Өңірде соңғы айларда азық-түлік пен құрылыс заттарының бағасы күрт қымбаттады. Бұрындары зейнетақы көтерілсе, базар бағасы да құбылады дейтін көпшілік. Ал бүгіндері азық-түлік бағасы пандемия басталғалы аспандап кетті. Өйткені кез-келген тауардың бір жыл бұрынғы бағасын қазір кездестіруіңіз қиын. Сала басшылары болса бұған бірнеше себеп бар дейді. Мәселен жұмыртқаның қымбаттауына құс тымауы, картоп құнының өсуіне маусымаралық кезең әсер етіпті. Олардың сөзінше сауда айналымы бір-бірімен тығыз байланысты екен.
"Өнім түрлерінің көбісі басқа облыстар мен Ресейден келетін болған соң олардың құнына жеткізу мен жанармай бағасы да кіреді. Біз осыған дейін жұмыртқа мен күнбағыс майына шекті баға енгіздік, енді қырыққабаттың келісін 85 теңгеден асырмау туралы қаулы әзірлеп жатырмыз", - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнұр Тілеулеева.
Қазір тұрақтандыру қорында 819 тонна өнім бар. Бүгінде облыстағы 29 әлеуметтік дүкен мен 5 супермаркетте халық көп тұтынатын азық-түлік базар бағасынан төмен сатылуда дейді жауаптылар.
"Әлеуметтік дүкендерде картоп 145 теңге, ал базарда орташа бағасы 240 теңге. Күріш 170 теңге, макарон өнімдері 200 теңге, тауықтың сан еті 680 теңге, сүт 280 теңге және жуа 64 теңгеден сатылып жатыр", - деді "Байқоңыр" ӘКК" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Талғат Жақыпбаев.
Соңғы уақытта азық-түліктен бөлек құрылыс заттары да қымбаттаған. Оның ішінен темір бағасына үңіліп көрдік. Мәселен 1 тонна қара темір осыған дейін 300-366 мың теңге аралығында болса, қазір ол 680 мың теңгеге жеткен. Қақпа жасаумен айналысатын кәсіпкер Бекарыс Арыстанов халық тарапынан сұраныс бәсендегенін айтады.
"Бағаның шарықтауы әбден шегіне келді десем болады. Бұрындары 300 мың теңгеден алатын металдарымыз қазір 600 мың теңгеден асып кетті. Амалсыз бағаны біз де көтеріп жатырмыз. Бұрынғы 170-180 мың теңгеден жасайтын қақпаларымызды қазір 300 мың теңгеден бағалап отырмыз. Бұрынғы бағалармен сатайық десек, біздің шығындарымызға, жұмысшылардың жалақысы мен еңбегімізге сәйкес келмейді. Мысалға ең арзаны 160 мың теңгеден жасаған қақпалар 270 мың теңге болды. Жыл сайын 30-40 адамға дейін жұмыспен қамтитын едік. Биыл темірдің қымбаттауына байланысты 10 адамға дейін қысқарттық", – деді кәсіпкер.
Нұрбек Дәуренбеков