Буллингтен көбіне байдың балалары зәбір көреді

1614

Жас ұрпақтық цифрлық ортада өзара әрекеттесуінің артуы нәтижесінде мұндай зорлық-зомбылықтың заманауи түрі – кибербуллинг күшейе түсті.

Буллингтен көбіне байдың балалары зәбір көреді Фото: dszn.ru

Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының хабарлауынша, Қазақстанда мектеп жасындағы әрбір сегізінші бала қатал түрдегі, ауыр, аяусыз кибербуллингке ұшырайды. Бұл жерде әңгіме балалардың әлеуметтік желіде, ТикТок, WhatsApp пен Telegram-да бірін-бірі жай мазақтауы туралы емес. Топ болып бір балаға жабылу, күн сайын соңына түсіп, қудалау тіпті суицидке дейін жеткізеді.

Орталық мамандары буллингтің, соның ішінде кибербуллингтің қатты өршіп бара жатқанын айтады. Егер бұрынғы заманда мектеп пен көшедегі әлімжеттік – құрбан бала үйіне қашып тығылумен тынса, қазіргі кезде буллерлер смартфоны арқылы оны бөлмесін паналаған жерінен де "тауып" алып, маза бермейді. Әлеуметтік желіде жасөспірімдер ұнамсыз балалардың зықысын шығару, түнде де тынышын кетіріп, мезі ету тәсілдерін бөліседі. Бүгінде буллинг "24/7" режиміне көшті.

"Қазақстандық жасөспірімдердің 13%-ы, яғни шамамен әрбір 8 жасөспірімнің 1-уі кибербуллингке ұшырайды. Ұлдар арасында (15%) бұл көрсеткіш қыздарға қарағанда (12%) жоғары. Жасөспірімдердің шамамен 11%-ы немесе 9 жасөспірімнің 1-уі басқа балаларға киберәлімжеттік жасаушылар тобына қатысқан. Ұлдар (14%) қыздарға (8%) қарағанда кибербуллингке қатысқанына көбірек мақтанады", - деп хабарлады Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мамандары "Мектеп жасындағы балалардың денсаулыққа қатысты мінез-құлқы" (HBSC) зерттеуі қорытындысына сілтеме жасап.

Сарапшылар мектептегі жалпы буллинг 2018 жылдан бері тұрақты түрде өсіп келе жатқанын тіркеген. Әсіресе, жас ұрпақтық цифрлық ортада өзара әрекеттесуінің артуы нәтижесінде мұндай зорлық-зомбылықтың заманауи түрі – кибербуллинг күшейе түсті. Бұл кесел жасөспірімдердің өміріне қатты әсер етеді.

Сонымен, HSBC зерттеуі көрсеткендей, орта есеппен 11-15 жас аралығындағы ұлдардың 6%-ы мектепте буллингке белсене қатысады. Ұйымдастырушылар да солар. Әлеуметтік желіде бүгінде ондай балаларды "болашақ Бишімбаевтар" деп атай бастады.

Қыздар да қалысар емес: 4%-ы зорлықшыл келеді.

Салдарынан, Қазақстанда жасөспірімдердің шамамен 7%-ы мектепте буллингтен зардап шегеді. Мұнда ұлдар мен қыздар арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Сөйтіп, "буллинг ромбысының" жоғарғы және төменгі ұшы анықталды. Ортасындағы көпшілік не буллерлердің шашбауын көтеріп, сойылын соға жөнеледі, немесе құрбы-құрдасының қиналысына еш аяушылық танытпай, селсоқ қарайды.

Әрбір он үшінші жасөспірім төбелеске қатысады. Ұлдардың 12%-ы және қыздардың 4%-ы сыныптасын не өзге оқушыларды ұрып-соғуға үнемі құмар тұратын көрінеді.

Айтқандай, әлеуметтік зерттеу тосын бір трендті анықтады: табысы төмен отбасылардағы жасөспірімдерге қарағанда, ауқаты орташа немесе жоғары отбасылардағы жасөспірімдер өз тетелестерінің тарапынан әлімжеттікке, кибербуллингке жиі ұшырайды.

"Қазақстандық балалар өзінен бай тұратын құрдасын көре алмайды", – деген қорытындыға келді отандық және шетелдік сарапшылар.

Кибербуллинг пен қылмыстың "көкесі" – ТикТокта

Бұл ретте Сенаттың бір топ депутаты ақпараттық кеңістіктегі балалардың қауіпсіздігі, кибербуллинг, TikTok әлеуметтік желісінің жастарға теріс әсері мәселелерін көтеріп, Үкіметке жүгінді.

Олар ТикТокқа шектеулер енгізу бастамасын көтерді. Сондай-ақ сенаторлар Цифрлық даму министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті тарапынан арнайы бағдарлама жасап, Қазақстанда "ақпараттық кеңістік пен әлеуметтік желілерге қатаң бақылау орнатуды" ұсынды.

Қалаулылардың қытайлық әлеуметтік желіге қатты шүйлігуі негізсіз емес.

"Биылғы ақпанда Ақтөбе облысының 28 жастағы тұрғыны 8–11 жас аралығындағы етегін жинап үлгірмеген жеткіншектеріміздің жалаңаш суреттерін порнографиялық сайтта саудалағаны үшін бас бостандығынан айрылды. Қаскүнем TikTok желісінде: "Менің өтінішімді орындасаң 10 мың теңге беремін" деп жазбалар қалдырып, жасөскіндерді арбауына түсірген. Сөйтіп, 48 жалаңаш сурет пен 9 порнографиялық мазмұндағы видеоларды жинап, жариялап үлгерген. Бұл жағдай өрімдей жастарымыздың ғаламтордағы қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай отырғанымыздың айқын көрінісі. Сондай-ақ  азаматтар тарапынан шағымның көп түсуі бұл салада бақылаудың әлсіздігін меңзейді", – деді Сенат депутаты Алишер Сатвалдиев.

Кеше Ақ үйде әлемдік демократияның темірқазығы саналатын Американың Президенті Джо Байден АҚШ-та ТикТокқа тыйым салатын заңға қол қойды. Қазақстанға неге солай жасамасқа?

Сарапшылардың мәліметінше, әлеуметтік желілердегі ақпаратты бөлісу ерекшеліктеріне орай, бүгінде жас ұрпақ негізінен қытайлық TikTok платформасын қолдануға әуес. Өйткені онда ештеңе істемей, еңбектенбей, жай ғана ырбаңдап, ыржалақтап, ырғала билеп-ақ бірнеше миллион жазылушыға ие болуға болады.

Статистикалық мәліметтер бойынша бұл желіні қолданушылардың 75 пайызға жуығы 13–24 жас арасындағы жастарды құрайды. Тіпті 4–5 жас аралығындағы балалардың өзі күнде 75 минут уақытын сонда өткізетінін талдаулар көрсетті. Содан педофилдер де Facebook не Instagram-ды емес, көбіне TikTok-ты жағалайтын көрінеді.

Жаһандану заманында "TikTok синдромының" теріс әсерін болдырмау үшін әр ел барынша тырысып бағуда. Бұған Еуропаның көп мемлекеттерінде TikTok желісінің тұтынушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі кепілдіктерінің деңгейін анықтау бойынша тексерістер жүргізілгені дәлел. Тексеру нәтижесінде балаларды зиянды ақпараттан қорғау тетіктерінің істемейтіні анықталып, Еуроодақ тарапынан TikTok-қа қатысты 368 миллион еуро сомасында айыппұл салынды.

Бұл TikTok-қа қатысты жалғыз шара емес. Кәмелетке толмағандардың мәліметтерін сақтаудағы және өзге де олқылықтары үшін TikTok АҚШ-қа 5 млн доллар, Нидерландыға 750 мың евро, Ұлыбританияға 15 млн евро көлемінде айыппұл төлеген. Көршілеріміз Ресей мен Өзбекстан өз аумағында ТикТокты толық бұғаттады. Депутаттар екі ортада Қазақстанның ғана ынжықтық танытып отырғанына кейіді.

ТикТокты құрықтау – ұлттық маңыздағы іс

Сенаторлардың байламынша, TikTok-тың ауқымы кеңейіп, аудиториясы артқан сайын Қазақстанда "деградацияға ұшыраған өскелең ұрпақ саны қарқынды артады". Өзгеге деген өшпенділік, қатыгез мінез-құлық көрсететін, эмоциясы жұтаң, еңбекті сүймейтін жалқау жастар көбейді.

Президент Қ.Тоқаев биылғы 2024 жылғы 15 наурызда, Ұлттық құрылтайда Қазақстанның идеологиясын жариялап, оның негізгі бағыттары атағаны мәлім. Әділетті Қазақстанның идеологиясына – Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық жатқызылды.

Шыны керек, ТикТок осы идеологияға қайшы, әсіресе, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік бағыттарына қарсы жұмыс істейді.

"Оның үстіне TikTok-тағы тікелей трансляциялар, стримдер кезіндегі ұлттық менталитетімізге жат контенттер уайым туғызуда. Стримдердегі әйелдер киімін киген ерлер, еркектің қылығын жасаған қыз-келіндер, бет-әлпетіне ұятсыз сөздер жазған, құбыжық кейіпке енген "жұлдыздар" жастардың көзайымына айналуда. Жас ұрпақ ТикТокта сауатсыз комменттер мен бейәдеп сөйлеуге дағдыланып барады. Әлеуметтік желідегі араздасу желіден тысқа шығып, қантөгіске дейін жалғасуда. Масы бар, расы бар, ұлтаралық алауыздық тудыратын сөздер айтып, тіліне ерік бергендердің, оларды тауып жазалауға үгіттегендердің видеолары жиі-жиі кездесуде. Тікелей эфирде құмар ойындары еркін ұйымдастырылуда. Ниқаб, бұрқаға тұмшаланғандар да қалың аудиторияға еркін дәріс беріп отыр. Жат діни ағымдарға үгіттеп ілім беретін парақшалар самсап тұр", – деді Геннадий Шиповских.

Дамыған елдер былтыр TikTok қосымшасын шектеп, оны жаңа функцияларын қолданысқа енгізуге мәжбүр етті. Яғни, 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер үшін күніне 1 сағаттық лимит белгіленді. Лимиттен тыс пайдалануды қалағандарға арнайы код енгізу арқылы ұзарту мүмкіндігі қаралған. Ал 13 жасқа толмағандар үшін күніне 30 минут, ата-анасы немесе қамқоршысының рұқсатымен 1 сағатқа дейін шектелген.

Өкінішке орай, біздің елде мұндай шектеулер жоқ. Сынақ көрсеткендей, 13 жастағы қыз атына ашылған жаңа аккаунтқа небәрі 2,5 минут үшінде зиянды контенттер лап қойған. 10 жастағы баланың атына жаңа аккаунт аша отырып мұның шындық екеніне сенаторлар да көз жеткізді. Бұл TikTokтағы сүзгі механизмдерінің ұлттық заңнамамыз талаптарына сай істемейтінінің жарқын мысалы, дейді олар.

Қытайда жағдай мүлдем басқа: TikTok-тың өзіндік ерекше нұсқасы пайдаланылады. Ұлттық идеологияға қызмет ететіндей алгоритм негізінде 14 жасқа дейінгі қытайлық жасөспірімдер үшін тек күндізгі уақытта 40 минутқа дейін пайдалануға рұқсат етілген.

Үкімет не дейді?

Үкімет ТикТокты бұғаттамайтын болды. Ресми жауабына жүгінсек, Үкімет "қазіргі уақытта Қазақстан аумағында жұмыс істейтін интернет-ресурстар мен онлайн-платформалар "Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы" және "Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы" заңдардың талаптарын сақтап отырғанына" сенімді.

Бұзушылықтар анықталғанда, оларды жою туралы ескертулер жіберіледі. Платформалар бұғатталмайды, тек ондағы жекелеген материалдарға қол жеткізу ғана "сот тәртібімен не соттан тыс бұғатталады". Техникалық шараларды байланыс операторлары мен "Мемлекеттік техникалық қызмет" АҚ қабылдайды.

Статистика бойынша 2023 жылы 526 бұзушылық анықталыпты. 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша биыл 99 бұзушылық анықталды, 59 хабарлама хаты жіберілді.

Соның ішінде: көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін – 34; жиналысты, митинг, шеруді, пикеттерді ұйымдастыру немесе өткізу туралы – 16; сепаратистік қызмет туралы – 2; конституциялық құрылысты күштеп өзгертуді насихаттау – 2; ұлтаралық алауыздықты қоздыру – 45.

"Құқыққа қайшы контентті анықтау үшін тұрақты мониторинг  жүргізіледі. 2023 жылы 44 630 заңсыз материал жойылды, оның ішінде 10 142 заңсыз контент балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпарат болды. 2024 жылы – 3 432 материал жойылды: 2 137 бұзушылық – балаларға қатысты", – делінген Үкіметтің хатында.

Қазақстан бұғаттамауы үшін қытайлық желі Үкіметпен ынтымақтасуға барды: 2023 жылы Қазақстанда "ByteDance" компаниясына тиесілі TikTok ресми өкілдігі ашылды. Орталық Азиядағы мемлекеттік билік органдарымен жұмыс жөніндегі басшысы – Дмитрий Пылев.

"TikTok платформасын реттеу және пайдалану саласындағы халықаралық тәжірибе зерттелуде. Бірқатар батыс елдері оны пайдалануды бұғаттау немесе шектеу бойынша шаралар қабылдауда. Осыған байланысты интернет-ресурстар мен онлайн-платформалардың өкілдерімен бірлесіп, біздің ұлттық ерекшеліктеріміз бен қажеттіліктерімізді ескере отырып, оларды соған бейімдеу бойынша жұмыс кеңестерін өткізудеміз", – деп хабарлады Үкімет.

Онлайн кездесулерде жалған ақпаратқа тыйым салу, сондай-ақ оларды жою бойынша онлайн-платформалардың иелеріне қойылатын жаңа талаптар талқыланады.

ТикТокқа қатысты бастамалар осымен тұйықталып тұрған жайы бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу