Бизнеске негізсіз киліге бергені үшін қаржылық жауапкершілік енгізу қажет

2820

80% жағдайда кәсіпкерлер негізсіз қылмыстық қудалауға ұшырайды.

Бизнеске негізсіз киліге бергені үшін қаржылық жауапкершілік енгізу қажет

Қазақстанда кәсіпкерлерді негізсіз қылмыстық қудалауға ұшыратқан шенеуніктердің жауапкершілігін күшейту қажет. Мұндай пікірді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша І азаматтық бастамалар конгресінде ҚР кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов білдірді.

"Кәсіпкер заң бұзса, оған толық жауапкершілік артылады, оның ішінде қаржылық жауапкершілік те бар. Бірақ кәсіпкер кінәсіз екені анықталса, оның тергеу амалдары кезінде жоғалтқан шығынына ешкім жауапты емес болып шығады. Жарты жылға созылған тергеу амалдары кезінде ол бизнесін жоғалтады, қыруар шығынға батады. Мұндай жағдай тек тергеу кезінде ғана емес, сонымен қатар лицензия, рұқсат құжаттары және тағы басқа құжаттар алуда да орын алады... Кәсіпкердің шеккен шығынын кім өтейді? Шенеуніктер келтірген шығын үшін жауапты болатынын түсінуі керек. Яғни олар тек әкімшілік жауапкершілікке ғана тартылмай, сонымен бірге кәсіпкерге келтірген зиян үшін қаржылық жауапкершілікке тартылуға тиіс. Тек сонда ғана олар жауапкершілікті түсінеді", – деп мәлімдеді бизнес-омбудсмен.

Экономикалық қызмет саласында қылмыстық заңнаманың қатал жауапкершілік шаралары сақталатынын қадап айтты ол.

"Кәсіпкерлердің негізсіз қылмыстық қудалауға ұшырауына 80% жағдайда қолданыстағы процестік нормалар жол береді, жүргізілетін тергеу амалдарының кесірінен кәсіпкердің жұмысы іс жүзінде тоқтап қалады", – деді Болат Палымбетов.

Елімізде кәсіпкер өз ісін ашқан күннен бастап жемқорлықпен бетпе-бет келеді. Көп жағдайда мемлекеттік қызметшілер салық салу, мемлекеттік сатып алу, жер қатынастары, сәулет және құрылыс салаларында заңсыз әрекеттерге барып жатады.

Бизнес-қоғамдастық мемлекеттік органдардың тексеру талаптарының санын қысқартуды, көбінесе бір-бірінің жұмысын қайталайтын қадағалау органдарын таратуды ұсынады. Сыйбалас жемқорлық деңгейін төмендету үшін мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді толығымен автоматтандырып, әкімдіктер жанындағы комиссия құрамына шағын және орта бизнес өкілдерін енгізу керек екенін айтты кәсіпкерлер.

Динара Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу