Блогер әкімге "ультиматум" қойды

2710

Қысқартуға еліккен билік халықты қорғансыз қалдыруы мүмкін. 

Блогер әкімге "ультиматум" қойды

Бұл туралы Степногор қаласының қоғамдық белсендісі, блогер Артем Сочнев айтып отыр. Өзінің бос уақытын қоғамдық істерге арнап жүрген Артем бұған дейін жергілікті өзге белсенділермен бірігіп, жоғарғы жақтағы билік өкілдеріне маза бермей, ақыры Степногорға мемлекеттік экологтың қайтарылуына қол жеткізді.

"Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ауыл-кент түгіл, біз секілді көптеген қалада жаппай қысқарту жүргізіп, экологсыз қалдырды. Масқара емес пе?! Жергілікті жұртшылық қарсылық білдіріп, қоғамдық пікірден дүмпу туғызған соң, министрлік біздің өңірге амалсыз 1 штат бірлігін қайтарды. Степногорда 67,8 мыңнан астам Қазақстан азаматы тұрып жатыр. Демек, біз өзімізді биліктің адам құрлы көрмеуіне жол бермейміз", – дейді Артем Сергеевич.

Сонымен, ол не дейді?

Экологты оралтқан екен, тағы не керек? Жергілікті қоғам белсенділері енді еңбек инспекторы бірлігін кері қайтару үшін күресті бастапты.

"Халық бұған өте мұқтаж. Өткенде "Қазақалтын" шахтасында екі қызметкер қаза тапты. 1987 жылы ғана туған шахта тіреушісі қыршын кетті. Өзге өңірлерде де жағдай мәз емес. Тағы қанша еңбеккердің өндіріс орнында мерт болатыны белгісіз. Степногор – Ақмола облысының өнеркәсіптік орталығы. Алып облыстың бүкіл өндірісінің бестен бір бөлігі біздің өңірде. Бізде қаншама зиянды өндіріс орын тепкен: цианидтер көмегімен алтын өндіріледі. Уран кеніштері де, пестицидтер өндірісі де, күкірт қышқылы зауыты да бізде. Бұған қорғасын балқытып, аккумулятор өңдейтін кәсіпорын қосылуда. Қалада полихлорлы дифенилі бар улы қалдықтар сақталуда. Жұмысшылар үшін қауіп-қатердің түр-түрі жан-жақтан анталаған жағдайда еңбек инспекторын қысқартуға қалай барған?" – дейді қоғам белсендісі.

Оның мәліметінше, бүгінде қала әкімдігінде еңбек қауіпсіздігін қадағалайтын бөлім түгіл, бірде бір инспектор қалмаған. 4 кент пен бір ауылдық округтен тұратын, жалпы ауданы 152 мыңнан астам гектарды алып жатқан Степногор аумағында 993 компания-кәсіпорын, 2 мың 824 жеке кәсіпкерлік, 40 шаруа қожалығы жұмыс істеуде.

Мысалы, елдегі шаруа қожалықтарының басым көпшілігі өз жұмысшыларымен келісімшарт бекітпейді. Құл ұстау фактілері де соларда кездеседі. Ал оларды бақылап, талап бұзғанының табанына тас қоятын еңбек инспекторы тапшы.

"Бізде тек ірі кәсіпорындарда ғана 17 мың 687 жұмысшы еңбек етуде. Бір жылдың өзінде 23 жазатайым оқиға орын алған. Бізде заң жүзінде әрбір жұмыскер еңбегінің қорғалуына және қауіпсіз еңбекке құқылы. Бірақ мемлекет оны барлық өңірде бірдей қамтамасыз етіп отырған жоқ. Мысалы, біздің облыста Ерейментау, Есіл, Сандықтау аудандарында төл еңбек инспекторы қызмет етуде. Ал біздің өнеркәсіптік аймақ бұдан жұрдай. Жыл сайын бізде зиянды, қауіпті жаңа өндірістер ашылуда. Қуаты жылына 5 млн тонна руда шығаруға жететін алтын фабрикасы салынуда. Уран өндірісі 1,5 есе артпақ. Сонда еңбек министрлігінің не ойлағаны бар?" – дейді Артем Сочнев.

Билік не дейді?

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев еңбек инспекторлары жеткілікті деген пікірін жеткізді.

"Қазіргі кезде Ақмола облысының Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының штаттық саны толығымен қамтамасыз етілген. Ол 19 штаттық бірліктен тұрады. Соның ішінде 12 бірлігін мемлекеттік еңбек инспекторлары құрайды. Олар тек бір қаламен шектелмей, бүкіл облыс бойынша бақылау функцияларын жүзеге асырады. Тағы 2 қызметкер ақпараттық-сарапшылық жұмысты орындайды", – деді Ермек Боранбайұлы.

Облыс әкімінің ақпаратынша, Степногор қаласындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарының, сондай-ақ еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүргізетін тұлға бар. Ол – аталған облыстық басқарманың бас маманы А.Әбдірахманов.    

Облыс әкімі Степногорға жаңа штат бөле алмайтынын жеткізді.

"Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2021 жылы мемлекеттік қызметшілердің саны барлық жерде 25%-ға қысқартуға жатады. Осыған байланысты мемлекеттік еңбек инспекторларының штаттық санын ұлғайту мүмкін болмайды", – деді аймақ басшысы.

Кейбір сарапшылар блогер Артем Сочневтің бұл мәселеде жеке мүддесі болуы мүмкін екеніне назар аудартады: ол тек жоғарғы жаққа шағымданумен шектелмеген. Ақмола облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы Берік Мұстафиннің үстелінің үстіне "сұралып отырған еңбек инспекторы лауазымын мына азамат атқара алады" деген астармен әлдебір кісінің түйіндеме-резюмесі де қойылыпты. 

"Сіздерге тек шешім қабылдау ғана қалады!" – деген екен облыс басшылығына блогер Артем.

Билік "ультиматумды" қабылдамады.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу