БҰҰ: Украинадағы соғыс әлемдегі қайыршылар санын 1,7 миллиардқа жеткізеді

3824

Украина "астығымды жаппай ұрлап жатыр" деп Ресейді айыптады. Өз кезегінде Ресей Украинаның астық қамбаларын бомбалауда. Теңізде блокадаға ұшыраған жүздеген жүк кемесінде қыруар астық босқа шіруде.

БҰҰ: Украинадағы соғыс әлемдегі қайыршылар санын 1,7 миллиардқа жеткізеді

Біріккен Ұлттар Ұйымы әлемге төнген аштық қаупі күрт күшейгенін айтып, дабыл қақты. Дүниежүзінде азық-түлік тапшы екенін жаһандық ұйым соңғы жылдары жиі тілге тиек етіп жүр. Алайда Ресейдің Украинаға басқыншылық соғысы бұл проблеманы тіптен ушықтырыпты. Себебі бір жағынан, Украинадан астықтың кез келген түрінің экспорты күрт азайған. Екіншіден, бүкіл әлемді қымбатшылық жайлап, тамақ өнімдерінің бағасы рекордтық шамаларға шарықтады. Салдарынан, түрлі елдегі аз қамтылған отбасылардың табысы тамағына жетпейтін болды. Бұл туралы Римде жария етілген "Азық-түлік дағдарыстарымен күрес жөніндегі жаһандық желі баяндамасында" баяндалған.

БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы ұйымымен бірлесе әзірленген құжат авторларының байламынша, бұған дейін пандемия және карантиндік шектеулер кесірінен дүниежүзінің әр түкпірінде қайыршылар саны күрт көбейген еді. 2021 жылы 53 мемлекетте 193 миллионға жуық адам азық-түліктен өткір таршылық көріп, шұғыл көмекті қажет еткен. Бұл 2020 жылғыдан 40 миллион адамға көп.

Биыл тамақтан тарыққандар саны 400 миллионнан асыпты. Әсіресе, Таяу Шығыс, Африка, Азияның бірқатар елдерінде қалыптасқан жағдай үрейлі.

"Миллиондаған адамдардың өмірі қыл үстінде тұр", – дейді баяндамаға кіріспесөзінде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш. Оның бағалауынша, 2022 жылы адамзат үшін "сын сағаты" соққандай. Ресейдің Украинаға қарсы соғысы кесірінен азық-түліктің тапшылығы сыртында, энергетикалық және қаржылық дағдарыс туындауда.

Гутерриштің мәлімдеуінше, осы соғыстың салдары жер-жаһанда 1,7 миллиардтан астам адамның қайыршылануына соқтыруы мүмкін, деп жазады Deutsche Welle. Адамзат өз тарихындағы ауыр зұлматқа тап болғандай.

Соғыс пен санкциялар кесірінен Ресей де биыл бидай және басқа ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауды шектеді.

Оның үстіне ресейлік әскердің снарядтары мен авиабомбалары Украинаның астық қоймаларын жоюда. Мысалы, Reuters дерегінше, агрессорлар кейінгі апталарда Украинаның шығысында кем дегенде 6 астық қоймасын жарған.

"Басқыншының мұндай әрекеттері бүкіл әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Бұл – соғыстың тек Украинаға ғана емес, бүкіл адамзатқа қауіп төндіретінінің көрінісі", – деген америкалық шенеуніктің мәлімдемесін келтірді агенттік.

Оның айтуынша, әсіресе, Африка мен Таяу Шығыс елдері украиналық бидайдың экспортына тәуелді. Сондықтан ресейлік әскердің элеваторларды, азық-түлік қоймалары мен қорларын бомбалап, тас-талқан етуі дүниежүзіндегі ең осал елдерге соққы болады.

Украиналық бизнесмен, Луганск облысындағы "Голден Агро" компаниясының қожайыны Анатолий Деточка Си-Эн-Энге сұхбатында Рубежный қаласы маңындағы астық қоймасын Ресей әскерінің жермен-жексен еткенін әңгімеледі. Алып қойма 14 сәуірде атқыланған, ішінде мол өнім сақталғандықтан, екі апта бойы тоқтаусыз жанған. Ірі объекті 2 жыл бұрын ғана тұрғызылыпты. 5 миллион долларға түскен.

"Соққы жасалған күні оның ішінде 17 мың тоннадай бидай, 8,5 мың тоннадай күнбағыс пістесі сақталды. Өнімнің жалпы құны 13 миллион доллар. Басқыншылар бұл нысанға қасақана соққы берді, себебі ол маңда басқа ғимараттар, әскери нысандар жоқ", – дейді А.Деточка.

Күтпеген жерден, таң азанда бес бағыттан баса-көктей кірген агрессорға Азов және Қара теңіздердегі алып танкерлер мен кемелер де ұсталып қалды. Германия баспа агенттігіне (DPA) сұхбатында БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы бөлімінің директоры Мартин Фрик хабарлағандай, осының кесірінен украиналық порттарда шамамен 4,5 миллион тонна бидай не әрі, не бері жылжи алмай, қамалып қалды.

"Қазіргі кезде жергілікті порттар мен кемелерде 4,5 миллион тоннадай бидай жатыр. Олар енді пайдалануға жарамауы мүмкін", – деген М.Фрик Ресей әскери кемелері үнемі атқылайтындықтан, ол жерден қызметкерлер эвакуацияланғанын жеткізді. Қараусыз жатқанға ұқсайды. 

Бұған қоса, БҰҰ дерегіне сілтеме жасап, The Guardian хабарлағандай, Украинада 25 миллион тонна бидай халықаралық нарыққа шыға алмай, бұғатталып қалды. Бұл да әлемдегі азық-түлік бағасының қымбаттауына ықпал етуде. Өткен жыл соңында УР Аграрлық саясат және азық-түлік министрі Роман Лещенко республиканың рекордтық астық жинағанын жариялаған еді: бидай, бұршақ және майлы дақылдардың 106,6 миллион тоннасын қамбаға құйды. Салыстыру үшін келтірсек, Украинадан 4,5 есе көп жері бар Қазақстан 2021 жылы бидай, бұршақ және майлы дақылдардың жалпы көлемі 18,8 миллион тоннасын ғана жия алды.

"25 миллион тонна бидай Украинада тұтылып қалды. Өйткені экспорттың ең басты дәліздері саналатын Қара теңіз порттары, соның ішінде Мариупольдің бұғатталуы және инфрақұрылымының бұзылуы кесірінен ол жақтағы бидайды жөнелту мүмкін болмады. Бұл бұғаттау азық-түлік бағасының рекордтық шамаларға дейін қымбаттауына түрткі болған факторлардың бірі", – деп жазады The Guardian.

Халықаралық астық кеңесінің дерегінше, соғыс басталғанға дейін Украина жүгері бойынша дүниежүзіндегі 4-ші, ал бидай бойынша – 6-шы ірі экспорттаушы саналды.  

Қазіргі кезде жергілікті аграршылар майданнан алыс өңірлерде, шамамен 6 миллион гектар алқапқа көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге кірісті. Алайда БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) бас директорының орынбасары Йозефа Шмидхубердің пікірінше, егіншілер тағы бір тосын проблемаға тап болды: егер таяу уақытта соғыс тоқтап, экспорт жанданбаса, элеваторлар мен қоймалар бидайға лық толық тұрғандықтан, әрі жаңа астық сақтау кәсіпорындарын салу мүмкін болмайтындықтан, жаңа астық далада босқа шіруі ықтимал.  

Дегенмен өз қоластына көшкен аумақтарда Ресей астық қоймаларын белсенді түрде "босатып" жатыр деген дерек тарады. Украинаның Аграрлық саясат және азық-түлік министрінің орынбасары Тарас Высоцкий: "Ресей Украинаның оккупацияланған аудандарынан бидай қорының үштен бірін ұрлап алды" деп дабыл қақты. Шынында, ғаламторда астық тиелген алып көліктер керуенінің Украинадан Қырымға ағылып жатқаны түсірілген видеороликтер қаптап кетті.

"Ресей оккупацияланған аумақтарымыздан бидай қорларының шамамен үштен бірін алып кетті. Бұл 400 мың тоннадай өнім. Олар Херсон, Запорожье, Донецк және Луганск облыстарында сақталып келген бидай", – деді вице-министр.

Ол ХХ ғасырдың 30-шы жылдарындағы алапат ашаршылық та осылай басталғанын еске салды.

"Басқыншылар ХХ ғасырдың басындағы қарекеттерін қайталай бастады, сонда Украина жерінен барлық астық күштеп әкетіліп, азықтан тарыққан халық аштан қырылған еді. Биыл соғыс басталғанда уақытша оккупацияланған аумақтарымызда 1,3 миллион тонна бидай қалып қойды. Ол – экспортқа емес, бірінші кезекте жергілікті тұрғындардың күнделікті мұқтаждығын, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, фермерлердің егіс жұмыстарына арналған. Ешқандай стратегиялық қор ол аумақтарда болған емес. Отарлаушылар оның бәрін тасып әкетсе, халық тамақсыз қалады", – деп қамығады Т.Высоцкий.

Аграрлық министрліктің болжамынша, ресейліктер әр облыстан 100 мың тоннадан астам бидай жөнелтіп үлгерген. Егер "олар бұл өңірде ұзағырақ қалса, онда барлық қорды тақұл-тұқыл етіп, тасып алады".

"Мұндай жағдайда азық-түлік тапшылығы туындап, Украина тұрғындарына қайтадан ашаршылық қаупі төнуі мүмкін", – деп түйді биік лауазымды шенеунік.

Мәскеу "Арнайы әскери операциясын" бастағанға дейін Ресейдің жаһандық астық нарығындағы үлесі 16%, ал Украина үлесі – 10% болатын. Украина әлемде жүгері экспорты бойынша көшбасшы болды: жаһандық нарықтың 14%-ын жалғыз өзі иемденген (Ресейдікі – 2%). Ресейлік және украиналық жеткізушілер күнбағыс майының 80%-ын (!) қамтамасыз ететін. Енді қос алпауыт ол үлестерін жоғалтуда. Киев бидай экспортының бір бөлігін шетелге жөнелтудің баламалы жолдарын қарастыруда. Бидайды Румыния порттарына дейін теміржолмен таси бастады. Бірақ бұл бағыттың өткізу қуаттылығы шектеулі.

АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің Шетелдік ауыл шаруашылығы қызметінің дерегінше, олардан босаған нарықтарды Еуроодақ елдері (бұған дейінгі үлесі 18% болған), Австралия (13%), АҚШ (11%) және Үндістан (5%) игеруге тырысып жатыр.

Ресей жері арқылы ұзақ жылдар бойы тасымалы тұсалған Қазақстанға да шетелдік импорттаушылардан өтініш түсіп жатыр. Алайда ел Үкіметі бар астық шетелге кетіп, елде тапшылық пен қымбатшылық туындамауы үшін екі айға шетелге бидай сатуға шектеу қойып тастады. Яғни, 15 маусымға дейін астықшылар тек 1 млн тонна бидай ғана өткізе алады.

Айтқандай, CNN Ресей әскерінің Украинадан ауыл шаруашылығы техникаларын да "ұрлап жатқанын" хабарлады. Мысалы, олар өздері басып алған Мелитополь қаласындағы "Джон Дир" комбайндары мен өзге техникаларын Ресейге жөнелткен. Америкалық ауыл шаруашылығы техникасы қалпымен электроникаға толы. Сондықтан өндіруші ол техниканы GPS арқылы қашықтан ағытып тастады. Нәтижесінде қарақшылар бірде бір көлікті пайдалана алмады: мәселен, 700 шақырым жүріп барған, жалпы құны 5 млн долларға бағаланған машиналар Грозныйдағы ферманың қоймасында қаңтарылып тұр.

"Джон Дирдің" АҚШ-тағы желісі "агенттіктің Мелитопольдағы ауыл шаруашылығы техникаларын ұрлауды әскерилер әскери көлікті пайдалана отырып, ұйымдасқан түрде жүзеге асырып жатқанын" мәлімдеді. John Deere 1 комбайнының бағасы 300 мың доллар тұрады. Ресейліктер шетелдік техниканың тілін білетін мамандарды тауып, олардың тетіктерін бұғаттан босатудың амалын іздеуде екен. Тіпті ауыл шаруашылығы техникасын "азат" ете алмағанның өзінде оны шашып тастап, бөлшектеп сатып, пайда таба алады.

Интернеттегі видеороликтерде латынша "З" әрпі және ресейлік әскери бөлімшелердің эмблемасы түсірілген әскери-бортты жүк көліктерінің ауыл шаруашылығы техникасының түр-түрін тасып жатқаны бейнеленген. Қарғыс атқан соғыстың қоғам мен мемлекет өмірінің барлық қырына, бизнестің бүкіл түріне зиян-залал тигізетіні кезекті рет паш етілді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу