөлгім келеді. Біріншіден, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыстардың әкімдіктері қыс мезгіліне жем-шөп қорын сапалы дайындау және оның бағаларын тұрақты болуын қамтамасыз ету жөнінде барлық қажетті шараларды қабылдасын. Екіншіден, егінді сапалы жинап қана қоймай, бидай сақтаудың тиісті шарттарын да бақылауда ұстау керек. Элеваторлардың егін қабылдау мен жинауға әзірлігін қамтамасыз ету қажет. Үшіншіден, Энергетика министрлігіне егін жинау кезінде жанар-жағар маймен уақтылы қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырамын", – деді.

Аян Бекенұлы
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу