Былапыт сөз беделінен айырды

2872

"Боқмұрын" дегені үшін білікті маман жұмыстан кеткен. 

Былапыт сөз беделінен айырды

Кеңес кезінде билік пен қаталдық – синоним болатын. Үстелді жұдырығымен бір қойып, зілдене сөйлей білмейтін адам бастық та бола алмайтын. Бала кезімізде ересектердің аудан не совхоз директоры туралы "мықты басшы, қатты адам" деп сыйлай, ыға сөйлейтінін естуші едік. Тіпті, тура 60 жыл бұрын КСРО басшысы Никита Хрущев БҰҰ сессиясында батыс елдерін сөгіп, сыбап, қызды-қыздымен бәтіңкесін шешіп алып, мінберді ұрғылағанда, кеңес халқы мұны есалаңдық деп емес, "қарсыластарды орнына қою, күш көрсету" деп қабылдады.

Қазір заман басқа, заң басқа. Бүгінгі қоғам басшылардың қатыгездігі мен боғауыз сөзді орнымен қолдана алуын емес, біліктілігі мен қарапайымдылығын қажет етеді. Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінде де қоғамның осы сұранысы ескерілген.

Рас, кейде қудалау кезінде биліктің артық кететін жерлері де кездеседі екен. Мысалы, квазисектор маманы Тұрсынбек Қуанышбаев біліктілігі төмен маманның тірлігіне күйініп айтқан сөзі үшін "күйді".

"Ақтөбе өңіраралық сот сараптамалар орталығының сарапшысы С.Сүйімбаева өзінің психологиялық-филологиялық қорытындысында "боқмұрын" деген қазақтың қалыпты сөзін "адамның ар-намысын, қадір қасиетін түсіретін, әдепсіз түрде кемсітіп қорлайтын сөз" деп шешім шығарды. Мен жауапкершілігі шектеулі серіктестікте қызмет істеп жүргенде бұл сөзді қызметке тұрғанына небәрі 12 күн болған, менен 10 жас кіші қызметтес әйел адамға аффект жағдайында айтып қалдым. Бірақ ол менің боқмұрын деген сөзімді жасырын түрде диктофонға жазып алыпты. Артынан сотқа талап-арыз берген", – дейді ол.

Судья шешім шығармас бұрын алдымен бұл сөздің шынымен де былапыт сөзге жататынын растап алмақ болып, сот сараптама орталығына жолдайды. Ал сарапшы бір сөздің маман тағдырын шешіп кететінін ескерместен, әлгіндей қатаң қорытынды берген.

Т.Қуанышбаев ауыр шешімді естігенде ауырып қалды. Сондықтан уақытында қолына алмаған. Тек жағдайы түзелген соң, Әділет министрлігіне өтініш жазыпты. Ол әділет министрі Марат Бекетаевтан "боқмұрын" деген қазақ сөзіне "кемсітіп қорлайтын сөз" деп байлам жасаған сарапшыға қатысты қызметтік тексеру жүргізуді сұрады. Өйткені соның негізінде Ақтөбе қалалық №2 соты айыптау қаулысын шығарған.

Өз кезегінде Әділет министрлігі бұл арызды Сот сараптамалары орталығына кері бағыттады. Орталық оған жан-жақты жауап беру үшін өтініште баяндалған дәлелдерге тексеру жүргізілетінін хабарлады. Оның қорытындысы туралы шағым иесін кешірек құлағдар етеді.

Бұл сөзге қатысты форумдарда пікір білдірген тіл мамандарының пікірі әртүрлі: бірі – дөрекі сөз десе, екіншісі "әлі мұрынбоғын сүрте алмайтын балақайға" айтылатын әдеттегі ұғым деген тұжырым айтады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу