Павлодар облысының жайылмаларына Бұқтырма су қоймасынан жіберілетін судың көлемі әдеттегіден аз болды. Соның салдарынан су жайылмалардың жартысына да жайылған жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Шабындықтарда шөп бітік шығуы үшін көктем кезінде жайылма суға лық толуы тиіс. Яғни, жайылманың кемінде 70%-ына су жайылуы тиіс. Өкінішке қарай, биыл олай болмады. Су қоймасынан төрт-бес тәулік аралығында секундына 3500 текше метр су жіберудің орнына көлем одан екі есе аз болды. Оған қоса, жаздан бері бір тамшы жауын жоқ. Мұның барлығы мал азығының жылдағыдан аз жиналуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан кейбір ірі шаруашылықтар қазірден-ақ төрт түліктің санын азайтуды ойластырып отыр.
Айталық, "Ақжар-Өндіріс" шаруашылығының басшысы Гүлзира Қазылова қысқа шөп дайындамақ түгілі малды өріске жіберу мүмкін болмай отырғанын алға тартады.
"Биыл жайылманың 40-50%-ы ғана суға толды. Бұл шөптің шығуына кері әсерін тигізді. Жайылымда мал азығы жоқ. Сондықтан төрт түлікті өріске шығарған жоқпыз. Шыққан шөптің өзі тым аласа болғандықтан шабуға да келмейді. Қысқасы, биыл азықсыз қалатын түріміз бар. Кейін қиындық көрмес үшін олардың санын азайтуды бастадық. Бірақ жазғы уақытта малдың бағасы арзандап кететіні тағы бар. Әйтеуір, "өлместің" күйін кешіп жүрміз", - дейді шаруашылық басшысы.
Шаруашылық орналасқан Май ауданында киіктер санының күрт көбеюі жағдайды одан әрі ушықтырды. Аудан басшысы Ағыбай Әмірин биыл шөптен тапшылық болуы мүмкін екенін жоққа шығармады.
"Шөп жинауға қатысты мәселе күрделі болары белгілі. Көктемгі көпжылдық өсімдіктерді жинау арқылы қор жасаймыз деп ойластырған едік. Бірақ оның барлығын киіктер таптап кетті. 500 киік сағатына 30-40 шақырыммен жүгіріп өткенде олардан түк қалмайды", - дейді аудан әкімі.
Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығы алаңдауға негіз жоқ екенін алға тартады.
"Өңірде жем-шөп өсетін аумақ 332,2 мың гектарды құрайды. Оның ішінде сүрлем, біржылдық және көпжылдық шөптер бар. Биыл тағы 30,7 мың гектарға көпжылдық өсімдіктер егілді. Ертістің жайылмасына судың аз жайылуына байланысты мәселе болуы мүмкін. Осыны ескеріп, жайылым алқаптарды 40%-дан аз басқан аумақтарға жем дайындау кезінде субсидия беру ұсынылды. Жалпы, биыл бір жарым жылға жететін қор, яғни 1 млн 215 мың тонна шөп әзірлеу жоспарланып отыр", - дейді басқарма басшысы Марат Ақтаев.
Айта кетейік, Павлодар облысында барлығы 635 472 бас ірі қара, 269 826 жылқы, 747 880 қой, 100 957 ешкі бар.