Қасым-Жомарт Тоқаев "Nur Otan" партиясының кезектен тыс ХХІ съезінде биылғы күзде "саяси реформалардың ауқымды топтамасын" жариялайтынын, "елді жан-жақты модернизациялайтынын" растады. Бұл ниетін ол алдында Мәжілістің жиынындағы сөзінде де білдірген.
Осы орайда сарапшылар Қазақстанды мажоритарлық сайлау жүйесіне көшіру және Сенаттан бас тарту туралы ұсыныс жасап жатыр. Айта кететін жайт, халық сайламайтын Жоғарғы палатадан бас тарту туралы ұсыныстар бұған дейін де айтылған. Мысалы, 2017 жылғы 26 қаңтарда Елбасы конституциялық өзгерістер жобасы бүкілхалықтық талқылауға шығарды. Сонда да көптеген ұсыныс беруші қоғамдық ұйымдар, сарапшылар мен қарапайым халық өкілдері Сенатты жабуды сұрапты. Елбасы бұл идеяны ол кезде құптамады.
Ал биылғы қаңтардағы оқиғалар кезінде қоғам осы мәселеге қайта оралды. Біраз сарапшы, саясаттанушы және қоғамдық белсенділер Президенттен 1993 жылғы Конституцияны қалпына келтіруді сұраған. Себебі 1995 жылы оның орнын басқан қазіргі жаңа Ата заң бір палаталы Жоғарғы кеңесті жойып, қос палаталы жаңа Парламентті бекітті. Халық сайлайтын Мәжіліске жанама сайланатын Сенатты қосты.
Сенаттың 34 депутатын (әр өңірден 2 сенатордан) мәслихат депутаттары сайлайды. Бұл тетікті әсіресе, әкімқаралар жақсы пайдаланады. Нәтижесінде, сенаторлардың үлкен бөлігі – экс-әкім не оның орынбасары. Тағы 15 депутатын Президент тағайындайды. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі 1998 жылғы қазанға дейін 4 жыл болды, содан кейін – 6 жылға дейін ұзартып алды. Бұл ретте Мәжіліс депутаттары небары 5 жыл отырады. Оның өзінде көбіне ел басшылығы Мәжілісті мерзімінен бұрын таратып жіберуге әуес. Мәжіліс өкілеттігін тоқтатқанымен, сенаторлар әрі қарай қала береді.
Шынын айту керек, сарапшылар да, былайғы жұрт та Жоғарғы палатаның не үшін қажет екенін түсінбейді. Өйткені Үкімет заң жобасын Мәжіліске енгізеді, төменгі палата депутаттары шикі заңды пысықтайды, кейде қайта жазады. Ал Сенаттың көптеген заңға еш өзгеріс енгізбей, бір отырыста бірден екі оқылымда қабылдай салатыны жасырын емес.
Еуропалық құқық және адам құқығы сараптамалық институтының директоры, профессор Марат Бәшімов "Бізге мұндай Сенаттың керегі қанша?" деп сұрақты төтесінен қойды.
"Біріншіден, реформалар сөз бола қалса, бірінші кезекте Сенатты жою мәселесі көтеріледі. Себебі біз – федеративтік мемлекет емеспіз. Сонымен бірге Сенаттан пайда да жоқ, тек бюджетті шығындағаны болмаса. Екіншіден, 15 сенатор, яғни депутат – тағайындалады! Бұл дегеніміз өкілетті, яғни сайланатын орган саналатын Парламент ұғымына мүлдем жат. Оның үстіне сенаторлар конституциялық лауазымдарға Президент ұсынған кандидатураларды еш талқыламайды, формальды түрде тағайындай салады", – деп дәйектеді М. Бәшімов.
Үшіншіден, оның байламынша, заң шығарушы орган ретінде Сенат Конституцияның негізгі доктриналарына, қағидаттары мен рухына қатаң сәйкес келетін заңдар қабылдауға тиіс. Тиісінше, егер конституциялық заңдардың бірқатар нормалары биліктің қысымымен қабылданған болса, оны олар жойып отыруға тиіс еді.
"Мәселен, барлығы талқылаған, өзекті мәселе – Елбасының мәртебесі конституциялық-құқықтық өріс аясынан "әкетіліп" отыр. Ол заң Қазақстанның барлық заңдары аясынан шығарылды, яғни оларға бағынбайды. Сарапшылар мұның Конституцияға қайшы екенін, Ата заңның 12-бабында бекітілген адам құқықтарының табиғи-құқықтық доктринасына сәйкес келмейтінін айтып жатыр. Сенат сыртқы және ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша бастамаларға Елбасының келісімін алу туралы норманы жоятын түзету енгізді. Өйткені Конституцияның 40-бабына сәйкес, ел Президенті – ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын айқындайтын жоғарғы лауазымды тұлға. Тек қана сол, басқа ешкім де емес! Мұны заңфактың 1-курс студенті де біледі. Бірақ "а" деген екенсің, "б"-ны да айтпайсың ба? Сенаторлар аяғына дейін бірізді бола алмады", – деп қынжылды М. Бәшімов.
Оның байламынша, Сенат "Елбасы туралы заңнан конституциялық емес басқа да нормаларды алып тастауға" табандауы қажет еді.
Қазақстанда төл жобаларын жүзеге асырып жүрген өзбек кәсіпкері, блогер Азамат Шамузафаров Сенаттың не үшін керек екенін Өзбекстан тұрғындары да түсінбейтінін айтады. Сондықтан бұл ұсыныс көрші елде де өзекті көрінеді.
"Өзбекстанда да Парламент, яғни Олий Мажлис қос палатадан тұрады. Төменгі палатада заң жобаларын жазып, қабылдайтын нағыз депутаттар, яғни халық сайлаған өкілдері отыр. Сенатта – сенаторлар отыр. Олар нағыз депутаттар ойлап тапқан заңды құптаумен айналысады. Елестетіп көріңіз: сенаторлар депутаттардың мойнына жайғасады. Олар мақұлдамаса, бірде бір заң күшіне енбейді. Олар жұрттың пікір-комментарийлерін өткізбей тастайтын модератор рөлін атқарады", – дейді Азамат Шамузафаров.
Оның айтуынша, өзбек ағайындарда сенаторларды облыстар мен Ташкенттегі кіші депутаттар – Кенгаштар (кеңестер) сайлайды. Тағы 16 сенаторды Президент тағайындайды.
"Неге? Өйткені Президентке керек және ол солай жасай алады. Заң бойынша мерзімі аяқталған бұрынғы Президент үшін 1 сенатор мандаты сақталады. Негізі, төменгі палата – халықтың өкілі болса, Сенат – аймақтардың өкілдері: олар жаңа заңдар қабылданғанда өз аумақтарының мүддесі зардап шекпеуін, не шеттеп қалмауын қадағалауы керек. Бірақ мұндай тетік тек АҚШ-та жұмыс істейді. Ал бізде олай болмайды. Себебі барлығы бр қамшымен жатқызып-өргізіледі", – дейді өзбек сарапшысы.
Оның байламынша, қос палаталы Парламент – негізінен федералдық мемлекеттерге қолайлы. Өйткені Америка Құрама Штаттарында әрбір штаттың өз заңы бар, онысы өзге штаттан ерекшеленеді. Демек федералдық заңдарда осы ерекшеліктер ескерілуі шарт. Оны сенаторлар қадағалайды.
"Бізде барлық қара жұмысты төменгі палата жасайды. Ал сенаторлар оны қандай күйде қабылдағысы келсе, солай өзгертіп, құптайды. Әрі қарай Президент Парламент қабылдаған заңды кері қайтарып тастау құқығына ие. Яғни екі ортада делдал болып отырған Сенаттың жұмысының мәні қалмайды. Ізгі идея бойынша сенаторлар өз аймағын өркендету үшін әрбір заң айналасын шаң қылып, аяусыз тартысуы шарт. Мысалы, ташкенттік сенаторлар "прописканы" жойған заңды бұғаттауға тиіс еді. Алайда іс жүзінде олар барлық заңдарға және Президент ұсынған барлық кандидатураға бас изей салады", – деген пікірде Азамат Шамузафаров.
"Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының" басшысы Айгүл Соловьева Сенатты жоюды қолдайды.
"Бірақ қос палаталы Парламентті сақтаған жоқ. Бұл ретте Мәжіліс сыртында Сенат емес, Өкілдер палатасы болуға тиіс. Ол қызметті Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі атқара алады, оның құрамын әр өңірді ұсынатындай етіп құруға да болады", – деді ол.
Қазақстанда 2017 жылғы конституциялық реформа кезінде жұмыс тобы "Мәжіліс шикі не Ата заңға қайшы заң қабылдап жатса, ол Сенат сүзгісінен өтпейді" деп дәйектеген болатын. Бірақ Мәжіліс меммүддеге қайшы не өзге олқылығы бар заң қабылдаса, оны қабылдамай, кері қайтарып тастау, оның Конституцияға сәйкестігін тексерту секілді тетіктер онсыз да Мемлекет басшысының қолында бар.
Қалай болғанда, Президент күзде "Қазақстанды жаңғыртатын саяси реформалар топтамасын" жариялағанша, қоғамдық пікір бұл ұсынысқа талай оралатынға ұқсайды.
Жанат Ардақ