Біз де бұл деңгейге жетерміз: Қазақстандық фермерлердің Германияға сапары аяқталды

1499

Алты шаруа неміс тәжірибесін көрді. Делегация құрамында болған Шоқан Әлжан мен Дмитрий Олман сапарға қатысты пікірін бөлісті.

Біз де бұл деңгейге жетерміз: Қазақстандық фермерлердің Германияға сапары аяқталды Фото: inbusiness.kz

Шоқан солтүстікте асыл тұқымды мал бақса, Дмитрий шығыста балық өсіреді.

"Біз отбасымызбен кәсіппен айналысамыз. Ағаларым егін егеді, мен мал шаруашылығымен айналысамын. Бәрін әкемізден үйрендік. Сол кісіден көргенімізді жалғастырып келеміз. Мал шаруашылығы қазақпен біте қайнаған кәсіп қой. Сондықтан оны дөңгелету керек. Ал, заман ағымына қарай икемделу де заңдылық және жер ресурстарының шектеулі екенін білеміз. Сол себепті шаруашылығымда жаңа технологияларды пайдаланып, табиғаттың нығметін үнемдеуді қолдаймын", – деді Шоқан Әлжан.

Жайылымда жарық болмаған соң, Шоқанның шаруашылығында қозғалмалы вагондарға күн электр станциясы орнатылды. Бірақ оның айтуынша, қазақстандық шаруаларға Германиядағы деңгейге жету әлі алыс.

"Иә, шопандар жайылымда жарықсыз отыратын. Мұздатқыш, жылы су жоқ болатын. Енді панельдер тұр, күннен энергия жинап, вагонға жарық қосылады... Германияның бірнеше шаруашылығын көрдік. Технологиясына таңғалдық. Бәрі ыңғайлы әрі үнем. Мұндай деңгейге жетсек, керемет. Бірақ әзірге алыс", – деп бөлісті ойын қазақстандық фермер.

Дмитрий – Шығыс Қазақстанда форель шаруашылығымен айналысатын компанияның өкілі. Жылына 400 тонна балық өсіреді. Алайда өндірісте электр энергиясы аяқ астынан тоқтап қалса, балықсыз қалуы да ықтимал. Сондықтан орнатылған күн электр станциясы үздіксіз энергия беріп, балықты оттегімен қамтамасыз етеді.

"Бұдан бөлек біздің шаруашылықта су жылытатын электр станциясын орнатты. Бұрын суды жылыту үшін отын мен көмір жағып, қоршаған ортаға кері әсерін тигізетін еді. Енді мұндай проблема болмайды", – деді шаруа.

Қазақстандық шаруалар Германиядағы сапардың соңғы күнінде Китцинген қаласында орналасқан Landwirtschaftamt суды үнемдейтін ауылшаруашылық компаниясымен танысты. Компанияда жергілікті тұрғындардан бөлек Румыния, Болгарияның азаматтары жұмыс істейді. Өсімдіктің қалдығынан биогаз әзірлейді.

"Міне, осымен сапарымыздың да соңына келдік. Қанша күнде түрлі технологияны көрдік. Сұмдық. Біз үшін оңай емес, бірақ кезінде немістер де төмен деңгейден бастады. Сондықтан болашақта біз де жаңартылатын энергия көздерінің техникасын жақсы меңгеріп, шаруашылықты жаңа деңгейге көтереміз деген ойдамын", – деп түйіндеді Дмитрий Олман.

Айта кетейік, Жапония үкіметінің қаржылай қолдауымен қазақстандық 10 фермаға жаңартылатын энергия көздерінің техникасы орнатылды. Яғни "Қазақстанда климаттық оңтайландырылған агротехнологияларды орнату" жобасының аясында пилоттық режимде іске асырылды.

Сонымен қатар жоба бойынша өңірдегі фермерлерге арнайы тренинг және Германияға оқу сапары ұйымдастырылды. Оны "Атамекен" ҰКП және БҰҰ Даму бағдарламасы іске асырып жатыр. Ал 29 наурызда жобаның жабылу салтанаты Талдықорғанда өтеді.

Еске салайық, осы аптада еліміздің бірнеше өңірінен жиналған шаруалар немістің жаңартылатын энергия көздерін игерудегі тәжірибесін үйренді. Фермерлер биогаз, қолданбалы ғылым, жаңартылатын энергия көздері енгізілген ауылдарды аралап, су үнемдеу, құрғақшылықтан қорғануды меңгерген ғылыми орталықтарға барды. Бұған дейін орманның ар жағындағы ауылда сиыр сауатын Татьяна Поспелованың арманы мен балыққа УЗИ жасайтын ақтөбелік Момынжан Қали және басқа шаруалардың сапарға қатысты әсерін жаздық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу