Биыл Президент қандай маңызды шешімдер қабылдады, нендей тың бастамалар көтерді?

1477

Жылдың жетістіктері салмақты.

Биыл Президент қандай маңызды шешімдер қабылдады, нендей тың бастамалар көтерді? Фото: aqorda.kz

Әділетті Қазақстанның бағыт-бағдары аясында атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылды. 2023 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың неге басымдық бергені анықталды.

Біріншіден, елге берген уәдесінде тұрып, "жаңғыру мен жаңару жолында маңызды саяси, экономикалық реформаларды жүзеге асыруға" көңіл бөлді.

Екіншіден, республикада түпкілікті түрде "заң мен тәртіптің үстемдігін орнатуға" екпін түсірді, соны мемлекеттік саясаттың басты мақсаты ретінде белгіледі.

Үшіншіден, былтыр жарияланған, биыл нақты құрылымдалған "жаңа экономикалық саясатты" жүзеге асыру, соның негізінде "әділдікке негізделген жаңа экономикалық үлгіге көшу ісі қолға алынды".

Ең бастысы, Мемлекет басшысы "халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға баса мән берді".

Президенттің жұмыс кестесі тығыз болды

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл аса өнімді еңбек еткені байқалады.

Ресми мәлімет бойынша 2023 жылы 5 мыңға жуық түрлі құжаттар қарастырылып, қол қойылған екен. Тарата айтқанда, олардың арасында:

  • 98 заң,
  • 344 жарлық,
  • 91 өкім,
  • 27 мәжіліс хаттамасы,
  • 4 328 түрлі қызметтік құжат бар.

Мемлекет басшысы ағымдағы жыл бойы ел ішіндегі 56 ірі іс-шараға қатысыпты.

Еліміздің саяси және қоғам қайраткерлерімен 307 кездесу өткізді.

Президент жыл ішінде республиканың 14 өңіріне жұмыс сапарымен барып, аймақтардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетімен, өз тапсырмаларының іске асырылу барысымен танысты. Қасым-Жомарт Тоқаевты Алматы қаласы, Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары құшақ жая қарсы алды.

2023 жылы Мемлекет басшысының қатысуымен 268 халықаралық іс-шара өтіп, 19 шетелдік сапар жасалды. 27 халықаралық форум мен саммитке қатысты.

Көп жақты іс-шаралар аясында 30 шет мемлекеттің лидерлерімен жүздесіп, келіссөздер жүргізді.

Шет мемлекеттердің басшыларымен 41 рет телефон арқылы сөйлесті.

Шетел президенттерімен, үкімет басшыларымен, халықаралық ұйымдардың жетекшілерімен, іскерлік топтар өкілдерімен 106 жеке кездесу өткізіпті.

Қазақстан көшбасшысының жатжұрттарға сапарлары аясында 18 екі жақты шарттарға қол қойылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Ақордада шет мемлекеттің елшілерінен 27 сенім грамотасын қабылдады.

Мемлекет басшысы Қазақстанның 1 елшілігін және 3 бас консулдығын ашу туралы шешім қабылдады. Олар – Еуразия құрлығында. Тарата айтсақ, Солтүстік Македонияда Қазақстанның Елшілігі, ал Гамбург (Германия), Екатеринбург (Ресей), Сиань (Қытай) қалаларында еліміздің консулдығы құрылды.

Мемлекет басшысының "жұмыс сапары" бұдан бірнеше есе көп. Президент арнайы ат басын бұрған елдердің арасында АҚШ, БАӘ, Ресей, Қырғызстан, Түркия, Сауд Арабиясы, Тәжікстан, Беларусь пен Әзербайжан бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылы әлемді аралауға 33 күнін арнады

Аяқталуға жақын ағымдағы жылы шет мемлекеттердің басшылары 19 рет Қазақстанға түрлі сапармен келді. Олардың арасында Франция, Түркия, Ресей, Әзербайжан, Сингапур, Қатар, Босния және Герцеговина, Албания, Германия, Мажарстан (Венгрия), Того, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан басшылары бар.

Бір қызықты дерек, Мемлекет басшысы биыл шетелге және еліміздің өңірлеріне сапарлары кезінде 152 мың 921 шақырым жолды еңсеріпті.

Бұл Жер шарын шамамен 4 рет айналып шыққанмен тең!

Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл 243 сағат 46 минутын ұшақта және тікұшақта өткізді.

2023 жылы Президент отандық және шетелдік басылымдарда 3 мақаласын жариялады және 4 рет сұхбат берді.

Жылдың басты жетістіктері қандай?

Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары" атты Қазақстан халқына жолдауы 2023 жылдың басты саяси оқиғаларының бірі.

"Осы Жолдауда айтылатын міндеттің бәрі үш жылдың ішінде орындалуға тиіс. Ал аса күрделі міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты мерзім бекітіледі", – деді Президент.

Жолдауда жаңа экономикалық саясаттың негізгі бағыттары белгіленді. Мемлекет басшысы Үкіметке Қазақстан экономикасының жыл сайын 6-7 пайыздап тұрақты өсуін қамтамасыз етуді, 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін 2 еселеуді, яғни 450 миллиард долларға жеткізуді жүктеді. Сондай-ақ "ел тағдыры үшін айрықша мәні бар", жоғары технологияларға құрылған кем дегенде 15 серпінді жобаны жүзеге асыруды тапсырды.

Биыл бизнесті қатаң реттеуден – оны проактивті ынталандыруға бағытталған жаңа нормативтік құқықтық база қалыптасты.

Нәтиже де ұзақ күттірмеді. Кәсіпкерлік белсенділіктің үлесі 10%-ға артты. Әкімшілік жазаға тартылған кәсіпкерлік өкілдерінің саны 50%-ға азайды. Мемлекеттің бизнес-процестерге араласу көрсеткіші төмендеді.

Тұтастай алғанда, 2023 жылдың тарихта қалар жетістіктері жетерлік.

Мысалға, Президент еліміздің демографиялық тұрғыдан орнықты дамуын ең өзекті міндет деп белгіледі. Осы орайда биыл, 14 қарашада Қазақстан халқының саны тұңғыш рет 20 миллионға жетті. Қазақ елінің тарихында, осынау Ұлы дала төсін бір уақытта осынша адам ешқашан мекендемепті.

2023 жылы "Ұлттық қор – балаларға" жобасы қолға алынды. Арнайы заңы қабылданды. Енді міне, жаңа жылдан бастап барлық қазақстандық балалардың БЖЗҚ-дағы есепшотына Ұлттық қордан қаражат түсе бастайды.

Осы жылы "Жайлы мектеп" жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салу бастамасы бастау алды. Бұдан бөлек, ауылдық жерлерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысандары, емханалар, ФАП-тар салынып жатыр. Бұл ұлттық жобалар абыройлы жүзеге асырылса, Әділетті Қазақстанның бір кірпіші болып қалануға жарамақ.

Биыл БҰҰ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2026 жылды "Халықаралық волонтерлар жылы" деп жариялады.

Бұдан бөлек, 2023 жылы "Ұлттық қор – балаларға" жобасымен ұштастыру үшін 5 жастан ересек балаларға арналған "Келешек" атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі енгізілді.

Ағымдағы жылы сәбилі болған аналарға балалар күтімі үшін жәрдемақы төлеу мерзімі бұрынғы 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұзартылды.

Кеңес заманында болған "Қазақстанның Халық жазушысы", "Қазақстанның Халық әртісі" атақтары қайта жаңғыртылып, биыл тұңғыш рет алғашқы иегерлеріне салтанатты түрде табысталды.

Халық тұрмысы қайтсе артады?

"2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазіргі кезде олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары", – деді Президент өз жолдауында.

Білім беру саласында:

  • мектеп педагогтерінің еңбекақысы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап, жыл сайын 25%-ға көтеріліп келеді. Бұл үрдіс биыл да жалғасты. Нәтижесінде, ұстаздардың лауазымдық жалақысы 100%-ға көтерілді.
  • балабақша педагогтерінің лауазымдық жалақысы 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап, 30%-ға артты.
  • жоғарғы оқу орындары оқытушыларының жалақысы осы жылы 26%-ға ұлғайды.
  • 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап, студенттердің стипендиясы 20%-ға өсті.
  • 2023 жылғы 1 қыркүйектен магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 15%-ға көбейді.

Денсаулық сақтау саласында 2020 жылдан медицина қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын артып келеді. Дәрігерлердің еңбекақысы 30%-ға, орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 20%-ға өсті.

Мәдениет және мұрағат қызметкерлерінің жалақысы 22 жылдан бері 23%-ға жоғарылады. Президент тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін мәдениет және мұрағат ісі ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысын жыл сайын лауазымдық жалақының белгіленген мөлшеріне сәйкес, 100% арттыру жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда ең төмен жалақы мөлшері (ЕТЖ) 85 000 теңгеге дейін ұлғайтылды. Нәтижесінде, түрлі меншік нысанындағы кәсіпорындардың барлық салаларында жұмыс істейтін шамамен 1,8 миллион қазақстандықтың табысы артуға тиіс. Оның ішінде бюджет саласындағы 350 мың қызметкердің ақшалай кірістері өседі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Бірінші кезекте ЕТЖ көлемін арттыру "жалақысы төмен" қызметкерлерге қатысты болады. Екіншіден, жалақы деңгейін белгілеу кезінде ЕТЖ көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер разрядаралық біліктілік жүйесін ескере отырып, қызметкерлердің басқа санаттарының жалақысын қайта қарайтын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу