Биылғы жыл – жер-жаһандағы сайлаулар жылы

2251

2023 жылы әлемдік саясат сахнасында түрлі саяси қойылымдардың көрігі қызуы мүмкін. 

Биылғы жыл – жер-жаһандағы сайлаулар жылы Фото: Twitter

Шетелдік сарапшылар сайлау науқандарының көптігіне назар аударыпты. Барлық дерлік континент электоралдық науқан кезеңіне кірді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Солардың бастыларына тоқтала кетсек.

Foreign Policy хабарлауынша, биыл екі елде: Нигерия мен Гватемалада іс басындағы президенттер кетуге тиіс. Олардың Конституцияларында, Қазақстандағы сияқты мемлекет басшыларының қайта сайлануына тыйым салынған.

Басқа елдерде, атап айтқанда Эстония, Финляндия, Сингапур, Бангладеш, Жаңа Зеландияда мемлекет тізгінін өз қолына алған әйел лидерлер тағы бір мерзімге сайлануға талаптанып көрмек. Бұл ретте америкалық басылым Сингапур Президенті Халима Якоб пен Бангладеш премьер-министрі Шейх Хасина ханымдардың өз басшылығы кезінде демократиядан алыстап кеткенін сынады.

Таиланд пен бауырлас Түркия да көшбасшыларын сайлайды. Халықаралық сарапшылар осы екі елдегі саяси науқанды ұқсас ететін бір нышанды атады: екеуінде де іс басындағы лидер әскерге сүйеніп, соғыс тақырыбы негізінде бедел жинауға тырысуда екен. Ал Пәкістанда алдында премьер-министрді орынтағынан аударып тастағаны сияқты бұл жолы да дауыс санау нәтижелері тәртіпсіздікке ұласуы ықтимал деген қауіп бар көрінеді.

Экономикалық күйзелістерден құтыла алмаған сайлау қарсаңында Аргентинада популистік саяси қозғалыстар күш алуда. Нигерия мен Конго Демократиялық Республикасының жұртшылығы биліктің тек бейбіт ауысуынан ғана үміттенеді.

Сонымен, қазақ аудиториясын қызықтыруы мүмкін бірқатар сайлау науқандарын сөз етсек.

Қазақстан

Сарапшылардың байламынша, Қазақстан биыл кең ауқымды сайлау кезеңіне кірді.

"Жыл үлкен сайлау циклімен есте қалмақ. 2023 жылы біз Сенат, сондай-ақ Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауын өткіземіз. Мәжіліс жаңа пропорционалды-мажоритарлық модель бойынша сайланады. Бұдан бөлек, аудандық және ауылдық маңызы бар әкімдерді тікелей сайлауды қамтамасыз етуіміз керек. Біз үлкен команда ретінде күрделі сайлау процестерінен өтіп, тиімділігіміз бен біртұтастығымызды көрсетеміз", – деді жаңажылдық құттықтауында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.

2023 жылғы 14 қаңтарда Парламент Сенаты депутаттарының додасы өтеді. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, жоғарғы палатадағы креслоны және сенатор мандатын иеленуге 20 өңірде жалпы саны 130 кандидат таласпақшы болып, құжаттарын ұсынған. Олардың бәрі тіркелгенде, бір орынға шамамен 6-дан көп үміткерден келетін еді.

Бірақ облыстардың, үш мегаполистің сайлау комиссиялары 130 үміткердің тек 66-сын ғана тіркеді.

Осылайша, кандидаттар арасында 95,5 пайызы (63 адам) – өзін-өзі ұсынушылар, тек 4,5%-ын (3) – мәслихаттар ұсынған. Тіркелген кандидаттар қатарында 46-сы (69,7%) ерлер және 20-сы (30,3%) әйелдер. Кандидаттардың арасында 4-еу (6,1%) Сенаттың қазіргі депутаттары, 15-і (22,7%) мемлекеттік ұйымдардың, кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкерлері, 29-ы (43,9%) мемлекеттік қызметшілер, 13-і (19,7%) коммерциялық құрылымдардың қызметкерлері, 5-еуі (7,6%) қоғамдық ұйымдардың өкілдері. Мамандықтары бойынша дәрігерлер – 3 (4,5%), инженерлер – 7 (10,6%), заңгерлер – 8 (12,1%), саясаттанушылар – 1 (1,5%), журналистер – 1 (1,5%), оқытушылар – 14 (21,2%), экономистер – 9 (13,6%), ауыл шаруашылығы қызметкерлері – 10 (15,2%), басқа мамандық иелері – 13 (19,7%).

Кандидаттардың орташа жасы – 51,8 жас. Ең көп кандидат Жамбыл облысы мен Алматы қаласында тіркелген: бір мандаттан 5 кандидат дәмелі. Абай, Түркістан облыстарында 4 кандидат тіркелген. Астана, Шымкент және қалған 14 облыста 3 кандидаттан табылды. Осылайша, орта есеппен бір мандатқа – 3 кандидаттан үміткер болады. Жалпы, сарапшылардың да, халықтың да, байқаушылардың да Сенат сайлауына еш қызығушылығы байқалмайды. Жұрт нағыз парламенттік сайлау деп, қызу өтетін Мәжіліс сайлауын атайды.

Алайда Мәжіліс, мәслихаттар және әкімдер сайлауының биыл нақты қай күні өтетінін Президент әзірге жариялаған жоқ.

Украина

Соғыс болса, бейбіт күнде өзекті мәселелер адыра қалады екен. Биылғы күзде Украинада парламенттік сайлау өтіп, жаңа Рада қалыптастырылуы керек. Алайда ол өтпей қалуы мүмкін. Батыстық сарапшылар Кремльдің 2 миллиондық армия жасақтауға кірісу жоспарына қарап, таяуда Ресей Киевті алуға жаңа ұлы жорық жасайды деп болжауда. Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Валерий Залужный да бұл қауіпті растады. Оның болжамында Мәскеудің Киевке қарай қуатты жаңа шапқыншылығы қаңтар не ақпанда басталуы ықтимал.

Қалай болғанда, Украинадағы сайлау науқанының қашан және қалай өтетінін соғыстың қалай өрбитіні анықтайтын болса керек. Ресей әскері тарапынан тоқтаусыз бомбалау астында дауыс беруді өткізу тым қауіпті болатыны анық. Әзірге Украина Президенті Владимир Зеленский барлық депутаттарды әлемді аралап, еліне қаржылық, әскери көмек алғызуға жолдады. Украиналық сайлаушылар олардың ішіндегі ең белсенділерін және елге көбірек пайда әкелгенін әлеуметтік желі арқылы біліп отыр. Яғни, Парламенттік сайлау жарияланса, тиімділігін паш еткен депутаттарға сайлаушылар арасында үгіт жүргізу қажет болмай қалады.

Нигерия

Бұл африкалық елде 25 ақпанда Президенттік сайлау өтеді. Нигерия жастар елі саналады: жасы 30-ға да толмағандардың үлесі ғаламат 70 пайызға жетеді. Соған қарамастан, "Африкалық үзіліс" кітабының авторы Носмот Гбадамосидің жазуынша, Африкадағы ең ірі экономика саналатын осы елді баяғыдан бері геронтократия басқарып келеді. Мысалы, қазіргі президент Мухаммад Бухари 80 жаста. Оның аясында сайлау науқанының лидеріне айналған Лейбористік партия кандидаты, 61 жасар Питер Оби жас саналады. Бухаридің өзі конституциялық шектеуге байланысты додаға түсе алмайды. Сондықтан ол өз орнына Лагостың 70 жасар губернаторы Бола Ахмед Тинубудің жайғасқанын қалайды. Барлығы дауыстардың әділ саналуына байланысты болмақ. Әйтпесе, сайлау соңы немен тынатыны әзір белгісіз.

Bloomberg дерегінше, сайлаушылардың 72%-ы Обиді жақтап, дауыс беруді жоспарлап отырғанын хабарлаған. Оби – бұрынғы банкир, сөзге шешен, елге көсем адам. Ол Анамбра губернаторы ретінде ел көңілінен шыққан білім реформасын табысты жүзеге асырып, танылды.

Эстония

Онда 5 наурызда Мемлекет басшысының сайлауы өтеді. Эстонияны Премьер-министр басқарады. Мәскеудің Украинаға басып кіруі кішкене ғана Эстонияны қатты өзгертті: бұрын еуропалық саясатта өзін саяқ ұстайтын бұл Балтық елі белсенділігін күрт арттырды, Еуропалық Одақта да, НАТО-да да Украинаға көмек көрсетуді қызу ілгерілетті, алғашқы күндерден бастап, осы істе өзі де жетекші рөлге ие болды. Өйткені Украина құласа, келесі құрбан өзі болатынын жақсы түсінеді. Осы істердің басы-қасында іс басындағы Премьер-министр, эстон сұлуы атанған 45 жасар Кая Каллас жүр.

Батыс саясаткерлері Калластың нағыз қырғилар қатарынан екенін ұқты: ол Мәскеуді ренжітіп алудан еш қорықпай, ықпай, батыл шешімдерге бастамашы болды. Мысалы, ол Ресей азаматтарына Шенген визасын беруді доғаруды ұсынды. Франция лидері Эммануэль Макронды агрессор Путинге қайта-қайта телефон соға беруді тоқтатуға шақырды. Украина өз жерлерін толық қайтарып алғанға дейін еш келіссөз жүргізуге болмайтынын ашық мәлімдеді. Калластың өз елінде де, халықаралық деңгейде де беделі артып келеді. Сол себепті оның қайта сайланатынына күмәнданатындар аз.

Финляндия

Суоми елі 2 сәуірде Парламентті және сол арқылы болашақ Мемлекет басшысын таңдайды.

Бұл елде де іс басындағы Премьер-министр Санна Марин соғысқа қатысты ауыр мәселелердің жүгін нәзік иығына артуға мәжбүр болды. 2019 жылы 34 жасында ел басшылығы тізгінін өз қолына алған Марин бірден COVID-19 пандемиясының тауқыметімен бетпе-бет келді. Финляндия абыроймен шықты. Дегенмен, ізінше көрші Ресей Еуропаға соғысын бастады. Бұл қанды қырғын бейбіт, бейтарап Суоми халқының да, оның лидерінің де көзқарасын түбегейлі өзгертті: Финляндия НАТО-ға мүше болып кіруге бел буып, Швециямен бірге тиісті хаттамаға қол қойды. Ресеймен ортақ мың шақырымнан астам шекарасы болғандықтан, қорғаныс мәселесі күн тәртібіндегі №1 мәселеге айналған еді. Бұл ел де қазіргі кезде Еуропаның алдыңғы шебі рөлін атқарып, қанға бөгіп жатқан Украинаға қару-жарағымен, гуманитарлық көмегімен қолғабыс етуде. Яғни, Марин ел тарихында финдердің жүз жылға жуық нейтралитетін жойған басшы ретінде тарихқа кірді.

Алайда Марин коалициясы алдағы сайлауда жеңу үшін қажетті дауысты жинай алмай қалуы мүмкін: Politico дерегінше, сайлаушылардың шамамен 30 пайызы ғана әзірге оны қолдап отыр. Бұл елде оппозиция күш алды, олар күн тәртібіне көп ұлтты Финляндияда тұрғылықты ұлт деп кімді атау жөнінде айқындалуды талап етуде. Өзге де ішкі проблемалары жетерлік.

Түркия

Сыртқы бақылаушыларға Түркия мен Ердоған – егіз, тел ұғымдай көрінеді. Шынында, Реджеп Тайып Ердоғанның халықаралық беделі былтырдан бері күрт артты. Тіпті Ресейдің теңіз жолын жауып тастау кесірінен, қамауда қалған Украинаның астығын Африка елдеріне тасымалдау үшін БҰҰ Мәскеу мен Киев арасындағы келіссөздерге араағайын ретінде Анкараны тартты. Есімі Ер туған болып аударылатын Ердоған мырза халықаралық мәселелерде шынымен ерлеп тұр: соның күш салуымен және әскер кіргізуімен Түркия Сириядағы түркі тілдес халықтарға қамқор, қорған болды.

Ердоған мырза 2002 жылдан бері түрік елінің көшбасшысы саналады. Батыс басылымдары қызықты теңеу келтіреді: түріктер Starbucks кофеханаларымен танысқаннан бұрын Ердоған Түркияны басқарып келеді. Осы аралықта ол тіпті елдің басқару формасын өзгертіп үлгерді. Түркия премьер-министр басқаратын парламенттік демократиядан суперпрезиденттік мемлекетке айналды. 2014 жылы Ердоған Түркия тарихындағы бүкіл халық сайлаған тұңғыш Президент атанды.

Әйтсе де, Түркияда оппозиция күшейе бастады. Былтырғы 28 ақпанда 6 оппозициялық партия Парламенттік жүйені нығайту бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Сондықтан оларды қазір алтылық деп атайды. "Ертеңгі күннің Түркиясы" ұранымен ілгерілеген олар президенттік басқару жүйесін жоюды да мақсат тұтатынын жеткізді.

Әрине, Түркия экономикалық дағдарысты бастан өткеруде. Ұлттық валютасы, лира қатты құнсызданды. Бірақ түріктердің үлкен бөлігі Ердоған мырзаны сөзсіз қолдайды, лидері санайды. Оның үстіне ол түрік қоғамына әділдік әкелді: мемлекеттік мекемелерде хиджаб киюге қойылған тыйымды жойды, мектептерде күрд тілінде де оқытуға рұқсат етті. Ол басқарған жылдары кедейшілік біршама төмендеді, өндіріс дамыды. Нәтижесінде, бұрын кедей саналатын Түркия табысы орташадан жоғары елдер санатына кірді. Мұны мысалы, елде буырқана жүріп жатқан тұрғын үй құрылысынан байқауға болады. Шетелдік серіктестері Реджеп Тайып Ердоғанды Батыс пен Шығыстың арасын жалғаған беделді саясаткер ретінде де біледі.

Жалпы алғанда, биылғы жылы дүниежүзіндегі 14 елде ұлы электоралдық науқан жүрмек. Сонымен қатар, кезектен тыс сайлаулар да ұйымдастырылуы ғажап емес. Бұл науқандардың қорытындылары жаһандық геосаяси ахуалды біршама өзгертуга қауқарлы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу