2019 жылғы 2 қыркүйектегі Мемлекет басшысының "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Қазақстан халқына жолдауының 64-тармағын орындау шеңберінде Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленген. Құжат 34 тармақ пен 5 негізгі бағыттан тұрады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жоспарды жүзеге асыру бойынша іске асырылап жатқан жұмыстарды баяндады.
Дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін ұстаздарға сабақтан тыс спорттық дәріс жүргізгені үшін 100% мөлшерінде қосымша ақы төленеді.
"Кешенді жоспар аясында 8 заңнамалық актіге 33 түзету енгізілді. Заң жобасы бойынша дене шынықтыру мұғалімдеріне сабақтан тыс дәріс жүргізгені үшін базалық лауазымдық жалақыдан 100% мөлшерінде қосымша ақы енгізіліп отыр", – деген министр спорттық интернат жаттықтырушы-оқытушыларының да айлықтары өсетінін айтты.
"Жолдауды іске асыру аясында ҚР үкіметінің қаулысына сәйкес педагогтардың жалақысы 2020 жылдан 2023 жылға дейін 25%-ға өсетін болады. Бұл балалар-жасөспірімдер мектептері мен спорттық интернаттардың жаттықтырушы-оқытушыларына да қатысты", – деді ол.
Сондай-ақ, 2025 жылға дейін елімізде спорттық нысандардың санын 30 мыңға жеткізу жоспарланып отыр.
"Бұқаралық спортты дамытуда спорттық инфрақұрылым маңызды. Бүгінгі күні елімізде 23 мың спорттық нысан бар. Жергілікті атқарушы органдардың есептеуінше қарапайым спорт құрылыстарын салу қажеттілігі жылына 1100 нысанды құрайды. 2025 жылға дейін олардың жалпы санын 30 мыңға жеткізу жоспарланып отыр", – деді министр.
Министр ұлттық спортты дамытуға ерекше назар аударылатынын айтты.
"Ұлттық спорт түрлерін дамыту бойынша шаралар жоспарланған. Білім берудің барлық деңгейінде дене шынықтыру мен спортқа қатысты уәкілетті орган бекіткен тізбеге сәйкес ұлттық спорт түрлері бойынша міндетті компонент енгізіледі", – деді Ақтоты Райымқұлова.
Елімізде 579 балалар-жасөспірімдер клубы, 107 дене шынықтыру клубы бар. Кешенді жоспар аясында балалар-жасөспірімдер клубының санын 700-ге, дене шынықтыру клубтарының санын 340-қа жеткізу көзделген.
"Бұл спортпен шұғылданушылар санын 100 мың адамға ұлғайтады", – деген министр халықты спортқа баулу үшін мектептердегі спорт залдарды кеңінен пайдалану жоспарланғанын айтты.
"Кешенді жоспарда өңірлік спорт басқармалары мен білім беру басқармалары халықтың барлық жас санатының спорт секцияларына қатысу мүмкіндігін көздеп, жалпы білім беретін мектептердің спорт залдарына қолжетімділікті қамтамасыз ету жөнінде меморандумдар жасау ескерілген. Бүгінде елімізде 5 428 жалпы білім беретін мектепте спорт залдар бар. Ең төменгі есептеулер бойынша онда 20-ға жуық адам, орташа есеппен 1,5 сағаттан қосымша шұғылдана алады. Бұл жалпы алғанда 100 мыңнан астам адамды құрайды", – деді министр.
Сондай-ақ, кешенді жоспар бойынша федерациялар аясында арнайы үйірмелер ашылмақ. Нәтижесінде 300 мыңнан астам бала түрлі секцияларда спортпен шұғылдана алады.
"Жалпы білім беретін мектептердің залдарында спорттық секциялар ұйымдастыру қарастырылуда. Бүгінгі таңда министрлікте 101 спорттық федерация тіркеуден өткен. Оларға қосымша 10 мыңнан асам спорт түрлері бойынша секциялар ашуға мүмкіндік берілмек", – деді министр.
Спорт саласын цифрландыру бағытында жасалып жатқан кешенді жұмыстардың бірі – E-sport цифрлық тұғырнамасы. Жыл соңында пилоттық жоба ретінде жасалатын сайт төрт жылда толық іске қосылмақ. Жобаны Мәдениет және спорт министрлігі "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-мен бірлесіп әзірлемек.
"Спортты дамыту бойынша кешенді жоспарда E-sport цифрлық тұғырнамасын іске қосу көзделіп отыр. Бұл спорт саласын цирфрландыру үшін жасалған бірегей мүмкіндік. E-sport арқылы жалпыға спорт күнтізбелері, бірыңғай спорттық классификация, құрама командалардың құрамдары, спортшылар мен төрешілер туралы ақпараттар және тағы басқа құжаттар қолжетімді болады. Ол 2020 жылдың соңына дейін ел өңірлерінің бірінде пилоттық жоба ретінде сынақтан өткізіліп, іске қосылмақ", – деді министр.
Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері Комитеті төрағасының орынбасары Асқар Есімов бұл платформа спортшылар мен жанкүйерлерге ортақ болатынын айтады.
"E-sport үш модульден тұрады. Біріншісі, спорттық шараларды басқару. Спорттық күнтізбе түгелдей цирландырылады. Екіншісі, спортшылар мен жаттықтырушылардың құжаттары, электронды құжаттар. Жүйе жарыс жеңімпаздарын белгілеп, тіркеп отырады. Кейін спортшылар мен жаттықтырушылар түрлі атақ, басымдылық алу үшін уақыт жұмсап, құжаттар жинамайды. Осылайша көптеген жұмыстар ортақ тұғырнама арқылы жүзеге асырылады. Үшінші модуль еліміздегі барлық спорттық нысанды цифрландыру", – деді Асқар Есімов.
Құралай Құдайберген