Биыл Павлодар облысы 200 мың туристі қабылдауға дайын

Былтыр мұнда 190 мыңнан астам адам демалған болатын. 

Биыл Павлодар облысы 200 мың туристі қабылдауға дайын Фото: Валерий Бугаев

Павлодар облысы десек, көпшіліктің ойына бірден Баянауыл баурайы оралатыны рас. Жасыбай, Сабындыкөл, Торайғыр көлдері мен Кемпіртас, Ақбеттау, Қызыл үңгір сынды тарихи орындары бар бұл мекенге жазда туристер көптеп ағылады. Ал оларға қолайлы жағдай жасалған ба? Бұл туралы inbusiness.kz тілшісі жауапты органдардан сұрап көрді.

Жыл сайын аймақтағы туристік орындарда демалушылар үшін ыңғайлы мүмкіндіктер жасалып жатқанымен, тұрғындардың көңілін көншітпейтін жайттар да бар. Айталық, былтыр Сабындыкөл жағасында демалған кей адамдар шағын дүкен таппай, сандалғанын айтып еді. Амалсыздан аудан орталығына барған көрінеді. Биыл да шырын мен балмұздақ алу үшін демалыс орнынан ұзақтауға тура келе ме? Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ернұр Жәутікбаевтың сөзінше, биыл мұндай қолайсыздықтар туындамауы тиіс.

"Биыл "Тұлпар 2021" ЖШС Сабындыкөл аумағында кешенді қызмет көрсету түрлері қамтылатын 16 демалыс үйін салды. Оған қоса, тамақтану орнының құрылысын аяқтауға таяу. Қысқы уақытта туризмді дамытуға ден қоюды да жоспарлап отыр. Сондықтан бұл жолы қиындықтар болмауы керек", - дейді басқарма басшысы.

Бағаларға келер болсақ, Баянауыл ауданы аумағындағы демалыс үйлеріндегі жатын орындардың орташа бағасы – 9641 теңге. Ал қымбаты 50 мың теңгеден асып жығылады. Таяуда, әлеуметтік желі қолданушылары Жасыбай көлі жағасындағы демалыс үйі мен Дубайдағы мейманханалардың бағаларын салыстырып, жариялаған еді. Байқағанымыздай, Баянауылда екі адамға арналған кейбір бөлмелердің бағасыы тәулігіне 30 мың теңге тұрады. Осы шамалас бағаны Біріккен Араб әмірліктеріндегі қонақ үйлер де ұсынып отыр.

Баянауылдан арзандау жерлердің бірі – Тұзқала. Мұнда тұзды көлде шомылып, ем алуға болады. Бірақ алдымен жол азабынан өту керек. Себебі туристік аумаққа апарар тасжол жоқ. Бұған дейін төрт шақырымдық жолды көтеріп, толығымен жаңадан салу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалған-ды. Соған сәйкес, бюджеттен 352 млн теңге бөлінуі керек. Қазіргі уақытта жауапты мамандар осы істі біржақты шешумен айналысуда. Айтпақшы, Тұзқала аумағына кіру үшін әр көліктен 2 мың теңге алынады.

Жазғы уақытта жұрт жиі жиналатын жерлердің тағы бірі – Маралды. Мұнда туристердің түнеуі үшін биыл 20 киіз үй тігіліп, екі демалыс орны салынбақ. Ересектер аталған туристік аймаққа 1 мың теңге төлеп кіре алады. 18 жасқа дейінгі жеткіншектер үшін ақы 500 теңгені құрайды. 6 жасқа дейінгі балаларға тегін.

"Соңғы жылдары туризм саласында кәсібін дөңгелетіп отырған жандарға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау бар. Мәселен, демалыс орнын салып, қайта құрған инвесторға, жол бойы сервисін қолға алған кәсіпкерге шығынның 10%-ы қайтарылады. Туристер үшін шағын және үлкен автобустар, кемінде 8 орындық көліктер сатып алған азаматтың қалтасынан шыққан қаржының 25%-ы төленеді. Санитарлық-гигиеналық тораптарды орналастырған демалыс үйлерінің иелеріне ай сайын оны күтіп-ұстау үшін 83 мың теңге беріледі. Бірақ оның барлығы белгіленген талаптарға сай болуы тиіс", - дейді Ернұр Жәутікбаев.

Ал демалушыларды тарту үшін 9 имидждік жоба ұйымдастырлмақ. Оның ішінде туристік маусымның ашылуы, алғаш рет өтетін ұлттық тағамдар фестивалі, экосенбілік және тағы басқалары бар. Бұл мақсатқа бюджеттен 40 млн теңгеден астам сома қарастырылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу