БҚО-да мүгедектердің күні қараған жалғыз кәсіпорын жабылғалы тұр

2900

Денесінің кемістігін толтыратын протездерге зәру адамдар көп, алайда сол мұқтаждықты өтейтін кәсіпорындардың жұмысына кедергі көп.

БҚО-да мүгедектердің күні қараған жалғыз кәсіпорын жабылғалы тұр

Қазақстанда 2020 жылдың 1 қаңтарында "Әлеуметтік қызметтер порталы" іске қосылды. Портал осы саладағы тың бетбұрыс, серпін ретінде дәріптелді. Атап айтқанда, онда қолданыстағы 6 мемқызметтің инватаксиден басқа 5-еуі цифрландырылатыны жарияланды. Яғни арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, техникалық оңалту құралдарымен қамту, ымдау тілі маманының қызметтерін алу, жеке көмекшінің қызметін алу, санаторий-курорттық емдеу қызметтерін көрсету бір жерден, "бір терезе" қағидатымен жүзеге асырылады.

Бір қарағанда, идея тым керемет. Бірақ орындалуы ақсап тұр. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандардан порталға қатысты шағымдар жиі айтылады.

Енді оған қатысты кәсіпкерлер де арыздана бастады.

"Салют Орто KZ" ЖШС атқарушы директоры Жанар Франк 2021 жылдың қазанында Оралда заманауи кәсіпорын – Протездеу және ортопедия орталығын ашқандарын жеткізді. Оның ашылу салтанатына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов бастаған ресми тұлғалар да қатысыпты.

"Былтырғы желтоқсанда біз жамбастың 12 протезін шығардық. 12 мүгедек жаңа мүмкіндіктерге ие болды. Алайда 2022 жылғы қаңтардан бері протездеу жұмыстары тоқтатылды. Өйткені "Әлеуметтік қызметтер порталы" жұмыс істемейді. Әрине, порталдың өзге қызметтері істеп тұр, мен протездеуге қатыстысын айтып отырмын. Салдарынан, бізде жамбасты, сирақ-жіліншікті және қолды протездеуге кезек қалыптасуда", – дейді Ж. Франк.

Компания басшылығы Орал әкімдігінің жауапты шенділерімен кездесіпті.

"Олар протездер бойынша тіркелген баға сомасы әзірге бекітілмегенін, әрі мемпортал арқылы мемлекеттік сатып алуды қалай және қашан жүргізуге болатыны да белгісіз екенін хабарлады. Біздің орталық жабылудың алдында тұр. Себебі біраздан бері жұмыс жоқ. Протездеу кезегіндегі мүгедектер саны 60-қа жетті. Егер орталығымыз жабылса, оларға қияндағы, еліміздің екінші шетіндегі Алматыға қатынауға тура келмек, олар болса, Алматыға барғысы келмейді және оған мүмкіндігі де жоқ. Протездеуді талап етіп, бізге келе береді", – дейді компанияның атқарушы директоры.

Жалпы бұл проблемаға өзге кәсіпорындар да тап болды, өйткені портал бәріне бірдей, біреу. Сондықтан отандық өндірушілер де, кемтар жандар да "мүгедектерді протездеу бойынша тендер порталда қашан жүргізіледі?" деп шулап жүр.

Кәсіпкерлер жаңа технологиялар бойынша жамбас, сирақ және басқасының модульдік протезі үшін қандай баға белгіленетінін де білгісі келеді.

Билік не дейді?

Отандық өндірушілерге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов өз блогы арқылы жауап берді. Оның айтуынша, "Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы" заңының 32-1-бабының 3-бөліміне сәйкес, протездік-ортопедиялық көмекпен қамтамасыз ету "мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүргізіледі". Яғни міндетті түрде тендер өтуге тиіс.

Оны жергілікті атқарушы органдар жүргізеді екен. Бір гәп осында.

"Ал "Әлеуметтік қызметтер порталы" – автоматтандырылған ақпараттық жүйе, ол мүгедектігі бар адамдарға төл қажеттіліктеріне қарай қызметтерді және сауықтырудың техникалық құралдарын өз бетінше таңдауына мүмкіндік береді. Порталға жеткізушілерді тіркеу және порталда олардың тауарлары мен қызметтерін жариялау тек Жеткізушілерді тіркеу комиссиясы мақұлдағаннан кейін ғана іске асырылады", – деп порталдағы жұмыс рәсімін түсіндіре кетті министр.

Мұндай комиссия облыстардың және елорда, Алматы, Шымкент қалаларының Жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының жанынан құрылады екен.

Сондықтан кейбір өнім не қызмет берушілердің порталға кіре алмауына комиссияның мақұлдамауы да себеп болуы ғажап емес.

"Оралдағы Протездеу және ортопедия орталығына келсек, бұл мәселені Батыс Қазақстан облысының әкімдігімен бірге пысықтайтын боламыз. Қосымша атап өтетін жайт, қазіргі уақытта "Әлеуметтік қызметтер порталы" арқылы мүгедектігі бар адамдарды протездеу, ортопедиялық көмекпен қамтамасыз ету бойынша пилоттық іс-шаралар жүргізіліп жатыр", – деді С.Шәпкенов.

Демек іс ілгері басқанға ұқсайды.

Ал Алматыдағы "Республикалық протездік-ортопедиялық орталығы" АҚ бір жылда 15 мыңдай адамға қызмет көрсетеді.

Министрліктің дерегінше, 2021 жылы "Әлеуметтік қызметтер порталы" арқылы мүгедектігі бар 16 мыңнан астам адам оңалтудың жеке бағдарламалары негізінде протездік-ортопедиялық көмек алды. Бұл көмекке протездермен, жүріс арбаларымен, таяқтармен, балдақтармен, ортопедиялық аяқкиіммен, бандаждармен, корсеттермен, туторлармен, реклинаторлармен, басұстағыштармен, супинаторлармен, емдеу белдіктерімен, балаларға арналған профилактикалық шалбармен және басқасымен жабдықтау жатады.

Былтыр аталған порталы арқылы мүгедектігі бар 113 мыңнан астам адам оңалтудың техникалық құралдарын, 6 мыңнан астам – ымдау тілі қызметін, 31 мыңнан астам – жеке көмекшінің қызметін алған. 36 мыңға жуығы – санаторлық-курорттық орындарда емделді. 122 мыңнан астам аз қамтылған адам кепілдендірілген әлеуметтік топтамаға (КӘТ) тапсырыстарын рәсімдеді.

Бүгінде порталда арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін 859 медициналық-әлеуметтік мекеме, 127 ОТҚ жеткізушісі, 13 мыңнан астам жеке көмекші қызметін, 250 ымдау тілін, 66 санаторлық-курорттық емдеу және 135 кепілдендірілген әлеуметтік топтама бойынша өнім беруші тіркелген.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу