Букмекерлердің билікке базынасы бар

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
11116

Ойын бизнесі нарықты реттеу тетіктерінің қатаңдатылмағанын қалайды.

Букмекерлердің билікке базынасы бар

Букмекерлік кеңсе, казино, лотерея десе, көпшіліктің төбе шашы тік тұрады. Белшеден қарызға батып, берекесі қашқан жандардың біразы – осынау құмар ойындардың құрбаны болғандар. Сондықтан ел ішінде букмекерлік кеңсе, казино, лотереяға деген теріс көзқарас қалыптасқан. Дегенмен, мұның екінші қыры бар.

Букмекерлік кеңсе де, казино мен лотерея де – бизнес. Демек, аталған бизнестен ел бюджетіне салық түсіп отыр. Бұдан бөлек, тұрғындар жұмыспен қамтылуда. Деректерге сүйенсек, 2017 жылдың қорытындысы бойынша ойын бизнесінен ел қазынасына 4,2 млрд теңге кіріс түскен.

Қазақстан ойын автоматтары залдарын ұйымдастырушылар қауымдастығы мүшелерінің сөзінше, елімізде ойын бизнесі субъектілеріне шектеу көп. Міндетті жүктеме де бизнес өкілдеріне салмақ салып отыр. Ол аздай мәдениет және спорт министрлігі нарықты реттеу тетіктерін одан әрі қатаңдатпақ ниетте.

"2005 жылы еліміздегі ойын бизнесіне шектеу қойылып, тек Қапшағай мен Бурабайда ғана бизнес жүргізуге мүмкіндік берілді. 2010 жылдан бері қомақты қаржы жұмсап, бизнесті дамытып келеміз. Мәдениет және спорт министрлігі ойын бизнесіне қатысты жаңа заң жобасын әзірлеуде. Оған сәйкес, казино мен ойын автоматтары теңестірілмек. Яғни, бұлардың бәріне бірыңғай лицензия берілетін болады. Бірақ, казино мен ойын автоматтары мүлдем бөлек дүние, бөлек бизнес. Егер дәл осындай норма қабылданатын болса, біз банкрот боламыз. Өз бизнесімізді қорғау үшін ойын автоматтары залдарын ұйымдастырушылар қауымдастығын құрдық", – дейді "Торнадо" ойын залдарының иесі Владимир Трубин.

Оның айтуынша, ойын бизнесі онсыз да қоғамнан мейлінше шектелген. Қазақстан бойынша ойын бизнесіне арналған екі аймақ (Бурабай мен Қапшағай) қана бар. Ал бұл жерге кім көрінген аяқ баса алмайды.

"Ойын автоматтарымен салыстырғанда, казиноның салықтық жүктемесі жоғары. Казиноны ірі кәсіпорын ретінде қарастыру керек. Ал ойын автоматтары казино орналасқан аймақты толықтырып тұратын қосымша ретінде қолданылады. Егер жаңа заң жобасы қабылданатын болса, ойын автоматтарын ұстап отырған субъектілердің төлейтін салығы 10 есе өседі. Бұл өте ауыр соққы", – дейді Владимир Трубин.

Қазақстан ойын автоматтары залдарын ұйымдастырушылар қауымдастығы мүшесінің айтуынша, жалпы елімізде жоғары салықтық жүктемеден бөлек, ойын бизнесін реттеу стандарттары да тым қатаң.

"Біз әлеуметтік салықты, ойын бизнесін жүргізуге арналған салықты, бір жылдық лицензия салығын төлейміз. Ойын автоматтарының әрқайсысына 145 мың теңге салық салынады. Ал 2017 жылы салықтық жүктемені екі есе көтерді. Бұған да көндік. Бірақ, былтыр жүктемені көтере алмай, жабылып қалған казинолар бар. Енді, міне, жаңа заң жобасы еңсе тіктеп келе жатқанда, бізді тағы да тобықтан қақпақ", – дейді Владимир Трубин.

1хBet букмекерлік компаниясының директоры Мақсат Құрмановтың сөзінше, Ресей, Беларусь елдерімен салыстырғанда Қазақстандағы ойын бизнесіне салынатын салық жүктемесі шамамен 12 есе жоғары. Ол бизнестің бұл түріне корпоративтік табыс салығын енгізу керек деп есептейді. Мемлекет үшін де, бизнес үшін де тиімдісі осы көрінеді.

"Букмекерлік кеңсе – заңдастырылған кәдімгі бизнес. Одан қорқудың қажеті жоқ. Біз шетелдік компаниялармен бәсекелесе алуымыз керек. Сондықтан ойын бизнесін реттеуде мемлекеттің бізге көмектескенін қалаймыз", – дейді Мақсат Құрманов.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлік даму департаментінің сарапшысы Ғалымжан Дуамбековтің сөзінше, мәдениет және спорт министрлігі әзірлеген ойын бизнесі туралы заң жобасында жаңашылдықтар көп. Біріншіден, ойын бизнесіне арналған орындар саны көбеймек.

"Заң жобасында айтылғандай, елімізде ойын бизнесін жүргізуге арналған орындардың қатарына Алматы облысы Талғар ауданындағы Ақбұлақ ауылы мен Маңғыстау облысы қосылмақ. Ал бұған дейін тиісті орындар Қапшағай мен Бурабайда ғана қарастырылған болатын. Екіншіден, ойын автоматтары залы жеке қызмет көрсетуін доғарады. Яғни, казинолармен теңестіріледі", – дейді Ғалымжан Дуамбеков.

"Атамекен" өкілінің сөзінше, соңғы норма бекітілсе, шамамен 400 жұмыс орны жабылады. Сондай-ақ өңірлерді дамытуға бағытталған инвестициялар ағыны қысқарады. Тиісінше, мемлекеттік қазынаға түсетін кіріс де азаяды. Мәселен, ойын автоматтары залынан ел бюджетіне жылына 900 миллион теңгеден астам қаржы түседі екен. Оның үстіне бұл көрсеткіш жыл өткен сайын артып келеді. Норма бекітілсе, мұның бәрі көзден бұл-бұл ұшпақ.   

"Сондай-ақ министрлік букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жұмысын ұйымдастыру бойынша бірыңғай оператор құрмақ. Бұл дегеніңіз - нарықты монополияға беру. Монополияға беру нарықтың ережелерін бұзу деген сөз. Бүгінде елімізде лицензиясы бар 47 букмекерлік кеңсе мен 22 тотализатор жұмыс істейді. Егер мәдениет және спорт министрлігі ұсынып отырған жобалар қабылданса, ойын бизнесі "көлеңкелі" секторға ойысуы мүмкін. Бұл өз кезегінде нарықтың инвестициялық тартымдылығын төмендетеді", – дейді Ғалымжан Дуамбеков.

Букмекерлік және лотерея бизнесі өзін-өзі реттеу ұйымының атқарушы директоры Гүлмира Бергенова нарықта монополистің пайда болғанын құптамайды. 

"Кез келген монополияның соңы жақсылыққа апармайды. Біріншіден, нарықта бәсекелестік болмайды. Екіншіден, қызмет көрсету сапасы нашарлайды. Үшіншіден, шетелдік компаниялардың экспансиясы басталады. Осылайша, елдегі ақша сыртқа кетеді. Бюджеттік түсімдер азаяды. Нарықта жауапсыз ойыншылар көбейеді. Қысқасы, нарық "көлеңкелі" бизнеске көшеді. Ал бұл бізге керек емес", – дейді Гүлмира Бергенова.

Айтпақшы, мәдениет және спорт министрлігі ойын бизнесі субъектілерін таза табыстың 15%-ын спортты дамытуға бағыттауды міндеттемек.

Еске сала кетейік, бүгінде Қазақстандағы ойын бизнесіне бірнеше салық салынады. Атап айтқанда, компаниялар кірістің 20 пайыз көлеміндегі қосымша салығын төлеуге тиіс. Бұған компанияның шығындары кірмейді. Сондай-ақ әрбір ойын аппаратына салық төленеді. Нақтырақ айтсақ, ойын үстеліне 1660 АЕК (айлық есептік көрсеткіш), ойын автоматына 60 АЕК, букмекерлік кеңселердің электронды кассасына 3000 АЕК көлемінде салық салынады. Бұдан бөлек, ойын бизнесін ұйымдастырушы салықтық агент ретінде ойыншыға төленген әрбір төлемнің 10 пайызын ұстап қалуға міндетті. Алайда нақты іс жүзінде салықтың бұл түрі ойын бизнесін ұйымдастырушыдан алынуда.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу