Бизнесмендердің несиесін жеке инвесторларға сатамыз – Мәдина Әбілқасымова

2987

Жеке кәсіпкерлер уақытылы өтемеген проблемалық несиелерді мемлекет әртүрлі жолмен тездетіп қайтарып алып, айналымға енгізуді ойлайды. 

Бизнесмендердің несиесін жеке инвесторларға сатамыз – Мәдина Әбілқасымова

Өтелмей жатқан қарызды "стрестік активтер" деп атайды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымованың айтуына қарағанда, 1 қаңтардағы жағдай бойынша, стрестік активтер мөлшері 2,3 трлн теңге. Бұл банк жүйесі активтерінің 6%-ына тең. Дегенмен аз қаражат емес. 

Агенттік төрайымы негізінен заңды тұлғалардың қарызын (1,1 трлн теңгені) қайтарып алу басты назарда екенін айтады. Ол үшін не істемек?

"Қарызын өтемегендердің кепілдікте тұрған мүліктері бар. Мысалы, жер учаскесі, өндіріс базалары, коммерциялық нысандар... Міне, соларды экономикалық айналымға (қолданысқа) енгізу үшін жеке инвесторларға сатпақпыз. Бүгінге дейін жеке инвесторға сату көзделмеген болатын. Тек коллекторлық агенттік, қаржы ұйымдары ғана алатын еді", – дейді Әбілқасымова.

Оның айтуына қарағанда, бұрын банктер өндіріп алған мүлікті бес жыл ұстайтын. Енді мерзім үш жылға қысқартылды. Яғни, осы мерзімде сатып үлгеруі керек.

"Осы мерзімде сатып үлгеруін қадағалаймыз. Сатпайтын болса, шара қолданамыз", – дейді Әбілқасымова.

Инвесторларға жұмыс істемейтін кредиттерге қызмет көрсету және басқару қызметтерін көрсету үшін сервистік компаниялар институты құрылады. Ұйым аталмыш агенттікке қарайды.

Толығырақ айта кетсек, стрестік активтерге төлеу мерзімі 90 күннен асқан (870 млрд теңге) кредиттер, қатар қайта құрылымдалған кредиттер (936 млрд теңге), өндіріп алынған мүлік (156 млрд теңге) және банктердің стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдарының активтері (356 млрд теңге) жатады.

Жасын Қалибек​

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу