Репрессия құрбандарын ақтайтын мемкомиссия құрамы жарияланды

5455

Комиссия құзыры төтенше зор: ол жабық архивтерді де ашады.

Репрессия құрбандарын ақтайтын мемкомиссия құрамы жарияланды

"Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы" Жарлық жобасы Қазақстан Президентінің қарауына енгізілетін болды. Құжатты Білім және ғылым министрлігі жазып шыққан.

Айта кету керек, 2020 жылғы 30 мамырда "Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне" орай халыққа үндеумен қайырылған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәл осы мемкомиссияны құру туралы Үкіметке тапсырма берген болатын. БҒМ-ның мәліметінше, 21 мамырда Президент Әкімшілігінде (ПӘ) бастаманың егжей-тегжейі талқыланып, тиісті тапсырма жүктеліпті.

Министр Асхат Аймағамбетов осы шара бюджеттен шығын шығаруды талап етпейтінін жеткізді. Бұл тауар сатып алуды, қызмет түрлерін жалдауды, зияткерлік меншік құқықтарын иеленуді қарастырмайды.

Алайда осы науқан қоғам арасында қызу пікірталас, тіпті тайталас тудыруы ғажап емес. Себебі, ХХ ғасыр басында халыққа зорлық көрсетіп, ауылдарды қынадай қырған, қазақтың бай-бизнесмендерін, игі-жақсыларын сотсыз-тергеусіз атып тастаған жергілікті шолақ белсенділер де, сондай-ақ жатжұрттық жендеттер де кейін өздері саяси қуғынға ілігіп, атылып кеткені мәлім. Қаскөйлердің аттары, "қара тізімі" баспасөз беттерінде ашық жарияланбағанымен олардан жәбір көргендердің кейінгі ұрпағы ұмытпай, есте ұстап жүр. Сондықтан сарапшылар байламынша, толық ақтау акциясы жазылмаған ескі жараның бетін тырнап, халықты жікке бөлуге соқтырмауы керек. Яғни, барынша байыптылық қажет.

Сол себепті мамыр айынан бері қоғам үлкен құзыры болатын мемкомиссия құрамына қандай адамдар кіреді екен деп тағатсыздана күткен, жорамал құрған. Неге екені белгісіз, БҒМ сол құрамдағы тұлғалардың аты-жөнін жария етпеді. Тізімде тек ресми лауазымы ғана көрсетіліпті. Біз соны негізге ала отырып, аты-жөндерін анықтадық.

Аса құпия архив қорларын қопарады

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның құзыр-өкілеттігі ғаламат болады: біріншіден, оның мүшелері мемлекеттік құпиямен жұмыс істейді. Тиісінше, отырыстарда айтылған жайттар жөнінде ресми рұқсатсыз сыртқа тіс жара алмайды.

Екіншіден, егер ХХ ғасыр соңындағы ұқсас комиссия Парламенттің – Жоғарғы кеңестің жанынан құрылса, ал қазіргі комиссия Президент жанындағы консультативтік-кеңесші органға айналады.

Үшіншіден, оның мүшелері Президенттің, ІІМ-нің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, прокуратура органдарының және өзге де мекемелердің архивтеріндегі жабық қорларды қопарады. Жұмыс қорытындысында "аса құпия" грифі соғылған материалдардың көбі комиссия мүшелері үшін ғана емес, зерттеушілер мен ұрпақтар үшін қолжетімді етіледі деп көзделуде.

Төртіншіден, оның мәртебесі жоғары болады: Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың өзі мемкомиссия тізгінін қолына алады.

Бесіншіден, комиссия құрамы кең: ол ғалымдардан, меморгандар басшыларынан, ұлттық және мемлекеттік мұрағаттардың жетекшілерінен, қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен тұрады.

Алтыншыдан, ол тек атылып кеткендермен және елімізде қалғандармен ғана шектелмейді. Шетелге қашқан, мәжбүрлі жер аударылған азаматтар ісімен де айналысады. Демек, халықаралық деңгейде жұмыс істемек.

"Комиссия жазықсыз сотталған және саяси қуғын-сүргінге, өмірі мен бас бостандығынан айыруға, психиатриялық мекемелерде мәжбүрлеп емдеуге, елден аласталуға және саяси нанымдар, таптық, әлеуметтік, ұлттық, діни немесе өзге де қатыстылығы бойынша құқықтар мен бостандықтарын шектеуге ұшыраған тұлғаларды ақтау процестерін ғылыми зерделеу және жүргізу әдіснамасын анықтайды. Бұдан бөлек, құқықтық ғана емес, сонымен бірге саяси оңалтуға жататын қуғын-сүргін құрбандары санаттарын: Қазақстанның бостандығы, тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы үшін күресушілердің; идеологиялық, ғылыми, шығармашылық, рухани-мәдени құндылықтары мен сенімдері үшін қуғын-сүргінге ұшырағандардың толық тізбесін айқындайды", – делінген мемкомиссия ережесінде.

Жетіншіден, ақталатындар тізімін қалыптастырумен мемкомиссияның жұмысы аяқталмайды. Ары қарай меморгандардың саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау қызметін үйлестіреді, ақталған тұлғалардың құқықтарын қалпына келтіруде әдістемелік және құқықтық көмек көрсетеді.

Сегізіншіден, арнайы мембағдарлама қабылданады: "Мемкомиссия саяси қуғын-сүргін құрбандарын, оның ішінде Қазақстанның бостандығы, тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы үшін күресте ерлік көрсеткен адамдарды мәңгі есте қалдыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны қабылдауды қамтамасыз етеді", – делінген ережеде.

Тоғызыншыдан, комиссия аясында қуғын-сүргін құрбандарының әртүрлі санаттарын оңалту жөніндегі әдіснаманы әзірлеу үшін кіші комиссиялар, сондай-ақ қызмет бағыттары бойынша ұсыныстар енгізу, жиналған материалдарды жинақтау үшін жұмыс топтары құрылады.

Оныншыдан, енді архивтердің жабық қорларын ашу және саяси қуғын-сүргінге байланысты материалдарды құпиясыздандыру туралы шешімдерді де осы мемкомиссия қабылдайды.

Қорыта айтқанда, бұл оқулықтарға кіретін тарихи оқиға болғалы тұр.

Комиссия құрамына кімдер енді?

Мемкомиссия жарты жылда кем дегенде бір рет жиналып отырады. Шешім консенсус, яғни бәрінің келісімімен емес, жиналған мүшелердің басым көпшілігінің қолдап дауыс беруімен қабылданады. Егер дауыстар тең түссе, төрағаның дауысы шешуші болсын деп ұсынылды.

Комиссияның жұмысшы органы – Білім және ғылым министрлігі болады.

Сонымен, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның құрамына келесі тұлғалар ұсынылып отыр:

  • Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, мемкомиссия төрағасы;
  • Вице-премьер Ералы Тоғжанов, төрағаның орынбасары;
  • "Nur Otan" төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, төрағасының орынбасары;
  • Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, төрағаның орынбасары;
  • Президент көмекшісі Тамара Дүйсенова;
  • Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов;
  • Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев;
  • Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев;
  • Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева;
  • Әділет министрі Марат Бекетаев;
  • Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова;
  • Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Бағдат Мусин;
  • Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары–хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев;
  • ПӘ Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Нұргүл Мауберлинова;
  • Жоғарғы соттың Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашид Жүкенов;
  • Бас прокурордың бірінші орынбасары Берік Асылов;
  • Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов (1920–30 жылдардағы халық көтерілісіне қатысушы құрбандардың ақталуын зерттеуші, тарих ғылымдарының кандидаты);
  • БҒМ-ның Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов;
  • ҚМАУ "Рухани жаңғыру" орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Хангелді Әбжанов;
  • Абай атындағы ҚҰУ "Айтылған тарих" ғылыми-зерттеу орталығының директоры, т.ғ.д., профессор, ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелдиев:
  • "Ұлт тағдыры" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дос Көшім;
  • Қарағанды облысы Ұлытау ауданының әкімі Берік Әбдіғали;
  • Еуразиялық интеграция институтының директоры Ерлан Сайыров;
  • Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, академик Дихан Қамзабекұлы;
  • М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ҚХА кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Людмила Гривенная;
  • Орталық Азияның дәстүрлі өркениеттерін зерттеу жөніндегі орталықтың директоры, т.ғ.д. Талас Омарбеков және басқалар.

Бұған қоса, осы қатарға келісім бойынша Президент Әкімшілігі басшысының бір орынбасары, Сенат және Мәжіліс депутаттары, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандары қауымдастығының және басқа да қоғамдық ұйымдардың басшылары, ЖОО профессорлары кіреді. Бұл ретте лауазымды тұлғалардың қызметінен кетуі, биліктегі ауыс-түйіс нәтижесінде комиссия құрамы да өзгеріп отыруы мүмкін.

Комиссия міндеті, ақырғы межесі – Қазақстандағы "саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық құқықтық және саяси ақтап шығып", "саяси қуғын-сүргін және заңсыз қудалау құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмысын аяқтау", осы мәселеге түбегейлі нүкте қою.

Жанат Ардақ

Фото: z-taraz.kz

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу