Биыл өз астығымыз өзімізге жете ме

3986

23 млн гектардан 15,3 млн тонна астық аламыз. 

Биыл өз астығымыз өзімізге жете ме

Болжамдарға сенсек, биыл Қазақстан диқандары 2012 жылдан бергі ең төмен өнім алатыны бар, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтеріне қарасақ,  биыл ел аумағында 23 млн гектар жерге тұқым себілген. 2020 жылғы көрсекітштен 322 мың гектар артық.
Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 15,9 млн гектарға (бидай – 12,9 млн га, майлы дақылдар – 3,1 млн га, көкөніс – бақша дақылдары мен картоп – 473,8 мың га, мақта – 109,7 мың га, қант қызылшасы-21,7 мың га, жемшөп дақылдары-3,2 млн га) егілген.

Жалпы егіс маусымы сәтті басталған. Көктемгі дала жұмыстарының айтарлықтай қиындықсыз әрі уақытылы өткенін ескеріп, диқандар кемінде 20 млн тонна өнім алуға болады деген батыл болжам жасаған еді. Алайда сол болжамның орындалуы мұңға айналатын түрі бар. 

"Ендігі мәселе ауа райына байланысты. Жауын-шашын жеткілікті болса, егін шығымы былтырғыдан төмен болмайды",– деген болатын Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров сол кезде.

Бірақ ведомство басшыларының дегені емес, табиғаттың дегені болып тұр. Жаз біршама жауынсыз болып, Маңыстау және Қызылорда облыстарында жұттың алғаш белгілері байқалды. 

Биыл астыққа бай елдердің көбінде егін шығымы мардымсыз болатынға ұқсайды. Мысалы, Астық жөніндегі халықаралық кеңес Канадада бидайдың жалпы түсімі былтырғыдан 31,6%, Америка Құрама Штаттарында - 4,4%, Ресей Федерациясында бидайдың жалпы түсімі 15% төмендейтінін болжап отыр.

Ал Қазақстан бойынша Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан сияқты астық өңірлердің бәрі де құрғақшылықтан зардап шегіп отыр. Қазір сол зардаптың  астық нарығына ықтимал әсерін зерттеу үшін арнайы жұмыс топтары құрылып, жұмыс істеп жатыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сүйенсек, 12 тамыздағы жағдай бойынша дәнді дақыл алқабының 85,2%-ында (13,241 млн гектар) шығым "қанағаттанарлық", 13,7%-ында (2,122 млн гектар) "нашар" болады деген қорытынды айтылып отыр. Ал   178,3 мың гектар алқапта астық түгел қурап кеткен. Бұл дәнді дақыл алқабының 1,1%-ы деген сөз.

Қостанай облысында егін жинау науқаны енді басталды. Әзірге диқандар әр гектардан 3,3 центнер дән алып жатыр. Ал былтыр бұл кезеңде әр гектардан 10,1 центнер өнім түскен болатын.

Осының бәрін ескерген сарапшылар биыл елдегі диқандардың бәрі бірігіп 15,3 млн тонна астық алады деген болжам айтып отыр. 2012 жылдан бері Қазақстан көлемінде мұндай төмен шығым болып көрмеген екен. 

Жалпы тәуелсіз Қазақстан тарихында 2012, 2004, 1998 жылдар ең шығымсыз жылдар болып есептеледі. 1998 жылы бар-жоғы 7 миллион тонна астық алынған болатын. Кеңестік инерцияның екпіні біткен тұста өнімнің бұлай құлдырауы қисынға сиятын еді.

Қазақстанның астық өңдеушілер одағының президенті Евгений Ган 15,3 млн тонна деген болжамның өзі биылғы маусым үшін жоғары көрсеткіш болады деген пікірде.

"15,3 млн тонна өнім алынуы мүмкін деген болжам орындалса, жаман болмас еді. Шындығында, өңірлердегі ахуал әлдеқайда нашар. Астық өңірлердің бәрінде дерлік еккен өнімі түгел қурап қалған алқаптар бар. Гектарынан 3-4 центнер алуымыз мүмкін деп қорқып отырғандар көп.  Сондықтан дәл қазір нақты қанша өнім алатынымызды кесіп айтудың өзі қиын", – дейді ол.

Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер  сарапшылардың болжамы шынға айналып, 15,3 млн тонна астық алынса, бұл көлем Қазақстандықтардың азық-түлік қажеттіліктерін өтеуге толық жетер еді деп отыр. Былтырдан қалған 3,5 млн тонна астық және бар. Оның 2,8 млн тоннасы – бидай. 

Қазақстан 2021-2022 маркетинг жылында 6,5-7 млн тонна астық экспорттайтыны айтылды. Ал былтыр  8-8, 5 млн тонна экспортталған еді.

Салаға жауапты органдар осы межені іс жүзінде ұстап тұра алса, 15,3 млн тонна астық өз нарығымызды Ресейдің импортынан қорғауға да жеткілікті дегенді айтып отыр.  Дегенмен, экономикалық одақ аясында  Қазақстанға Ресейден 2 млн тоннаға дейін ресейлік астық импортталуы мүмкін. Импорт көлемі одан артса, өзіміздегі диқандарға ауыр тиіп, ішкі бағаны теңселтуі мүмкін. 

Бүгінде диқандар егіс алқабының 9,9%-ында (1,5 млн гектар) орақ жұмыстарын аяқтаған. Былтыр бұл кезеңде 11% алқаптан (1,6 млн гектар) дән алынып қойған болатын. 

Республика бойынша орташа шығым әзірге бір гектардан 10 центнер болып тұр. Қамбаға 1,5 млн тонна астық түсті. Ал былтыр осы кезеңде 2,4 млн тонна астық қамбаға құйылып, шығым гектарына 14,9 центнер болған еді.  

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу