Блок-бюджет бүлік бюджетке айналып кетпей ме?

6480

Ұлттық экономика министрлігі тосын бастама көтерді.

Блок-бюджет бүлік бюджетке айналып кетпей ме?

Парламентте бюджетті қорғау форматы өзгермек

Тәуелсіздіктің 30 жылында қалыптасқан бюджеттік саясат баршаға үйреншікті, көзтаныс. Оған сәйкес, бюджеттен қаржыландыру алу үшін әр министрлік, әрбір әкімдік, меммекеме мен ұйым бюджеттік бағдарламасының жобасын ұсынады. Тиісінше, жобаны ұсынған ұжым "бюджеттік бағдарламаның әкімшісі" саналады. Қаржының нысаналы мақсатына жұмсалуына Есеп комитеті, Қаржы министрлігі және басқа да бақылаушы, қадағалаушы органдар алдында сол әкімшінің бірінші басшысы не орынбасары басымен жауап береді.

Бұл жерде бәрі түсінікті. Егер мектеп не аурухана құрылысы аяғына жеткізілмесе, тиісті бюджеттік бағдарлама орындалмады деген сөз.  

Мысалы, 2021 жылғы республикалық бюджетте Президент Әкімшілігінің – 4, Тұңғыш Президент – Елбасы Кеңсесінің – 2, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнің – 10, Денсаулық сақтау министрлігінің – 13, Ұлттық экономика министрлігінің – 14, Мәдениет және спорт министрлігінің – 14, Қаржы министрлiгiнің – 15 бюджеттік бағдарламасы бар. Ең көбі – Білім және ғылым министрлігінде – 22.

Экономист-ғалым Марат Ерғозиннің айтуынша, биылғы бюджет шамамен 245 бюджеттік бағдарламадан тұрады.

"Бұл сонша көп те емес. Мысалы, есіңізде болса, 2015 жылдың бюджеті 500 бағдарламадан тұрған. 2016 жылы олардың саны оңтайландырылып, 270 бағдарламаға дейін азайтылды. Қазір әрбір меморганға орта есеппен 7-9 бағдарламадан келеді. Әрине, нақты алсақ, әр министрліктікі әртүрлі, әрі қатты ерекшеленеді. Айталық, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде – 1-еу, Конституциялық кеңесте – 1-еу, Есеп комитетінде – 2-еу, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі – 2-еу деген сияқты", – деді сарапшы.

Оның байламынша, блоктық бюджетке әзірге ерте. Бұл негізінен "Сингапур секілді коррупцияны жеңген елдерге ғана жарамды". Сингапур осыдан 21 жыл бұрын көшіпті. Ал бізде "шенеуніктер оны ел қаржысының талан-тараж болуын Есеп комитетінен жасыру үшін" пайдалануы мүмкін екен.

Қалай болғанда, Ұлттық экономика министрлігі "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын әзірлеп отыр.

Құжат Қазақстанда қазіргі нақты бюджеттік бағдарламалардан тұратын нысаналы бюджеттің орнына жай ғана блоктарға бөлінген бюджетті енгізуді қарастырады. Ол не үшін қажет?

"Бюджетті блоктық жоспарлаудың негізгі қағидаты – бюрократияны барынша азайту, бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне қаражатты қайта бөлуде еркіндік беру және ұзақ мерзімді мақсаттарға баса назар аудару болып табылады. Бюджеттің қолданыстағы тұжырымдамасы бюджет қаражатын игеру қажеттігіне бағдарланған. Ал блокты бюджет даму жоспарларының мақсаттарына қол жеткізу үшін бюджет қаражатын пайдалануда әкімшілерге толық дербестік, толық автономдылық беруге бағытталған", – деп түсіндірді экономика ведомствосы.

Қолданыстағы бюджеттік қағидат бағдарлама әкімшілеріне жеткілікті дәрежеде еркіндік бермейді екен, салдарынан олардың бюджет қаржысын басқару бойынша белсенділігі төмен болып қалуда.

Бюджеттік процесс келісу рәсімдерімен шектен тыс жүктелген. Бұл бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджет қаражатын басқару сапасына да теріс әсер етеді.

Осылайша, Парламентте бюджетті ұсынудың және қорғаудың бүкіл форматын өзгерту ұсынылып отыр. Салыстыру үшін айтсақ, Мәжілісте өз бюджетін қорғау үшін әр министр барлық комитеттерінің басшыларын ертіп келеді. Депутаттар қажет деп тапса, бағынышты бөлімшелерінің басшысын қосымша шақырта алады.

Ал жаңа формата бұған қажеттілік қалмайды. Өйткені бюджеттік бағдарлама әкімшілері шығындарын блоктар бойынша ғана қорғайды. Мысалы, мынау ақша – қорғанысқа, мынау – әлеуметтік қамсыздандыруға деген секілді. Әр жобаны жеке қорғау талап етілмейді.

Бастаманың  дұрысы мен бұрысы

Ұлттық экономика министрлігі бұл жаңашылдықтың оң және теріс жақтары барын мойындады.  

Жақсы жағы сол "бюджет шығыстарын функционалдық топтар мен бюджеттік бағдарламалар бойынша детализациялауды жою" бюджет жобасын жасау және ұсыну процесін едәуір жеңілдетеді.

Ықтимал теріс салдары Парламент тек блоктар бойынша бекіткен бюджетті ары қарай функционалдық топтар бойынша бөлу қиындық туғызбақ.

"Блокты бюджет – әкімшілерге блок ішіндегі бюджеттік бағдарламалар арасында қаражатты өз бетінше бөлу құқығын береді. Осы арқылы бюджеттік рәсімдерді оңайлатамыз және бюджет процесін бюрократиясыздандырамыз. Бюджет қаражатын басқарудағы еркіндік бюджеттің атқарылу сапасын арттыруға алып келеді", – деген пікірде экономика ведомствосы.

Блокты бюджет аясында әкімшілер бір жобаны толық қаржыландыруға мән бере алуы мүмкін. Әйтпесе, қазір республикалық және облыстық бюджет қоса қаржыландыратын жобалар әр тараптан ақшаның уақытында және толыққанды бөлінбеуі салдарынан бірнеше жылға ұзайды, осы кезеңде жоба құрылысының құны қымбаттап шыға келеді. Осылайша, мүлдем дағдарған, доғарылған жобалар жетерлік.

Сонымен бірге министрлік тартқан кеңесші-сарапшылар: "бюджеттік  бағдарламалардың әкімшілері бюджет қаражатын басқарудағы дербестікке дайын болып шықпауы мүмкін" деп күмәнданыпты. Солай болса бұл бастама бастапқы жылдары бюджетті жоспарлау ісін жеңілдету орнына, былықтыруы мүмкін.

Жаңа бюджеттік саясат "бюджет қаражаттарын игермеу үшін жауапкершіліктен" "нәтижеге қол жеткізбегені үшін жауапкершілікке" көшуді көздейтіні айтылды.

Заң қабылданған жағдайда Қазақстан Сингапур үлгісінде блокты бюджетке 2023 жылы көшеді деп күтілуде. Дегенмен құжат "бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің нәтижелерге қол жеткізбегені үшін жауапкершілігін" тек 2026 жылдан бастап енгізуді ұсынады.

Атап өтетін жайт, блокты бюджетке көшуді Президент қолдап отыр. Қ. Тоқаев биылғы жолдауында "Бюджет үдерістерін жеңілдетіп, бюрократияны барынша азайтуды" ұсынды.

"Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жауапкершілігін арттыра отырып, бөлшектенген, блокты бюджетті енгізу керек" деген болатын Мемлекет басшысы.

Алда тек Есеп комитетінің аудиторларын және меморган басшыларын ғана емес, бүкіл елді бір қызық күтіп тұрғандай. Тек ол "бюджеттік аласапыран" дәуіріне айналып кетпесе болғаны.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу