Брекзит 2.0: Ұлыбритания патшалығы жаңа Еуропалық Одақ құрмақ

2191

Жаңа еуропалық ұйымға қандай елдер кіруі мүмкін екені анықталды.

Брекзит 2.0: Ұлыбритания патшалығы жаңа Еуропалық Одақ құрмақ

Осыдан алты жылдай бұрын, 2016 жылғы 23 маусымда Ұлыбритания және Солтүтік Ирландия Біріккен Корольдігі референдум өткізіп, сайлаушылардың 51,9%-ның қолдауымен ЕуроОдақтан шықты. Бұл ретте сарапшылар Britain (Британия) және exit (шығу) сөздерінің қосындысынан Brexit деген жаңа термин ойлап тапты.

Енді Ұлыбритания тағы бір тосын ойынды ойлап тапқанға ұқсайды. Патшалықтың Премьер-Министрі Борис Джонсон ЕО-дан көңілі қала бастаған Украина Президенті Владимир Зеленскийге одан бөлек еуропалық ұйым құруды ұсынды. Киев әзірге ресми ұстанымын білдірген жоқ. Бірақ Президент кеңсесі басшысының кеңесшісі Алексей Арестович бұл идеяны "қарастыруға тұрарлық" деп бағалады.

Украинаның ЕО тірлігінен түңілетін жөні бар. Біріншіден, қанша сұранса да, ұйымға мүшелікке қабылдайтын емес. Ұлыбритания тәрк етіп кеткелі одақтың екі шылбыр, бір тізгіні Франция мен Германияға тиді. Содан екеуі бүкіл одақ елдеріне өз ұстанымын таңатынды шығарды. Мысалы, қит етсе, В.Путинге қоңырау шалатын Франция Президенті Эммануэль Макрон Мәскеу жақпен кезекті тілдесуінен кейін, биылғы 9 мамырда Украинаның Еуроодаққа мүше болуы "ұзақ, тіпті ондаған жылдарға созылатынын" мәлімдеп, украиналықтарды естен тандыра жаздады. Француз лидері Украинаны Еуропалық одаққа жеделдетілген тәртіппен мүшелікке қабылдау мүмкін еместігін жария етті. Егер бірауыздан қолдамаса, бірде бір ел ұйымға кіре алмайды. Яғни, Париж Киевтің кандидатурасына вето қоятынын емексітті.  

Жалпы Венгрия, Румыния, Польша, Словакия, Словения, Балтық елдері сияқты бұрынғы социалистік лагерь елдері ЕО-ға өтініш бергеннен 10-15 жыл ішінде толыққанды мүше болыпты. Ал Украинаға әзірге "кандидат ел" мәртебесін де бергісі келмейді. Владимир Зеленский соған елінің лайықты екенін білдіретін "ЕО-ға мүшелікке кандидат статусын алуға арналған сауалнама-анкетаны" толық толтырып, 2022 жылғы 18 сәуірде табыстады.

Негізі, Украина лидері ЕО-ға мүше болып кіру өтінішіне ақпан айының соңында қол қойған. Содан кейін 8 сәуірде Еурокомиссия Киевке бірнеше мың беттен тұратын сауалнаманы ұсынды. Оны толтыру осы бағытта келіссөздерді іске қосу үшін қажет.

Екіншіден, одақтың тағы бір көшбасшысы Германияның Үкіметі Украинаға өзі уәде еткен қару-жарақ және әскери техника беруді түрлі сылтаумен бұғаттап келеді. Францияның да бергені шамалы. Бұл, Киевтің бағалауынша, Украина Қарулы күштерінің қажетті қарудан тарығып, майдан даласында қырылуына, кейінгі апталарда бірнеше қаланы тастап шығып, кері шегінуіне соқтырды. 

Міне, осы тұста Лондон Киевке Еуропада жаңа халықаралық альянс құру туралы бастама ұсынып отыр. Бұл ұсыныс украиналық және ресейлік ақпарат құралдарында және блог-өрісінде қызу пікірталас туғызды. Жалпы басқыншының аяусыз соққысының астында қалған осы елге әскери көмек жөнінен Британия тек АҚШ-қа ғана жол береді.

Жаңа ұйым Ресейге қарсы тұрады және ЕО-ға баламаға айналады, деп хабарлады италиялық Corriere Della Sera басылымы, өз дереккөздеріне сілтеме жасап.

"Лондон тарапы саяси, экономикалық және әскери альянстардың жаңа жүйесін – Еуропалық одаққа баламаны ұсынып отыр. Ол Брюссельдің түсініксіз тірліктеріне, сондай-ақ Ресейдің әскери агрессиясына Германияның әрекетсіздігіне сенімсіздік білдіріп отырған елдерді жинап, біріктіретін болады", – деп жазады басылым.

Кейбір мәліметін бойынша Борис Джонсон бұл бастамасын бір айдан бері пысықтап жатыр. Ол осы идеясы жайында Владимир Зеленскийге алғаш рет 9 сәуірде Киевке сапарлап келгенде айтыпты.

Мұны тағы бір дерек растайды. 9 мамырда Еуропарламентте өткен, Еуропаның болашағына арналған конференцияда сөз сөйлеген Франция Президенті Э.Макрон ЕО-ға кірмеген елдерге, сондай-ақ ұйымға мүше, бірақ оның ұстанымымен келіспейтін мемлекеттерге жеке "еуропалық саяси қоғамдастық" құруды ұсынды. Джонсонның жасампаз бастамасының шет-жағасын ол да естісе керек.

"Шынымды айтайын, Еуроодақ бәрібір қысқа мерзімді перспективада бүкіл еуропалық континентті құрылымдаудың жалғыз құралы бола алмайды. Әрине, Украина қазірдің өзінде еуропалық отбасының мүшесі. Бірақ оның ЕО-ға мүше болу үдерісі ұзақ жылдарға, ондаған жылдарға созылуы мүмкін. Сондықтан еуропалық елдер жаңа еуропалық саяси қоғамдастық құрып, оған бірден Киевті, Грузияны, Молдованы қабылдай алар еді", – деп сәуегейсіді Макрон мырза.

Оның байламынша, жаңа еуропалық саяси қоғамдастыққа қатысу ол мемлекеттің ары қарай ЕО-ға мүше болатынын білдірмейді.

Сарапшылардың тұжырымдауынша, Борис Джонсон ілгерілетіп отырған жаңа Еуропалық қоғамдастыққа Украина, Грузия, Молдова сыртында, Польша, Эстония, Латвия, Литва, сонымен қатар кейінгі кезеңдерінде Түркия кіруі мүмкін. Өйткені түріктер Еуроодаққа мүше болу туралы келіссөздерді сонау 2005 жылдың күзінде бастағанымен, әлі күнге ұйымға кіре алар емес.

Айтпақшы, Батыс Балқанның 6 елі де ЕО-ға кіруден тек дәмеленіп қана жүр: Албания, Босния мен Герцеговина, Косово, Солтүстік Македония, Сербия және Черногория енді жаңа бірлестіктен шақырту алуы мүмкін.

Жаңа тұрпатты ұйымның лидері – Ұлыбритания болады.

Еуропалық басылымдардың жазуынша, әзірге атауы да анықталмаған жаңа ұйым бірнеше міндетті іске асырады. Біріншіден, ЕО өз қатарына алмай отырған еуропалық, посткеңестік республикаларға Британиямен бірге ұжымдық Еуропаның өміріне араласуға, екіншіден, ұжымдық Еуропамен саяси, экономикалық және әскери тұрғыдан тығыз ынтымақтасуға мүмкіндік береді. Үшіншіден, жаңа ұйым оларға ЕО-ның бірлескен тоқтамынан өзгеше ұстанымды ұстануға жол ашады.

Тағы бір ерекшелігі – жаңа ұйым негізінен Мәскеуден төнетін әскери қауіп-қатерге тосқауыл қойғысы келетін мемлекеттерді біріктірмек.

Украиналық ақпарат құралдарының хабарлауынша, ресми Киев әзірге британдық бастамаға қатысты нақты ұстанымын жариялаған жоқ, дегенмен одан бас тартуға да асықпады. Владимир Зеленский 23 маусымда өтетін еуропалық саммитті күтіп отырған көрінеді. Сол құрылтайда ЕО-ға мүше 27 мемлекет Украинаға кандидат мәртебесін беру мәселесін талқылайды.

Сарапшылардың пікірінше, саммитте Киев қалаған шешім қабылданбауы мүмкін. ЕО елдері "Украинаның еуропалық перспективасы бар" деген ауанда бұлыңғыр мәлімдеме-декларациямен шектелуі ықтимал.

Мұндай жағдай Зеленскийді Джонсонның баламалы ұсынысына зейін қоюға итермелері сөзсіз.

Алайда ресейлік сарапшылар жаңа еуропалық қоғамдастықты ұстап тұру, тіпті Украинаға көмектесу үшін қажетті мол қаражат Лондонда жоқтығын айтады. Франция мен Германия үстемдік еткен Еуропалық одақ кез келген кезде станогын қосып жіберіп, қалаған көлемде төл ақшасын (еуроны) басады. Пандемия кезінде солай жасады. Коронавируспен және оның салдарларымен күресуге, экономикалық көмек көрсетуге 3 триллион еуродан астам қаражат бағыттады. Ал жаңа бірлестіктің ортақ валютасы жоқ және бола алмайды. Британия фунтынан, Түркия лирасынан, Украина гривнасынан бас тартпас еді.

Әзірге Украина Еуроодаққа бағдарлануын жалғастыруда. 2019 жылы ақпанда, Президент Петр Порошенко тұсында Жоғарғы Рада (Парламент) арқылы өткізілген конституциялық реформа Украинаның ЕО мен НАТО-ға мүше болу бағдарын Конституцияда бекітті.

Киев таяуда арнайы делегация жасақтады, ол Еуроодақ елдерінің әрқайсысының астанасына сапарлап, ЕО саммитіне дейін әрбір мүше елді Киев кандидатурасын қолдауға көндіруге күш салады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу