Биылғы астықтың үлкен бөлігі шіріп кетуі мүмкін

5960

Қазақстанда егін жинау науқаны аяқталып қалды. Астық түсімі барлық пессимистік болжамнан асып түсті. Енді оны тасымалдау үлкен проблемаға айналуда, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.  

Биылғы астықтың үлкен бөлігі шіріп кетуі мүмкін Фото: inbusiness.kz

Мемлекет басшысы шаруаларды егін жинау нәтижелерімен құттықтағаны белгілі. Егіншілеріміздің еңбегі шынымен ерен. Биыл нан өнімі бұрын белгіленген болжамды деңгейден асып түсті. Мәселен, жоспарланған 19,5 млн тонна бункерлік салмақтағы астықтың орнына бүгінде 21,7 миллион тоннадан астам астық бастырылып отыр. Оның ішінде 16,3 млн тоннадан астамы бидай. Жыл басында Ауыл шаруашылығы министрлігі 2022 жылы бункерлік салмақта әрі кетсе 14,1 млн тонна ғана бидай жиналады деп болжаған болатын.

Мұның бәрі нан өсірушілердің қажымас еңбегінің арқасында мүмкін болды. Осының арқасында Қазақстан қайтадан әлемдегі астық экспорттаушы жетекші елдердің біріне айнала алады. Әйтпесе өз халқымыз наннан тарығуы мүмкін деп қауіптеніп, Үкімет бидай мен ұнды шетелге сатуға шектеу енгізіп қойған болатын.

Қазақстандық диқандардың тынбай еңбек етуі арқасында біріншіден, отандық нарық астықпен молықты. Екіншіден, ең кемі бір жылға азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Үшіншіден, сапалық көрсеткіштері жоғары бағаланатын қазақ астығы енді жаһан жұртшылығының бір бөлігін асырауға жететін болды. Төртіншіден, егіншілеріміз шүмектеп тер төге жүріп, биылғы жылы бидайды қыс түспей, ертерек жинап ала алды. Астықтың үлкен бөлігі қар астында қалған жылдар да болған. Былтырғы жылы астық жинау тек 17 қарашада аяқталған. Биылғы алғашқы қалың қар жауған да жоқ, ал елдегі бидай мен бұршақ тұқымдас дақылдар өсірілген барлық егістіктің 99,5%-ынан өнім жиналып болды.

Бидай мен бұршақ тұқымдас дақылдардың шығымдылығы 2022 жылы әр гектардан 13,5 центнерден айналып отыр. Сонша жоғары көрсеткіш те емес, бірақ былтырғыдан жақсы. Салыстырсақ, 2021 жылы шығымдылық әр гектардан небәрі 9,3 центнер болған.

"Өткен жыл біз үшін ауыр болды. Бидай көлемі өңдеуден кейін 11,8 млн тоннаны ғана құрады. Соған қарамастан, жағдайдан лайықты шыға алдық, Қазақстанның өзін нан шикізатымен қамтуға баса мән берілді. Биылғы жылға арналған болжамымызға сай, өңдеуден кейін 13,4 млн тонна ғана болады деп күтілген еді. Бірақ бүгінде қорытынды нәтиже тіпті біздің ең батыл үміттерімізден де 1 млн тоннаға асып кетті. Яғни Қазақстан бидай бойынша экспорттық әлеуетін сақтап қалды", – деді Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Бұл ретте 14 қыркүйектен бастап, Қазақстаннан бидай мен ұнды шетелге экспорттауға қойылған шектеулердің бәрі алып тасталды.

Алайда аграршылар жиналған астықтың бір бөлігі шіріп кетуі мүмкін деп алаңдап отыр. Себебі елде вагон тапшы. Содан мысалы, солтүстіктегі егіншілердің жинаған астығын элеваторларға, еліміздің оңтүстігі мен батысындағы тапсырыс берушілеріне, сондай-ақ шетелдік нарыққа жеткізіп үлгермеу қаупі сақталуда. Онда астық бүлініп, қыза бастайды, жоғары сапасын жоғалтып, арзан мал азығына ғана жарауы ықтимал.

Бұған жол бермеу үшін "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының жанынан жаңа астықты сапалы тасымалдау мәселелерімен айналысатын арнайы Штаб та құрылыпты. Штаб астық тасуға арналған жылжымалы құрамның тапшылығы проблемасын шешуге тырысуда. Өңірлердегі теміржолдар бөлімдерінде жедел астық топтары тәулік бойғы режимде жұмыс істеуде.

Дегенмен қарқын баяу екені байқалады. Салыстырар болсақ, 2022 жылдың 7 айында 5,1 млн тонна бидай тасымалданғаны, оның 4 млн тоннасы шетелдік нарықтарға жөнелтілгені хабарланған болатын. Ал қыркүйек айының қорытындысында, 9 айда ҚТЖ желісі арқылы артып жөнелтілген бидайдың жалпы көлемі 6 млн тоннаға ғана жетті, соның ішінде экспортқа тек 4,6 млн тоннасы кетті.

Штаб отырысында жүк жөнелтуші компаниялардың, трейдерлердің өкілдері мен аграршылар түсіндіргендей, қазақстандық жекеменшік вагон иелері өздерінің жылжымалы құрамын көрші елдердің теміржол әкімшілеріне жалға берумен әуестеніп кетті. Валюта бағамындағы айырмашылыққа орай вагондарды Қазақстанда пайдаланғаннан шетелге жалға берген әлдеқайда көп табыс әкеледі екен.

Ал "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының теміржол желісі шектен тыс жүктелген, әрі қалыптастырылған вагондар құрамын сүйрей жөнелетін локомотивтер жетіспей жатыр.

Ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашөкеев бұл мәселемен таныс екенін жеткізді.

"Біз аграршылардың проблемалары туралы білеміз. Бүгінде вагондарды ұсынуда үлкен бөгелістер болып жатқанын көріп отырмыз. Салдарынан жеткізілімдер кешігуде. Мен сіздерді сендіргім келеді. Мүдделеріңізді қорғау үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Біздің экспорттық әлеуетімізді толыққанды жүзеге асырып, астықты дәстүрлі өткізу нарықтарына уақытылы жеткізу үшін көмектесуге күш саламыз", – деді ермерлерге Ербол Қарашөкеев.

Соған қарамастан, вагондар беру мен оларды тасымалдауға қатысты ахуал тек ушығып бара жатқан көрінеді. Еліміздегі астық тасушы вагондардың басым көпшілігі "Астық Транс" компаниясының қолында шоғырланған.

Оның хабарлауынша, ҚТЖ теміржолда тәулік бойғы жүк артуға шектеу енгізді, салдарынан қазан айына арналған жүк тасу өтінімдерінің орындалмай қалу қаупі бар. Өйткені бос вагондар жетерлік, алайда олар өздеріне жүктің артылуын "күтіп", бос қаңтарылып тұр.  

Өз кезегінде "Астық Транс" АҚ бірінші вице-президенті Сергей Мосолкин астық тасу бойынша жаңа өтінімдер қабылданбауы мүмкін екенін ескертті: компания ескі өтінімдерді орындауға тырысуда.

Ол теміржол жүйесіне үлкен жүктеме түсіп жатқанын растады. Жедел деректер бойынша қыркүйек айының қорытындысында "Астық Транс" былтырғы ұқсас кезеңдегіден 20% көп астық тасып үлгеріпті. Әрине, бұл компания алпауыт болғанымен, елдегі жалғыз экспедитор емес, басқалары да бар. Жалпы алғанда, теміржолмен қыркүйек айында, 2021 жылғы қыркүйекке қарағанда, бидай 13%-ға артық тасымалданған.

Дәл қысылтаяң шақта, "Астық Транстың" өз тарифтерін 2 есеге көтеріп жібергені аграршылар мен трейдерлердің қатаң сынына тамыздық болды.

"Вагондардың тасымалдау құны ішкі маршруттерде экспорттық бағытқа қарағанда шамамен 30% төмен болатын. Әлеуметтік маңызын түсіне отырып, біз ішкі бағыттарда тарифті бір жарым жыл бойы көтермедік. Төмен тарифтерге және вагондардың айналымының аздығына байланысты 2021 және 2022 жылдары ішкі қазақстандық тасымал "Астық Трансқа" аз табыс әкелді, шығынды болды деуге келеді. Біз бұлай ұзақ шыдай алмаймыз", – деп дәйектеді С.Мосолкин.

"Жығылғанға жұдырық" деген, әлемнен оқшауланып, майшелпек нарықтардан қағыла бастаған көрші Ресей енді Қазақстаннан дәстүрлі нарықтарын тартып алуда. Салдарынан, Қазақстан Ауғанстан, Тәжікстан, Қырғызстан сияқты нарықтардан да ығыстырылып шығарылып жатыр.

Ендеше министрдің мол астыққа мәз болуына әлі ерте. Сарапшылар РФ өз территориясы арқылы Еуропаға, басқа да төлем қабілеті жоғары, бай елдерге қазақ астығын жібермей, түрлі тосқауыл қойып отырғанына назар аудартып келеді. Егер шетелдік экспорт жабылса, Ресей кесірінен Қазақстан нарықтарынан айрылса, онда республикаға мол астық жинаудың да қажеті болмайды. Саны аз Қазақстан халқы жылына 5,1 млн тонна ғана бидай тұтынады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу