Былтыр 13 адам шетелдіктердің қолынан өлген

1453

20 мыңнан астам шетелдік шекарамызды заңсыз кескен. 

Былтыр 13 адам шетелдіктердің қолынан өлген

Пандемияға байланысты шектеулер болғанына қарамастан 2020 жылдың тоғыз айында 20,7 мың шетелдік елімізге заңсыз кіргені үшін жауапқа тартылған, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссиясы Қазақстандағы адам саудасы туралы арнайы баяндама жариялады. Осы құжатта елімізге былтыр кірген шетелдіктер туралы бірталай мәлімет айтылған.

"Бүркіт" бірыңғай ақпараттық жүйесінің мәліметтері бойынша 2020 жылдың 9 айында Қазақстанға  1 млн 915 мың  шетелдік келген. Келушілердің жалпы санының 90%-ы – ТМД елдерінің азаматтары. Оның ішінде Өзбекстаннан – 852 мың (45%), Ресейден – 452 мың, Қырғызстаннан – 263 мың және Тәжікстаннан - 169 мың адам кірген. Сондай-ақ,  Түркиядан 35 мың, Қытайдан 11 мың, Үндістан 7,1 мың және Германиядан 7,7 мың азамат келген.

Көші-қонды бақылаушы органдар  9 айда 20,7 мың көші-қон заңнамасын бұзушыны әкімшілік жауапқа тартқан. Оның 1,7 мыңы елден шығарылған. Олар енді 5 жыл бойы Қазақстанға аттап баса алмайды.

Көші-қон заңнамасын бұзушылардың көбі –  Өзбекстан азаматтары (6186). Одан кейінгі орындарда Ресей (2117) және Қырғызстан (562) азаматтары. ТМД-дан тыс елдердің ішінде Қытай азаматтары жиі заң бұзатыны айтылған. Бұл елдің 268 азаматы әкімшілік жауапқа тартылған. Сондай-ақ, 79 Моңғолия азаматы, 191 Түркия азаматы,  59 Ауғанстан азаматы заңсыз кірген.

Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру фактілері бойынша 70 қылмыстық іс қозғалған.

9 айда 1074 шетелдік қылмыс жасаған

Шетел азаматтарының қолымен жасалатын қылмыстар да толастамай тұр. Мұндай әрекеттері үшін 1074 шетелдік қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Оның ішінде кісі өлтіру бойынша – 13, денсаулыққа ауыр зиян келтіру бойынша – 39, зорлау бойынша – 14, ұрлық бойынша – 498, қарақшылық бойынша – 9, бұзақылық бойынша – 47, алаяқтық бойынша – 108, тонау бойынша – 50 шетелдік істі болған.

Прокуратура органдары заңсыз көші-қон фактілерінің алдын алуды осы салаға жауапты мемлекеттік органдардағы заңсыздықтарды әшкерелеуден бастап отыр. Мәселен, Бас прокуратура Жамбыл облысы Ішкі істер департаментінің 2013-2018 жылдардағы қызметіне азаматтық және көші-қон туралы заңнаманы қолдану мәніне тексеру жүргізіп, көші-қон заңнамасын бұзудың көптеген фактісін анықтаған.

Жамбыл өңірімен шектесіп жатқан елдердің азаматтарын кіргізу ісінде делдалдық жасаған  департаменттің бір бөлім бастығы Қымыстық кодекстің 394-бабы 2-бөлігі бойынша 7 жылға сотталды. Департаменттің тағы екі маманы осыған ұқсас әрекеттері үшін  3 жылға бас бостандығынан айырылды",– деп жазылған арнайы баяндамада.

Қазақстанда неше шетелдік тұрып жатыр?

2020 жылдың 9 айында мемлекеттік органдар еңбек көші-қонына қатысушылардың өтінішімен 257 169 рұқсат рәсімдеген. Нақтырақ айтсақ, 135 883 адам бірінші рет рұқсат рәсімдетсе, 121 286 адам рұқсатының мерзімін ұзарттырған.

"Осы шаралардан ел бюджетіне 3,2 млрд теңге түсті",– деп жазылған құжатта.

Баяндама авторларының мәліметі бойынша, бүгінде Қазақстанда 143,1 мың шетелдік тұрып жатыр. Оның 30,5 мыңы – қандастар, 15,2 мыңы –шетелдік балалар, 7,1 мыңы – азаматтығы жоқ адамдар.

Шетелдіктердің ең көп саны РФ азаматтарына тиесілі – 64,9 мың (оның ішіндегі қандастар – 7,2 мың), Өзбекстан – 25,6 мың (қандастар – 8,9 мың), ҚХР – 12,6 мың (қандастар – 10,3 мың), Қырғызстан – 9,4 мың (қандастар – 424), Әзірбайжан – 4,9 мың (қандастар – 3). Басқаша айтсақ, Қазақстан аумағында 57,7 мың шетелдік орыс, 16,7 мың өзбек, 2300 қытай, 9000 қырғыз, 4,9 мың әзербайжан жүр деген сөз.

Өткен жылдың 9 айында 166 863 адам жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алса, соның 14 944-і қандастар болған. Яғни,  ұлты өзге  151 919 шетелдік азаматтық алған. Оның ішінде Президент Жарлығымен 618 адам қабылданған. Сондай-ақ, 6 966 адамға ҚР азаматтығынан айырылған. Оның ішінде 398 адам қос азаматтық фактісі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

2020 жылдың 9 айында 491 босқын тіркелген. Оның ішінде 234 әйел, 257 ер адам босқын ретінде есепте тұр. 18 жасқа дейінгі 180 бала босқынның күйін кешуде.

Визасыз режимнің әлегі

2017-2018 жылдары ішкі істер органдары мигранттар үй шаруашылығындағы еңбек қызметіне рұқсат алу үшін 26 мыңнан астам жалған медициналық анықтама ұсынғанын әшкерелепті. Рұқсат алғаннан кейін аталмыш тұлғалардың басым бөлігі құрылысшы, аспаз, даяшы ретінде жұмысқа орналасып отырған.

"Мұндай жағдайға ішкі істер органдары мен денсаулық сақтау мекемелері қызметкерлерінің қатарындағы сыбайлас жемқорлық ықпал етуі мүмкін",– делінген комиссияның баяндамасында.

Бүгінде Қазақстан 73 мемлекетпен визасыз режим орнатқан. Оның ішінде 54 елге біржақты тәртіппен визасыз режим берілсе, 19 елмен екіжақты негізде келісімдер жасалған. Бұл қазақстандықтардың еркін жүріп-тұруына жақсы болғанымен, заңсыз көші-қонмен күресушілерге ауырлық туғызатын көрінеді.  

Яғни, жергілікті атқарушы органдар еңбек мигранттарының ағынын игере алмай, салдарынан жайма базарларда, құрылыстарда, плантацияларда шетелдіктердің еңбегін заңсыз пайдалану белең алған.

Тән саудасы мен тін саудасы

Соңғы 3 жылда өзгені саудаға салған 242 адам сотталған.  Адам саудасымен және ілеспе қылмыстармен айналысатын бес ұйымдасқан топ әшкереленген.

2019 жылы полиция органдары Катарда, Индонезияда, Бахрейнде, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Түркияда және Оңтүстік Кореяда қанау мақсатында Қазақстаннан азаматтарды әкетудің 7 арнасын жойған.

Бахрейнде қазақстандық әйелдер мен қыздарға жалақысы жоғары жұмыс туралы уәде беріп, жезөкшелікке салған қылмыстық топ ұсталды. Осылайша, Қазақстанның 21 азаматы сексуалдық құлдықтан босатылды. Сондай-ақ, Өзбекстан мен Қырғыз мемлекетінен шетелдіктерді елге әкелудің екі арнасы жойылған.

2020 жылы Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаменті Қазақстан аумағында адам ағзалары мен тіндерін сатумен айналысқан Израиль, Қазақстан, Қырғызстан және Украина азаматтарының ішінен трансұлттық топтың үстінен қозғалған тергеуді аяқтады. Қазір бұл істі сот қарап жатыр.

Есжан Ботақара

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу