"Бұл соманы төлегеннен, бизнесті сатқанымыз тиімді" – дүкен иелері қашан айыппұл алғанын білмей қалады

1562

Қосылған құн салығын төлемеген астаналық шағын кәсіпкерлер, нақты айтқанда үй астында дүкені бар кәсіпкерлер, екі нәрсеге наразы.  

"Бұл соманы төлегеннен, бизнесті сатқанымыз тиімді" – дүкен иелері қашан айыппұл алғанын білмей қалады

 Бірінші – өзі қосылған құн салығын төлеуге тиіс мөлшерге жеткені туралы хабарлама алмайды, екінші – ескертілмеген мерзімде салынған айыппұл тым көп. 

Бұл туралы қалалық кәсіпкерлер палатасында өткен жиында белгілі болды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

"Атамекен" кәсіпкерлер палатасы өкілінің түсіндіруіне қарағанда, жылдық тауар айналымы 61 млннан (20 АЕК) асқан кәсіпкерлер қосылған құн салығын төлеуге тиіс. Бұл – қаңтардағы өзгеріс. Оған дейін жылдық тауар айналымы 87 млннан (30 АЕК) асқанда қосылған құн салығын төлеп келген.

"Қаңтарда қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркеу үшін тауардың жылдық айналымы 30 АЕК-тен 20 АЕК-ке төмендетілді. Осы өзгеріс енгізілгеннен кейін әртүрлі жағдайлардың ықпалымен тауар қымбаттап кетті. Кейбір тауар түрлері екі еседей қымбаттады. Сондықтан 61 млн теңгенің тауары жылдың үшінші жартысында, тіпті жыл ортасында айналып та кетуі мүмкін. Осыған байланысты мөлшерлемені баяғыша жоғарылатуды сұраймыз", - дейді кәсіпкерлер атынан жиынға қатысушы Сәуле Ізтілеуова.

Оның айтуынша, кәсіпкерлер 30 АЕК-тің тауары қай уақытта айналып қойғанын біле алмайды. Салық органдары ескерту жібермейді де, кәсіпкерлер қосылған құн салығын төлеуге тіркелмей қалады. Арада бірнеше ай өткенде айыппұл келіп тұрады.

"Бәріміз бухгалтер емеспіз. Мұндай дүкендерді көбіне отбасылы адамдар, зейнетке таяған немесе зейнеттегі адамдар ашады. Ал жақсы бухгалтер жалдау үшін жоғары еңбекақы төлеу керек. Ол ауыр. Бізге белгілі мөлшерге жеткеніміз ескертілмейді. Одан кейін қаншама тауар айналып үлгереді де, салынған айыппұл ауыр болып кетеді. Оны төлегенше бизнесті сатып жіберген артық", - дейді Ізтілеуова.

Кәсіпкерлер палатасы өкілінің түсіндіруіне қарағанда, мысалы, 20 АЕК мөлшерінен өткеннен соң жыл аяғына дейін 50 млн теңгенің тауары айналса, 7,5 млн теңге айыппұл салынады. Ал айыппұл салынғаны кей жағдайда жарты емес, бір жылда белгілі болады. Онда бұдан екі есе көп айыппұл салынады.

Жиын қорытындысында Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңестің мүшелері салық органдары өкілдеріне ұсыныстар айтты. Кәсіпкерге тиісті хабарламаларды уақытлы жеткізу жолдарын тиімді етуге шақырды. СМС-хабарлама немесе Каспий банктің қызметіне жүгінуге болады десті.

Жиынға қатысқан салық органдары өкілінің мәліметіне қарағанда, Қазақстанда көрші елдерге қарағанда қосылған құн салығына тіркеу мөлшері әлдеқайда жоғары. 

"Ресейде – теңгеге шаққанда 11,7 млн теңге, Беларусте – 17 млн, Қырғызстанда – 24 млн, Арменияда 47 млн теңге. Ал Еуропа елдерінде кәсіпкер ретінде тіркелгеннен бастап бірден қосылған құн салығын төлейді", - деді мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Думан Қансейітов.

Салық органы өкілдерінің айтуына қарағанда, хабарландыру барлығына емес, кейбіріне уақытылы жетпей жатады. Олар қазір жұмысты жетілідіріп жатқанына сендіреді.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу