Божко қазақтарға мал орнына құрт-құмырсқа өсіруді ұсынды

3388

Қазақстаннан шетелге әкетіліп жатқан еттің көлемі 3,5 есеге күрт өсті. Елде ет қалмауы мүмкін. Бұл жағдайда қазақстандықтарға протеинді жәндіктердің бойынан іздеуге тура келмей ме? 

 Божко қазақтарға мал орнына құрт-құмырсқа өсіруді ұсынды

Уикипедияға сенсек, көрші шың елінде тарақан шаруашылығы жоғары қарқынмен дамуда. Қолдан өсірілген тарақандарды бір жағынан қытайлар тамақ ретінде жейді, екінші жағынан үй жануарларына арналған жем есебінде пайдаланады. Бұдан бөлек, жер бетіндегі кез келген жорғалаған-жүгіргеннің бәрін ем мен жеуге қолдануға үйренген жұңғо елі тарақандарды ұнтақтап, дәрі-дәрмек өндіру үшін фармацевтикалық өнеркәсіпте жаратады екен.

ҚХР Үкіметінің ресми есебінше, дәстүрлі қытай медицинасы аясында фармкомпаниялар тарақандардан жасаған дәрілерден 40 миллионнан астам адам түрлі дерттен айығыпты. Жалпы, ҚХР-да жәндік шаруашылығы кең дамыған, оның аясында көршінің қолдан өсіріп, асып жемейтін жәндігі жоқ десек артық болмас.

Әрине, шығыс көрші 1,4 миллиардтан астам халықты асыраудың түрлі жолын іздеуде. Қытай халық республикасында тек 2021 жылы 17,9 миллион бала туылған. Қазақстанда жалпы алғанда осыдан сәл асатын халық қана бар. Ендеше жәндік шаруашылығын өркендету өзекті ме?

Соңғы жылдары жұмыртқа мен құс етінің бағасын еселеп көтеріп, ел бюджетінен мол субсидиялар алып, әбден байыған Shanyrak Group құс фабрикалары желісінің қожайыны Максим Божко қазақ еліне бұл "болашақта қажет болады" деп өзеуреп отыр.

Ол осы жарқын идеясын EuroTier 2022 көрмесі аясында өткен "Орталық Азияда мал шаруашылығын дамыту перспективалары" халықаралық конференциясында жария етті. Оның айтуынша, жәндіктер протеиннің қайнар-көзі болып табылады. Нағыз жесең тісіңе де, түсіңе де қатар кіретін "тамақ".

EuroTier көрмесі аясында болашақтағы азық түрлеріне арналған Feed for Future форумы да ұйымдастырылды. Онда халықаралық компаниялар ақуыз-белоктың 300-ден астам баламалы көздерінің үлгілерін ұсынды. Соның ішінде балдырлар мен жәндіктерден алынатын протеиннің жаңа көздері бөлек бағыт ретінде паш етілді.

Eldala.kz мамандандырылған порталының дерегінше, Қазақстанда ақуыздың баламалары әзірге пайдаланылмайды, бірақ отандық өндірушілер оларды қарастыруға дайын: бұл ретте оларды қолдануға түрткі болатын басты айқындаушы фактор – баға болмақ.

Егер жәндіктерден алынатын ақуыз ет, жұмыртқа, балықтікінен арзан болып шықса, соған көшуі де ықтимал. Отандық май, маргарин, балмұздақ, шоколад, кәмпит, кондитерлік тағамдар, басқа өнімдерді өндірушілердің жаппай зиянды пальма майына көшіп алған үлгісі бар.

"Жәндік шаруашылығы жаңа үрдіс болып есептеледі. Ол әлемде алға қарай қарыштап адымдауда. Біз де бұл үрдісті қадағалап отырмыз. Себебі, жәндіктерді тамақ қалдықтарында, қоқыста өсіруге болады. Мысалы, біздің құс фабрикаларында алапат көлемде тауықтың нәжісі-саңғырығы қалыптасады. Сонда жәндіктер көптеп өсіп-өне алады. Мен өзім бұл технология туралы 6 жыл бұрын естідім. Ол кезде швейцариялық Buhler компаниясы осыған арнап, конференция ұйымдастырды. Олар таяуда Голландияда бірінші зауытын тұрғызды. Сол кәсіпорында жәндіктерден протеин өндіріп жатыр", – деді М.Божко.

Ол іргедегі Қытайда құрт-құмырсқа, тарақан, шегіртке және басқа жәндіктерді қолдан өсіретін фермалар саны алапат көлемге жеткенін дәйекке келтірді. 

"Бұл саланың біз үшін қызықты екені даусыз. Егер мал, балық етінен алынатын классикалық ақуызға қарағанда, жәндіктен алынатын ақуыз арзан болып шықса, біз үшін бұл бағыт песпективті болып табылады. Әзірге соя – №1 протеин, бірақ Қазақстанда сояны тым аз өсіреді. Біз оны Оңтүстік Америкадан импорттаймыз. Алайда логистикасын есепке алсақ, бұл қымбатқа түседі. Сондықтан Қазақстан бір жағынан соя өндірісінің көлемін өрістетуге тиіс, екінші жағынан жәндіктер сияқты баламалы бағыттарды да пысықтауымыз қажет", – деді Максим Божко.

Дегенмен, ондай масқараға жеткізбеуге де болады. Ұқсатып, ұтымды жұмсаса, ұлан-байтақ дала төсін жәндікке емес, малға толтырып, өзімізді ғана емес, әлемді асырауға болар. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербайдың мәліметінше, Қазақстан сиыр еті мен қой еті бойынша экспорттық әлеуетін белсенді пайдалана бастады. 2021 жылмен салыстырғанда, биыл сыртқа шығарылған ет көлемі бірден 3,5 еседей артып шыға келген.

"Қазақстан қазір Орталық Азияға негізгі ет жеткізушіге айналды. Елімізде мал шаруашылығын дамыту және өнім экспортын еселеп арттыру үшін қажетті шарттардың бәрі бар. Біз кең-байтақ мал жайылымдарына, егістік жерлерге иеміз. Жұмыс күші де, ата-бабадан мұраға қалған тарихи тәжірибе де жеткілікті. Мал етін экспорттауды арттыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бүгінде отандық сиыр еті Азияға және Таяу Шығысқа да өткізіліп жатыр", – деп мәлім етті Жеңіс Өсербай.

Қазақстандық кәсіпкерлер 2022 жылғы 7 айда сиыр және қой етін шетелге саудалаудан 57,7 млн доллардай табыс тапты. Осы мерзімде жатжұрттарға 9,3 мың тонна ірі қара малдың еті және 4 мың тоннадан астам қой еті сатылған. Бұл туралы Tradereport.Kz хабарлады. Сарапшылар ет экспортының бұл көлемі рекорд саналатынын айтады: себебі, бұрынғы жылдары 7 ай түгіл, тұтас бір жылда сала экспорттаушыларының табысы 40 млн доллардан аспайтын.

Қазақстандық еттің басым бөлігін Өзбекстан тасиды: оңтүстік көршіге 7 айда 49,9 млн долларға сиыр мен қой етін өткізіппіз. Бұл бүкіл қазақстандық экспорттың 86%-ы.  

Жасыратыны жоқ, бұл импорттан өзбек ағайындар күреп табыс тауып отыр: етті қазақтардан шикі күйінде сатып алып, одан ары одан шұжық, колбаса, қақталған ет, консервілер жасап, яғни дайын өнім түрінде саудалап, қосымша құнын еселеп арттырады.

Екінші орында Біріккен Араб Әмірліктері тұр: олар қазақтардан 6,8 млн долларға қой етін сатып алған.

Айтқандай, араб елдері қой етін негізінен Жаңа Зеландиядан тасымалдайды. Бірақ бірқатар мәліметтер бойынша жаңазеландиялық қой етінің жағымсыздау, өткір дәмі болатын көрінеді. Содан қазақстандық қой етінен дәм татып, тамсанған арабтар біздің өнімге назар аударған деседі.

Нәтижесінде, қазіргі кезде Қазақстаннан қой еті Кувейт, Оман, Бахрейн сияқты басқа да араб елдеріне жеткізіле бастады.

Сонымен бірге Ресей, Қытай секілді нарығы ірі елдер өз өндірушілеріне бағдарланып, импортты шектеп жатыр.

Жалпы, Қазақстанда мал өсіру – табысты бизнеске айналды. Мысалы, бүгінде сиырларына GPS трекер тағып, қоңсы Ақмола облысындағы өріске өрбітіп, оны Астанада отырып, онлайн бақылайтын заманауи байлар пайда болып жатыр.

АШМ дерегінше, былтыр мал шаруашылығы саласында шамамен 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, оған 200 миллион доллардай қаржы құйылған.

Ірі қара мал саны бір жыл ішінде 4,7% өсіп, 2022 жылғы қараша айында Зеңгі баба түліктерінің саны 8,8 миллионға жетті. Қойлардың саны да 4,3% ұлғайып, 20,3 миллион бастан асқан.

Алайда фермерлер қысы қытымыр, жазы қуаң Қазақстанда мал шаруашылығы өркендей түсуі үшін жемазық базасы дамуы қажет екенін айтады. Ел аумағын қуаңшылық жайлап, шөлдене бастауы жылдар бойы шешілмеген бұл проблеманы тіптен ушықтыруы мүмкін.

 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу