Мемлекет карантинде шарықтап кеткен азық-түлік бағасын реттей алды ма?

Сарапшылар алдағы уақытта да баға өседі деп болжайды.

Мемлекет карантинде шарықтап кеткен азық-түлік бағасын реттей алды ма?

Карантинге дейін-ақ тамақ өнімдерінің бағасы жылды қымбаттаумен бастады. 2020 жылдың алғашқы аптасында әлеуметтік маңызы бар(19 атаулы түрі кіреді) азық-түлік айлық мөлшермен +0,1%-ға өскені туралы energyprom.kz хабарлаған. Оның ішінде жарма 1%,  жұмыртқа 0,7% , сүзбе 0,6%, май мен пияз 0,5%, картоп пен сәбіз  0,4%-ға қымбаттады. 

Сол тұста Ұлттық банк азық-түлік бағасының өсуін елдегі инфляция деңгейінің жоғарылауына да ықпал етіп отырғанын айтқан еді. Атап айтқанда ет, нан өнімдері, жылдық өсіммен 3,4% және 15,5%-ға өскені әсер еткен. Реттеуші бұған қарамастан инфляция деңгейі 4–6% аралығында қалатынын мәлімдеген. Алайда сәуір айында көрсеткіш 6,8%-дан асты. Мамырда 6,7% деңгейінде болды. Бұған да азық-түлік бағасының қымбаттауы әсер еткен. Яғни, мамыр айында ғана тамақ бағасы жылдық мөлшермен  10,7%-ға өскен. Бұған дейін бағаның осылай шарықтауы 2016 жылдың қазан айынан бері байқалмаған. Елдегі бас банк бұдан кейін биылға арналған болжамды өзгертіп, 2020 жылдың соңындағы инфляция деңгейі 8-8,5% аралығында болады деп белгіледі. 

Экономист Мақсат Халықтың пікірінше тұтыну көлемінің артуына адамдардың карантин кезінде үйде отыруы, азық-түлік бағасының өсуіне сұраныстың артуы мен сырттан келетін өнімдерді жеткізудің баяулауы себеп. 

"Карантин басталған наурыз айында баға бірден көтерілді. Бұған себеп 9 наурызда ОПЕК+ елдерінің келісімге келе алмауы салдарынан мұнай бағасы құлдырап, кейін теңге құны түсті", - дейді сарапшы. 

Артынша сол кездегі бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин "елімізге коронавирус жұқтырған алғашқы науқастар тіркелетіні" туралы мәлімдеме жасады. Осыдан соң теңге құнсызданады, баға өседі, азық-түлік тапшылығы болады деген қауіппен халық дүкендерде сұранысқа ие барлық затты алуға тырысты. Мысалы, ең ірі сауда желісінің бірі "Магнумның" 69 дүкенінде сатып алушылар легі 15%-ға өскен. Сұраныстың артуынан қант, макарон өнімдері тапшы болып, теңге құнының түсе бастауына байланысты бағасы одан әрі өсті. 

Сол тұста Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасы жүргізген мониторингке сәйкес қант бірден 12%, картоп 10%, ұн бағасы 5%-ға өскен.  

Ұлттық тұтынушылар лигасының президенті Светлана Романовская БАҚ-қа берген сұхбатында тамақ бағасы 15% өскенін айтты. Бұған алып-сатарлардың да ықпалы тигені анық. Тіпті бұл мәселеге Президент те назар аударып, бағаны заңсыз өсіріп жатқандар бар, мемлекет оны реттеуі тиістігін мәлімдеді. Дүкендер бос, жүгіріңдер деген жалған ақпараттың да толассыз тараған тұсы осы кез. Бағаның өсуі Қазақстанның барлық аймағында байқалды. 

Сәуірдің басында мемлекет бағаны реттеуге тырысты. Сауда, ауылшаруашылығы және Ұлттық экономика министрліктері бірлескен бұйрық шығарып, карантин кезінде әлеуметтік маңызды азық-түліктің шекті бағасын белгіледі. Мысалы, Алматыда 64 атаулы, 19 түрлі тауар бағасын өсіргендерге айыппұл  белгіленді.  Күріш 310 теңге, ұн  211 теңге, жарма  339 теңге, нан 80 теңге, жұмыртқа, тұз 59 теңгеден аспауы керектігі нақтыланды. Дүкендер де бұл бағадан аспайтынын хабарлады. Алайда ҚР Статистика комитетінің есебіне сүйенсек сәуірде жылдық мөлшермен бағаның 10,4%-ға өскені белгілі болды. Тек қант арзандап, нан, сүт өнімдері, кондитерлік өнімдер мен жеміс, көкөніс, алкогольдік заттар қымбаттаған. Статистика комитетінің есебінше жарма 349 теңге, күріш 373 теңге, нан 132 теңге болған. 

Наурыз бен сәуірдегі өсім мамырда да тоқтаған жоқ. Керісінше үдей түсті. Статистика комитетінің мәліметінше азық бағасы мамырда айлық өсіммен 1,2%, жылдық мөлшермен 10,7%-ға өсті. Бұл 2016 жылдың қазанынан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Ұлттық банктің инфлияция туралы жылдық болжамды өзгертуге шешім қабылдағанына  осы статистиканың да әсері болғанын  жоғарыда жаздық. Мамырда барлық азық бағасы өсіп, тек жемістің ғана бағасы түскені байқалған. Алайда бұған тек маусымдық өнім алу кезеңі себеп болды. Статстика комитетінің есебінше мамырда жарма 356 теңге, күріш 373 теңге, нан 132 теңге, сүттің ең арзаны 192 теңге болды. 

Маусым айында тамақ өнімдерінің бағасы сәл реттелген сыңай танытты.  Жылдық өсіммен көрсетіш алдыңғы айлармен салыстырғанда төмендеп, 7,3% болды. Алайда жекелеген өнімдерде қымбаттау жалғасты. Мысалы, базарларда картоп, сәбіз, пияз жылдық өсіммен алғанда сәйкесінше 21,3%, 18,8% және 16%-ға қымбаттаған. Ет өнімдері айлық өсіммен алғанда қой еті  2,2%, сиыр еті  1,9%, жылқы еті 1,5%-ға өскен. Сарапшылардың пікірінше маусымда бағаның жылдық өсіммен төмендеуіне себеп карантин шараларының жеңілдетіліп, халықтың жұмысқа шығуы себеп. 

Ал шілдеде бағаның өсуі жалғасып, жылдық мөлшермен +11,3%-ды құрады. Бұл айда қант пен жемістен басқаның бәрінің бағасы өскен. Халық жиі тұтатынатын жарма 383 теңге, күріш 375 тенге болды. Сүт өнімдерінен - сүт 263 теңге, айран  306 теңге, сүзбе 1 646 теңгеге жетті.  Жеміс 21,3%, қой еті  11,8%, ұн 11%, нан 3,8% -ға өскен. 

Бұл деректердің барлығы статистика комитеті таратқан ресми ақпарат. Арасында әлеуметтік маңызды азық түрлері де кездеседі. Алайда Сауда және интеграция министрлігі шілде айында әлеуметтік маңызды азық түрлері соңғы үш айда өскен жоқ, қалыпты деп мәлімдеді. 

Әйтсе де азық-түліктің қымбаттауы тек Қазақстанда байқалып отырған жоқ. 2020 жылы әлемнің барлық елінде баға өсті. Алайда Дүниежүзілік Валюта қоры сәуір айында биыл оның бағасы орташа есеппен 2,6% төмендейтінін мәлімдеді. Себебі сұраныс азаяды, оған кірістің төмендеуі, сонымен қатар елдер арасындағы тасымалдың қиындауы себеп. Ал инфляция қызмет ақысының өсуінен артады деген болжам жасайды. Алайда бұған қарамастан соңғы екі айда әлемде азық бағасының өскені байқалды. Бұл туралы БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы хабарлады.  Шілде айында өсім 94,2 пунктке жоғарлаған. 

Сарапшылар алдағы уақытта да баға өседі деп болжайды. Ұлттық банктің инфлиция болжамын өзгерту себебінің бірі де осы. Карантин жалғасуда. Шектеулер алынбады. Ішкі өндірушілер толық күшінде жұмыс істей алып отырған жоқ. Шетелдік экономикада да өзгерістер байқалады. Тауар жеткізу өткен жылдармен салыстырғанда төмендеген. Бұл азық-түлік бағасына да әсер етері анық. 

Құралай Құдайберген 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу