Құмар іздегендер кесірге кезігеді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3502

Қазақстандықтардың құмар ойындарына қанша қаржысын шығын еткені мәлім болды.

Құмар іздегендер кесірге кезігеді

2017 жылдың қорытындысы бойынша құмар ойындары мен бәс тігуді ұйымдастыру қызметтерін көрсетушілердің тапқан табысы 16 миллиард 827 миллион теңгені құрап отыр.

Осылайша, алдыңғы жылмен салыстырғанда, 23,3%-ға құлдырап, айналымының бестен бір бөлігінен айырылған екен.

Қазақстанда казиноларды тек Ақмола облысындағы Щучинск ауданындағы арнайы аймақта және Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасы жағалауында ашуға ғана заң жүзінде рұқсат етілетіні мәлім. Басқа жерлердің барлығында бұл құмархана түрі жұмыс жасаса, ол қылмыс саналып, қудаланады. Сондай-ақ ғаламтор алқабындағы электронды казиноларға да тыйым салынған, олар бұғатталады.

Ал бәс қабылдайтын букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды кез келген қалада, тіпті ауылда да құруға еш тосқауыл жоқ. Сондықтан ортақ санаққа жалғыз казино ғана емес, букмекерлік ұйымдардың да кірісі кіріп отыр. 

Сонымен, осы құмарханалардың табысына талдау жасаған Energyprom агенттігінің сарапшылары құмар ойындарын қалайтындардың ең үлкен бөлігі Алматы облысына шоғырланғанын анықтаған. Себебі, барлық табыстың 10 миллиард 250,5 миллион теңгесі бір осы өңірдің үлесінде. Бірақ 2016 жылғыға қарағанда, кірісі 5,4%-ға кеміген.

Екінші орынға Астана орнықты. Елордада әрбір бұрышта қаптап орналасқан букмекерлік кеңселер, ірі сауда орталықтары мен бұқара көп жиналатын кейбір жерлердегі ойын автоматтары ең табысты бизнес екенін барша біледі. Бас қаладағы осы кеңселер мен автоматтар иелері бір жыл ішінде 2 миллиард 752,2 миллион теңге табыс тапты. Бір ғажабы сол, дағдарыс қысқан сайын қалада ойыншылар қатары ұлғая түсетінге ұқсайды. Себебі, Астанада өткен жылы құмар ойындарын және бәс тігуді ұйымдастырушылардың кірісі бірден 37,6%-ға шығандай өскен.

"Үштікті" Қазақстанның ең ірі әрі салтанатты казиносы орналасқан Ақмола облысы тұйықтайды. Оның еншісінде 1,6 млрд теңге. Бірақ құмарханашылардың құмаршылардан "сауған" қаржысы 2016 жылғыдан 15,2%-ға азайған.

Әрине, өзге өңірлерде де бәс тігіп, әлдебір оқиғаның өрбу барысын дөп басып, "сәуегейлігін" шытырлаған ақшаға айналдырғысы келетіндер жетеді. Мәселен, Алматы қаласында құмаршылар букмекерлер мен ойын автоматтарында бір жыл ішінде 1 миллиард 510,7 миллион теңге, Атырау облысында – 246,1 миллион теңге, Жамбыл облысында – 203,9 миллион теңге, Оңтүстік Қазақстан облысында 169,1 миллион теңге қалдырған. Көріп отырсыз, ойынға құштарлығы зор адамдар оңтүстік жақтарды көбірек мекен ететінге ұқсайды.

Ал орталық, солтүстік, шығыс және батыс өңірлер негізінен бұған әлдеқайда бей-жай екені аңғарылады. Атап айтқанда, Павлодар облысында саланың бір жылғы табысы 52,7 миллион теңгені, Қостанай облысында – 28,4 миллион, Шығыс Қазақстан облысында – 14,6 миллион, Батыс Қазақстанда – 24,9 миллион теңге, Ақтөбе облысында – 12,6 миллион, Қарағанды облысында – 7,3 миллион, Қызылорда облысында 4,4 миллион теңгені құрады. Маңғыстау облысы қайран қалдыруда: онда құмар ойындары мен бәс тігуді ұйымдастырушылар небары 200 мың теңге табыс жиып, тауы шағылғанға ұқсайды. Болмаса, пайданы жасырушылық жаппай орын алған.

Дегенмен, тұрғындары ең ұстамды, саналы, әрі ғайыптан тайып пайда түсуін күтпей, нәпақаны еңбектен ғана табуды ойлайтын бір өңір айқындалып отыр. Ресми статистика бойынша Солтүстік Қазақстан облысында құмар ойындары мен бәс тігуден бір теңге де кіріс түспеген. Бұл облыстың осы көрсеткіші тұсында "0,0" деген белгі тұр.

Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің дерегінше, 2007 жылы Қазақстанда құмар ойындары мен бәс тігу жылына небары 4,8 миллиард теңге ғана пайда әкелетін. 2013 жылы бұл көлем 22,8 миллиард теңгеге жетті. Келесі, 2014 жылы рекорд орнатылып, 24,6 миллиард теңге межесін бағындырды.

Кірісі көл-көсір саналатын осы сектордағы құлдырау 2015 жылы бастау алған. Сонда жыл қорытындысында 2014 жылғыдан 3%-ға кеміпті. Ары қарай 2016 жылы 7,8%-ға тағы төмендеу орын алды. Өткен жылдың көрсеткіштері осы теріс динамиканы жалғастырды.

Шенеуніктердің дерегінше, ойын автоматтарынан күн сайын 40 мыңнан 100 мың теңгеге дейін пайда түсетін көрінеді. Рас, бұл еліміз бойынша орташа көрсеткіш қана. Ал Астанада бұл сан аптасына миллион жарым теңгеден асатыны туралы дерек бар. Бірақ қазақстандықтардың құмарлыққа салынуын қылмыстық табыс көзіне айналдырғысы келетіндермен құзырлы органдар қатаң күреседі. Заң бойынша заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғандарды немесе ұстап тұрғандарды 4,5 миллион теңгеге дейін айыппұл, не болмаса, екі жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан айыру жазасы күтеді.

Статорган дерегінше, қазақстандықтарға құмар ойындары бойынша қызмет көрсететін кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерліктер қатары 2015 жылғы азаюдан (112 компания) кейін 2016 жылы қайта көбеюге беттеп, 9,8%-ға өсті. Қазір бұл салада 123 компания жұмыс жасауда. Бірақ рекорд тағы да 2014 жылға тиесілі. Сол жылы елімізде 145 компания баю құпияларын осы саладан іздеп көрген болатын.

Бұл компаниялар ара-тұра өздеріне жеңілдіктер мен артықшылықтар алып алуға талаптанып отырады. Мәселен, 2017 жылдың 7 желтоқсанында өткен сенат отырысында депутаттар "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" (Салық кодексі) кодексін қолданысқа енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда қараған болатын. Сонда аса ауқымды осы құжатты еш ерінбей, мұқият оқып шыққан сенаторлар бір қулықты түсіне қойды. Ақыры, олар заңды әзірлеушілерді одан "2019 жылғы 1 қаңтардан бастап құмар ойындарын және бәс тігуді ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерді өткізу жөніндегі айналымдарды, сондай-ақ қызметі бойынша ойын бизнесіне арналған салық салынатын, қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркелуге жатпайтын тұлғаларды қосылған құн салығынан босатуды көздейтін" бапты алып тастауға мәжбүр етті. Бұл заң бірнеше ай бұрын, 25 желтоқсанда күшіне енді және құмарханалардың мүддесін діттейтін бапсыз өмірге жолдама алды.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу