Айдархан Құсайынов: Біздің проблемамыз Ресейге салынған санкцияда емес, өз олақтығымызда

2405

Ең жақын серіктес – Ресей тарапынан проблема көбейіп кетті. Қазақстан түгілі әлем үшін де... Қазір көрші елдің озбыр саясаты қай бағытқа бұрылатынын, күні ертең не болатынын ешкім болжап білмейді. Осындай жағдайда ортақ экономикалық одақтағы Қазақстанның жағдайы не болады? Ресейдің соңғы кездері таныта бастаған протекционистік саясатына Қазақстан билігі жауап бере ала ма?

Айдархан Құсайынов: Біздің проблемамыз Ресейге салынған санкцияда емес, өз олақтығымызда

Іnbusiness.kz порталы осы және өзге де сұрақтарды экономист Айдархан Құсайыновқа қойып көрді.

- Айдархан мырза, өткен аптада Ресей Еуразиялық экономикалық одақтағы елдерге қант және бидай шығаруға тыйым салды. Қанттың қат өнімге айналғанын кешелері көре бастадық. Экономистердің кейбірі Ресейдің тағы да біржақты шешім қабылдағанын сынға алып жатыр. Осы жағдайға қалай баға бересіз?

- Біріншіден, Ресей тарапы экономикалық одақтың ортақ ережесін бұзып жатыр немесе олай емес деп айта алмаймын. Білмегендіктен алдын ала ештеңе демей-ақ қояйын. Белгілі бір жағдайда менің түсінуімше, ортақ ережелер бұзылып та жатқан жоқ секілді. Өйткені ЕАЭО шеңберінде сауда соғысы бұрын да болып келді. Ресей бір жағынан ет импортын бұрын шектеп келсе, енді ол шектеуді алып тастады. Қазір біз оларға ет сата аламыз.

Екіншіден, Қазақстан тарапынан да тауарларды шектеу шаралары жиі болған. Қазақстан да ет жағынан сондай шектеу қойған.

- Яғни сіздіңше бұл қалыпты жағдай ма?

- Иә, қалыпты жағдай деп ойлаймын. Қазіргі ситуативті жағдайдан тыс, бейбіт кезде де өзара шектеулер болып жатқан.

- Қазір Батыс елдерінің Ресейге салған санкцияларының салдары Қазақстанға ауыр тиетіні де жиі айтыла бастады. Болжам жасау қиын болса да, экономикалық келешектің не болатынын тұспалдап айта аласыз ба?

- Қорқатындай ештеңе жоқ.

- Толығырақ айтып берсеңіз...

- Қандай аспектерде проблема туындауы мүмкін. Біз тұтынуға қажетті тауардың бәрін шет елдерден импорттайтын, сатып алатын елміз. Өкініштісі де осы. Экономикалық саясаттың іргетасын қалыптастыра бастаған кезде мұнай, газ, металл түрлерін сатуға үйреніп алдық та, тұтынуға қажетті тауарларға мән бермедік. Өзіңіз көріп отырғандай, импорттың басым үлесі Ресейден келеді. Ал шынтуайтында, Ресейдің өндірістік қуаттылығы Қазақстанның да қажеттілігін жаба алатын жағдайда. Оларда 140 млн халық бар, ал бізде бірнеше есе аз. Сол себепті мен бұл тұрғыда айтарлықтай проблема көріп тұрған жоқпын. Қазір Ресей тарапы да Батыс елдеріне қарсы санкциялар енгізе бастады. Алайда ЕАЭО елдері үшін ондай шара қабылдай қойған жоқ. Сондықтан жаһандық тұрғыда қарағанда тауардың жетуі жағынан бізде проблема бола қоймайды.

Ұлттық банк қазір рубль бағамын 4 теңге деңгейінде ұстай бастады. Біз өз саясатымызбен, меніңше, өз жағдайымызды күрделендіре бастаған секілдіміз.

- Қалайша?

- Біз өз аяғымызды көздеп тұрып мылтықпен атып жатырмыз. 2014 жылғыдай. Қараңыз, бүгінгі таңда бір рубль 4 теңге тұрады. Ал қазір ресейлік тауарлар арзандап шыға келді.

- Осының салдарынан тағы да 8 жыл бұрынғыдай Қазақстан нарығын ресейлік тауарлар жаулап алады деп санайсыз ба?

- Дәл солай. Ресей тауарлары арзандады деген нені білдіреді? Ескі күннің тарихын ақтарсаңыз, 2015 жылы Райымбек Баталов рубль әлсірегендіктен, нарықтағы отандық үлесті соңғы бес жылғы көрсеткіштен де көп деңгейде жоғалтып алғанын айтқан болатын. Яғни Ресейден арзан тауар Қазақстан нарығына бұзып-жара кіргендіктен, Raimbek-Bottlers компаниясы ұтыла бастаған.

- Сонда бұл айналып келіп, отандық өндірісті, қала берді отандық өнім шығаратын компанияларды құртуы мүмкін бе?

- Құрту деген артық шығар. Бірақ өндіріс көлемін едәуір азайтады. Бірақ мен бұл тұрғыда мынаны айта кеткім келеді. Бұл – Ресейге салынған санкциялардан туындаған проблема емес. Бұл – бейімделе алмауымыздың салдары. Сіз анау Ресей үкіметінің риторикасын аңдып көріңіз. Ресей үкіметі "қиын болады, бірақ бұл қиындықтың бәрін экономиканы қайта құруға бағыттау үшін пайдаланамыз" деп отыр. Мантуров (РФ өнеркәсіп және сауда министрі) та "оңай болмайды, бірақ біз үшін бұл мүмкіндік" деп мәлімдеді. Әлсіреген рубльдің өзін жаңа экономикалық жағдайға олар бейімдеп жатыр.

Ал Қазақстан риторикасы тіпті басқаша. Қазақстанда экономиканы бейімдеу туралы айтылмай жатыр. Біз тек осы кезеңнен өтсек деп қана отырмыз. Ақырында, теңгені ары қарай девальвациялаудан қорқып қалдық. Мұның артынша ресейлік импорттың үлесі бізде арта береді. Өз өндірісімізді осылайша, біртіндеп жоғалта бастаймыз. 2015 жылғы жағдай қайталанады. Ол жылдары есіңізде болса, елдің солтүстігіндегі халық дүкенге барудан қалған – Ресейге барып, тауар сатып ала бастаған. Өндіріс түгілі, солтүстікте дүкендер ашылмай қалған. Енді осыған кім кінәлі? Өзіміз ғой теңгені ұстап тұрған. Ең күлкілісі, сол 2015 жылы ақыры теңгені еркін айналымға жібердік. Оның өзінде уақытша ұстап тұру үшін 30 млрд АҚШ долларын желге ұшырдық.

- Екінші жағынан экономистердің кейбірі Ресейдің өзінде импорттайтын тауар азаятынын, 2015 жылғы жағдай қайталанбайтынын да айтып жатыр ғой.

- Микроэкономистердің сондай пікірін мен де оқыдым. Бірақ мынаны ескерейік. Мәселен, Бил Гейтс макроэкономикаға араласып, геосаясатты талдап отырмайды ғой. Абрамович геосаясат жөнінде Ресейге бір ақыл айтып жатыр ма? Бизнесмен бәрібір бизнесмен ретінде ойлайды. Макроэкономика туралы айтар болсақ, сол тақырыптан ауытқымайық. Ресейге тауардың бір түрі жетпей қалады-ау деген пікірлерді оқысам, күмәнмен қараймын. Олар 2014 жылдан бері санкциялармен өмір сүріп келе жатыр. Сол жылдан бері олар осы сценарийге дайындалды. Талдап қарап отырсам, олар өз экономикасын 2010 жылдардан бері осы жағдайға бейімдей бастаған екен. 2014 жылдың өзінде біршама дайын болған. Сол жылы контрсанкциялармен өмір сүрді. Алтын валюта қорын өсірді. Пандемия дағдарысын бәрінен жақсы өтті олар. Пандемия кезінде экономикасы 3 пайызға азайды. Бірақ мұнайдың өзі сол кезде қатты арзандап кеткенін ескерсек, бұл айтарлықтай төмен көрсеткіш емес.

- Демек осы күнге олар экономикалық тұрғыда қызу дайындықпен келді деген пікірдесіз бе?

- Кейінгі 10 жылда дайындалды. Ал кейінгі 8 жылда нысаналы түрде экономиканы бейімдей бастады.

- Конфронтациялық жағдайға ма?

- Иә. Оған қоса 2014 жылы олар контрсанкцияларды енгізіп, сіздерден керек болса ештеңе сатып алмаймыз дегені бар. Сол себепті Путин 2022 жылы ұйқыдан тұрып, соғыс аша салды деп ойлаудың өзі қате.

Бүгін 2018 жылдың наурыз айындағы біз жазбамды еске түсірдім. Сол кезде "әлем қайта кері бұрылған фазаға өтті" деп жазғаным бар. 4 жыл бұрын осы жағдайды сезгендей болыппын. Сондықтан тұтынушылық тұрғыдан қарағанда қорқатындай ештеңе болмайды. Оларға салынатын санкциялар туралы көп айтылып жатыр ғой. Айфон келмейді екен дейді. Әлбетте, бір тыңдасаң, қорқынышты естіледі. Бірақ ресейліктердің ұстайтын ұялы телефондардың ішінде сол айфоныңыз төртінші ме, әлде бесінші ме – сондай орында тұрған. Айфон кетсе де, қалған брендтер телефон жеткізуден бас тартқан жоқ қой.

- Осындай жағдайда Қазақстан билігі қандай шара қабылдауы керек? Жұтылып кетпес үшін...

- Теңгені әрі қарай девальвациялай беру керек. Бір доллардың құны 600-700 теңгеге дейін кетсе де, одан қорқудың қажеті жоқ.

- Мұның салдары біз импорттайтын тауарлардың бағасын өсіріп жібереді ғой.

- Ештеңені өсірмейді. Өйткені инфляция онсыз да болады. Өз зерттеулерімде теңгені 2019 жылы-ақ девальвациялау керек болғанын жазып жүрмін. Сол кездің өзінде 500 теңгеге тіреп қою керек болған. Ұстап тұрмау керек еді. Бір жарым жыл бұрын доллар 500 теңгеге жететінін жазғанмын. Жыл өтті де – сол 500-ге ақыры жеттік қой. Өліп қалдық па? Бәрібір жеттік.

2015 жылы доллар бағамын 180 теңгемен ұстап тұрды. 2014 жылдың қыркүйегінде рубль "құлап" түскен кезде теңгені де ұстамаңдар дегенмін. Ақыры бір жыл бойы ақшаны интервенциямен "жағып" жібердік те, Райымбек Баталовтың тілімен айтқанда "өз өндірісімізді құрттық". Ақыры теңгені девальвацияға ұшыраттық. Не деген ақымақтық!?

- 2022-2024 жылдарға арналған бюджетті қалыптастырған кезде Ұлттық экономика министрлігі мұнай бағасы барреліне 40-65 АҚШ доллары болған жағдайға бейімдеді. Бүгін де мұнай баррелінің құны 130 АҚШ долларына жетті. "Қара алтынның" бағасының өсуі қазіргі жағдайда Қазақстан экономикасына қаншалықты серпін бере алады? Екінші жағынан ұлттық экономикамыз тағы да "мұнайға иек артып отыра беру" дертіне шалдығуы мүмкін бе?

- Біз "мұнай инесінде" қазірдің өзінде отырған елміз. Сол тәуелділіктен қалай құтылуға болады? Мұнай инесінен құтылу деген сөз – мұнайдың ақшасымен теңгені ұстап қалуды тоқтату дегенді білдіреді. Долларды қайдан аласыз? Мұнай арқылы сатып аласыз! Мұнайдың ақшасымен теңге бағамын сіз ұстап тұрған кезде сіз – мұнай инесінде отырасыз. Ал мұнаймен теңге бағамын ұстап отырып, экономиканы әртараптандырам деу – ақымақтық. "Мұнай инесі" деген ұғымның өзі – бағамды ұстап тұру үшін жұмсалатын мұнайдан түсетін табыс. Болды! Ол тәуелділіктен құтылудың бірден-бір амалы – бағамды ұстап тұруды тоқтату. Нашақор үшін нашақорлықтан құтылудың бірден-бір жолы – есірткіні инемен салуды тоқтату ғана! Бітті! Ал біздің жағдайды нашақор спорт залға барып денесін жаттықтырғанымен, қолына ине сұғуын тоқтатпауымен салыстыруға болады. Бағамды ұстап тұрған кезді – біз сол "мұнай инесінде" отырған шақпен салыстыра аламыз. Бары осы. "Біз экономиканы әртараптандырамыз, бірақ мұнайдың ақшасымен теңге бағамын ұстап тұрамыз!" Ақымақтық деген осы шығар. "Ұлы экономистердің" немесе өзін экономистпін деп санайтындардың осы ұстанымын түсінбеймін. Яғни сен қолдан ресейлік тауарды арзандатып отыруға тырыссаң, экономикаңды қалай әртараптандырасың?! Қалайша? Сондықтан тағы да қайталайын, проблема Ресейге салынған санкцияларда немесе олардың Батысқа қайтара салған санкциясында емес, проблема – біздің өз саясатымызда!

- Мәжілістің соңғы екі отырысына журналист ретінде қатыстым. Бір таңғалғаным, осы геосаяси жағдай ушығып, ең "үлкен" көршіміз соғысып жатқан кезде сол жағдайлардың бізге жан-жақты әсері жіті талқыланып, зерттелмей жатқандай әсерде боламын. "Идеал Қазақстан" жағдайында мәжіліске министрлер кезек-кезек шақырылып, депутаттар оларды сұрақты астына алып, соғыстың экономикалық салдары бізде жан-жақты зерттеліп жатар ма еді?... Бірақ сондай қым-қуыт тіршілік мәжілісте немесе сенатта да байқалмайтын секілді...

- Бізде біріншіден ешкім не дерін білмейді қазір. Екіншіден, тағы да қайталап айтайын, біздің экономика үшін осы санкциялар еш қорқынышты емес. Проблема – біздің экономикада, өз саясатымызда. 2020-2021 жылдары үлкен инфляция болды. Мұның арты қаңтар оқиғасына алып келді. Соңғы 2 жылдағы инфляция – екі девальвация кезінен де асып түсті. Мен теңгені девальвациялау туралы айтқан кезде, яғни бір рубльдің құнын 6-7 теңгеге апарайық деген кезде бәрі бір ауыздан тағы үлкен инфляция болады деп ұлардай шулайды. Мен оларға былай жауап қатам, теңге девальвацияланса инфляция біздің өзіндік ақша-несие саясаты алып келетін инфляциядан төмен болатынын айтамын! Түсінесіз ғой? Бізге ешқандай санкция салынған жоқ. Сонда да 2020-2021 жылдары инфляция девальвациялар кезінен де асып түсті! Сондықтан Қазақстан үшін проблема Ресейге салынған санкциялардан туындап отырған жоқ. Сондықтан оны талқылаудың қажеті жоқ. Ал проблеманың осы қырын ешкім талқылап, бас қатырғысы келмейді.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу